Әлеумет

Сағынышқа айналған ақын



Жақында елордадағы ­Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектепте Алаштың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналған «Сағыныш» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Кешке Парижден келген ақынның қызы, Т.Айбергеновтің артына қалдырған рухани байлығын жас ұрпаққа, қоғамға насихаттап жүрген Айнар Төлегенқызы Айбергенова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, өмірден ерте кеткен ақынның мол мұрасын насихаттаушылардың бірі, ардагер-ұстаз Оспан қажы Сүлейменұлы, Төлеген Айбергеновтің мемориалдық музейінің негізін қалаушы, ақын өлеңдеріне бірнеше ән жазған композитор Ерсайын Нарымбаев қатысты.

Кеш қонақтары ақынның мемориалдық музейін аралап, соңғы жетістіктерімен танысты. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын тамашалап, музейдің басшысы Гауһар Жүсіпованың жетекшілігімен шыққан «Мектеп хабаршысы» журналының тұсауын кесті. Одан әрі мәжіліс залында жалғасқан жылы шырайлы жүздесуде оқушылар қонақтарға өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, Т.Айбергеновтің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді қызығып, тыңдады. Әкесінің өлең-жырларын шабыттана оқыған Айнар Төлегенқызының қазақ поэзиясына, өшпес өлеңдерімен сағынышқа айналған ақын-әкесіне деген ғажайып сүйіспеншілігіне, құрметіне таңдай қағысты.

Әсерлі кештің екінші бөлімінде мектептің талантты да талапты оқушылары Төлеген Айбергеновтің отты, рухты өлеңдерін мәнерлеп оқып, мәңгілік жыр­ға деген бала жүректердегі махаббатты, қызығушылықты шынайы сезімдерімен жеткізді. 7 «А» сыныбының оқушысы Аида Нұрғали Т.Айбергеновтің өлеңіне жазылған әнші-композитор Роза Әлқожаның «Атамекен» әнін шырқады. Соңғы жылдары мектептің әнұранына айналған әсем әнге кеш қонақтары мен қатысушылары орындарынан тік тұрып, айрықша құрмет көрсетті.

Әдеби-музыкалық кештің үшінші бөлімі білім ұясының ауласында тал егумен жалғасты. Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектептің директоры, ақын мұрасының нағыз жанашыры Сәуле Мыңшалқызы Әзімханованың бастамасымен мектеп ауласында «Айбергенов аллеясы» ашылды. Кешке куә болған құрметті қонақтар, мектеп әкімшілігінің қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар аллеяға алғашқы шырша ағаштарын екті. Сағынышқа айналған ақынның тұлғасын дәріптеу мен ұрпаққа аманат етіп қалдырған мұрасын насихаттауды мұрат еткен жып-жылы рәуіштегі кездесу осылай аяқталды.

Бұл мектептегі қуаныштың бірі биыл тұңғыш рет қазақ сыныптарының түлектері оқуын аяқтап, өмірге жолдама алады.

Гауһар ЖҮСІПОВА,

Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп директорының орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button