Мәдениет

Олжалы оралды



Елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпаздары өнер байқауларынан олжалы оралды. «Шалқыма» халық биі ансамблінің бишісі Айсұлу Мұратқалиева Атырауда өткен Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақованың мерейлі 75 жасына арналған «Өнербаян өрнегі» атты ІІІ республикалық әлем ұлттарының би байқауында бірінші орынды иеленсе, «Эстрадалық вокал» бөлімінің әншісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақбота Құснадин «Түркістан дауысы-2023» республикалық жас орындау­шылар байқауының лауреаты атанды.

Айсұлу Мұратқалиева – талантты да талапты биші. Ж.Елебеков атындағы рес­публикалық эстрада-цирк колледжінде оқып, «Халық биі әртісі» мамандығын алды. Биыл Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясына қабылданғанына 10 жыл болды. Осыдан бес жыл бұрын, «Шабыт-2018» ХХІ халық­аралық шығармашыл жастар фестивалінде «Хореография» аталымында да бірінші орынды жеңіп алған еді. 2019 жылы «Би дауысы» атты І республикалық би фестивалінде «Халық биі» және «Заманауи би» аталымдарында ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Ал Атырау сахнасында ауған биін билеп, Гүлжан Талпақованың өзі бастаған қазылар алқасы мен көрермендерді тәнті етті.

Ақботаның астаналық филармонияға қабылданғанына төрт жыл болды. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинова сыныбында оқып, оқу орнын үздік дипломмен аяқтады. Бала жасынан республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, көбінесе жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтқанда, «Бозторғай» балалар байқауында бас жүлде, «Дельфий ойындарында» және композитор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановтың І республикалық «Қазақ қызы» байқауында, XXXIII респуб­ликалық орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленді. Грузияның Поти қаласында өткен «Фазиси» халық­аралық байқауында Қазақстанның на­мысын қорғап, гран-приді алды. Ал белгілі әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөке­новтің 60 жылдығына арналған «Отан – Ана» республикалық әншілер конкурсында бас жүлдені жеңіп алды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button