ӘлеуметБасты ақпарат

Масылдық мұратқа жеткізбейді



«Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылық, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам». Сенатор Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол!» атты мақаласында қоғамдағы өзекті мәселеге осылай назар аудартады.

Рас, тіленшектік пиғылымыз бар. Өтірік емес. Бүгінде бұл қасиет байға да, кедейге де ортақ. Байлар мешітке барып қайыр сұрамаса да, Үкімет ұсынған жеңілдіктерді алуға асығады. Кеше Президент Үкімет отырысында субсидия мұқтаж адамдарға жетпей жатыр дегені дәлел болады. Мұны масылдық демей не дейміз?!

Бірде халықты жұмыспен қамту орталығының маманымен пікірлес болдық. Ортақ әңгіме атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде өрбіді.

– Әкімнің тапсырмасына сай, атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында болған заң бұзушылықтың алдын алу және қаржының мақсатты берілуіне талдау жасау жөнінде жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмысы жүргізілді. Сөйтіп, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағдайын көруді жоспарладық. Сенесіз бе, көрсетілген мекенжайлар бойынша зәулім үйлерге бардық. Коттедж иесінен атаулы әлеуметтік көмекті не мақсатта жаратып отырғанын сұрадық. Отағасы білмейтін болып шықты. Сөйтсе, әйелі құжат дайындап, таныстары арқылы өткізіп жібергені анықталды. Қазір алған қаржыны өтеуде, – деп әңгіменің ұшын қылтитты ол.

Қазір «Не берсе де қайырымен берсін!» дейтін қазақ қайда, «алсам, ала берсем!» деген пиғыл басым болып тұр. Мейлі субсидия болсын, мейлі қайтарымсыз грант болсын, әйтеуір Үкіметтен жеңілдікпен келетін қаржыны белден басып қалуға тырысатын адамдар көбейді. Тіпті Астана қаласында бір шаңырақтың астында тұратын мемлекеттік және бюджеттік сала мамандары арасында заңды түрде ажырасқандары да бар. Ерлі-зайыпты бірге тұрады, бірақ формальді түрде ажырасып алған. Өйткені жалғыз­басты ананың тұрғын үйді алуға мүмкіндігі мол, екінші жағынан, бала-шағасына жәрдемақыны тағы алады.

Қазақ қоғамындағы үлкен проблеманың бірі – масылдық. Масылдықты кеселге балайтын әлеуметтанушылар да бар. Енді бірі мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратуды алға тартады. Жалпы, масылдық дегеніміз не? Жұмысқа құлқы жоқ, біреу­дің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді дұрыс санайтын психологиялық түсінікті жатқызады. Ондайлар көп пе? Ол жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен қазақ қоғамын тұңғиыққа батыратын кеселдің біріне айналды.

Осындайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өскелең ұрпақ масылдық ниет пен бос сөзден арылып, еңбек етудің маңызын түсінуі керек дегені ойға түседі.

Әлеуметтанушылар біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар әсіресе нарық заңдылығына негізделген қоғамда айқын байқалатынын айтады. Адамның еңбекке деген қабілет-қарымы, ынта-жігері төмендігінен оның еңбегіне деген сұраныс азайып, нәтижесінде сенімсіздік пайда болады. Оның арты «масылдық психологиясына» әкеледі.

Қоғам белсенділерін сөзге тартып, масылдық тақырыбын өзек еттік. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қап көтеріп, құрылыс істеп, сауданың көркін қыздырып, отбасын асырап жүрген ерлер аз емес. Алайда пікірлестердің көбі еңбек бәсекесінде қабілетіміз төмен екенін мойындады.

Менің бір арманшыл көршім бар. Ауызбен үй тұрғызады, қымбат көлік алады, іргелі шаруашылық құрып, ауылдастарын жұмыспен қамтиды. Сөзбен бәрін қатырады. Бір жылы арманын қалқан етіп жалға жер алды. Сөйтіп қауын, қарбыз екті. Бақша дақылдары мерзімінде пісті. Қырсыққанда, өткізетін жер таппады. Қауын далада ағып кетті. Көршім осыған әкімдікті бір кінәлады, саудагерді бір кінәлады. Алайда өзінің жігерсіздігін, бәсекеге қабілетсіздігін мойындағысы келмеді. Бүгінде арман кемесіне мініп, әлі қиялдап жүр…

Кәсіпкерлер сенімді жұмысшыны көп іздейді. Жаңабек Тұрғанбаев есімді кәсіпкер Facebook-тегі аккаунтыма жарнама шығаруымды өтінді. Мақсаты – жұмысшы табу.

Ол адамдардың пиғылына таңғалып:

– Бір әйел қаржылай демеу көрсетуімді сұрап келді. Бердім. Арада бірнеше ай өткенде тағы келді.

Оған:

– Күйеуің бар ма? – дедім.

– Бар, – деді.

– Онда маған жұмысқа келсін. 140-150 мың теңге жалақы төлеймін, – дедім.

– Ол грузчиктің жұмысын істеуге намыстанады. Ақша бересіз бе, әлде кете берейін бе? – деп жауап қатты.

Екі жасқа толмаған баласымен келгендіктен, қолына тағы ақша ұстаттым. Одан кейін әлгі әйел маған қайтып келген емес, – деп болған оқиғаны айтты.

Бүгінде шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Егер сенімге кірсе, кәсіпкерлер оның әлеуметтік жағдайын шешіп беруге де дайын. Оған мысал да көп.

Шүкір, тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында түзу заманда өмір сүрудеміз. ХХ ғасырдың қасіретіне көз салсаңыз – алапат аштықтан азшылыққа ұшырап, тарих бетінен жойылып кетуге шақ қалдық, қуғын-сүргінде асылымыздан айырылып, ескексіз қалған кеменің күйін кештік, ал соғыста қаншама ердің демі үзіліп, ұлттық мінезден айырылдық. Қаламгер Нұртөре Жүсіп айтқандай, сонда да ертеңгі күннен үмітін үзбеді. Ұрпақ үшін өмір сүрді.

Бізге дәл қазір жетпей жатқаны – ұрпақтың қамын ойлау, ертеңге сену. Сонда ісіміз оңалады. Қысқасы, масылдық мұратқа жеткізер жол емес. Осыны түсінейік!

P.S: Мемлекет басшысы халыққа мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білу қажеттігін жиі айта бастады. Расында да, кім шын мұқтаж, ал кім масыл екенін анықтау қиынға айналды. Жалпы масылдық психологиясы – елді орға жығатын жол. Содан сақ болайық!


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button