Су тапшылығын азайтады
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2023/04/9909719f-0a0a-49fc-bbc4-849e21f921d8-e1682099323462-780x470.jpg)
Астана қаласы мәслихатының депутаттары сорғы-сүзгі станциясының (3-ССС) құрылыс барысымен танысты. Мәслихат депутаттарымен бірге сенатор Бибігүл Жексенбай да құрылыс алаңына барып, нысанның жай-күйін көзбен көріп, жұмысшылармен тілдесті.
Нысанды аралау барысында депутаттар өз ұсынысын айтып, құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Бүгінгі таңда сорғы-сүзгі станциясының құрылысы 85 пайызға аяқталған. Бұл станция биыл жазда салынып бітіп, қыркүйек айында пайдалануға берілсе, Есіл және Алматы аудандарын толық сумен қамтамасыз етеді.
Елордада халық саны өскенмен, бар болғаны екі су сорғы станциясы жұмыс істейді. Жаңадан салынып жатқан үйлер көбейген сайын су тапшылығы туындап отырғаны мәлім. Қазір қолда бар құрылғылардың мүмкіндігі елордалықтарды тіршілік нәрімен толық қамтамасыз етуге жетпейді. Сол себепті де «Астана су арнасы» су қысымын азайтып, амалдап отыр. Мамандар мәселе үшінші сорғы-сүзгі станциясы қолданысқа берілгенде шешіледі деп сендіруде. 2021 жылдан бері салынып жатқан нысан биыл жазда іске қосылуы тиіс. №3 су сорғы-сүзгі станциясы Алматы ауданындағы Интернационал тұрғын үй алабы маңында салынып жатыр. Станцияның қуаттылығы – тәулігіне 305 мың текше метр. Тапшылықты жою үшін тағы 30 мың текше метр су керек. Бұл станция су тапшылығын жояды.
Салынып жатқан үшінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысы тамызда толығымен аяқталады деп сендірді мәслихат депутаттарын станцияны салып жатқан мердігер компания өкілдері. Бірінші кезең мамырдың аяғында немесе маусымның басында аяқталады. Жаңа сорғы-сүзгі станциясы күніне қосымша 100 мың текше метр су береді. Бұл станция су көзін Вячеслав су қоймасынан алады. Аталған су қоймасының мүмкіндігі таусылып жатыр. Сондықтан Сәтпаев каналынан су жүретін құбыр тартылуы мүмкін. Мәслихат депутаттары станцияның құрылыс барысын бақылауда ұстап, мұнда жиі келіп тұратын болып келісті.
Аяулым Алтынбек