Мәдениет

Мереке мерейі



Конституция күнін астаналықтар биыл да ерекше атап өтті. Мерекеде қаламызда көптеген әлеуметтік маңызды мәдени және спорттық іс-шара өткізілді. Қала аумағында өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралар Астана қаласының бірнеше жерінде аталып өтілді.

«Арбаттағы» айрықша кеш

Елордалықтар Кенесары ханға арналған ескерткіштің жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргіншілер жолымен қыдырып, Есілдің жағалауын­дағы Амфитеатрда өткен концертті тамашалады. Қазақстандық эстрада жұлдыздары өз әндерін орындады.  Жалпы, жаяу жүргіншілер жолы мен өзеннің жағалауында екі ортада жүретін адам қатары қалың болды. Мұнда, әсіресе, кешкісін қала тұрғындары мен жастар жаяу жүреді. Музыкалық аспаптармен ән айтып, би билеген елордалықтарды, қолөнер бұйымдарын, зергерлік бұйымдарды ұсынғандарды да жиі кездестіруге болады.

Қолөнершілердің теріден, киізден, саз балшықтан және ағаштан жасаған бірегей бұйым­дарын көріп, тамашалау ерекше әсер береді. Арбат аумағында патриоттық әндердің караоке кешінде елордалықтар танымал әндерді орындап, көңіл көтерді. Мерекелік іс-шаралар жаяу жүргіншіге айрықша сезім сыйлады. Билеп, жадырап музыка тыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары үшін бұл күн нағыз мерекеге айналды.

EXPO алаңындағы концерт

EXPO іскерлік орталығы алаңы – елордалықтар көп баратын көрнекті демалыс орындарының бірі. Бұл жерде ұйымдастырылатын шараларды тамашалауға халық та  көп жиналады. Конституция күнінде «The Spirit of Astana» халықаралық заманауи ­этникалық музыка фестивалі өткізілді. ­Ұйымдастырушысы ­– Астана қалалық Мәдениет басқармасы мен «Креативті индустрияларды дамыту орталығы». Концертте отандық, шетелдік танымал әншілер мен  музыканттар өнер көрсетті. Кеште би билеп, ән айтқан танымал музыканттардың өнеріне елордалықтар мен қала қонақтары ду шапалақтап, қошемет көрсетіп тұрды.

Конституция күніне арналған мерекелік концерт «Көктал» шағын ауданындағы Қорғалжын саябағында да өтті. Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы ұлттық аспаптармен халықтық музыканы паш етіп,  концерттік бағдарламалар  ұйымдастырса,  саябақта тағы да түрлі спорттық іс-шаралар өткізілді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button