Мәдениет

Тілдер мерекесінің тартуы



5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыны ескерген ел Үкіметі 2017 жылы осы күнді Қазақстан халқы тілдері күні етіп бекітті. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тілдер мерекесін бір ай бойы өткізеді. Тиісті шаралар бүгін «Қаламгерлер» аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Тағзым шарасына ақын-жазушылар, қала жұртшылығы, мұғалімдер, студенттер, мектеп оқушылары қатысады. Сондай-ақ бүгін қала мекемелерінде Тілдер күніне арналған апталық басталып, оның аясында ашық сабақтар, семинарлар, дөңгелек үстел отырыстары, түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Аталған апталық балабақшалар мен мектептерде, мәдениет, медицина, спорт бағытындағы және басқа да мемлекеттік мекемелерде өтеді.

Жалпы елордада Қазақстан халқы тілдері күніне арналған негізгі онға тарта шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде көрнекті тұлғалардың даналық сөздерінен аудиоматериалдар дайындалып, 5 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктерде орналастырылады. Қала саябақтары мен автобустарда викториналық ойындар ұйымдастырылып, жекеменшік көліктерге патриоттық жазбалар, бейнелер қондырылады. Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдығына орай жас ақындардың қатысуымен поэзия кеші, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Сіз қазақ тілін білесіз бе?» викторинасы ұйымдастырылады. Астана қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында «Қазақша Quiz» интеллектуалды сайысы өтеді. Астана қаласындағы жас отбасылар арасында салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар бойынша сайыс ұйымдастырылады.

Көрнекті жазушы-драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің 90 жас мерейтойы жақындап қалды. Осыған орай, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы 22 қыркүйек күні Тілдер мерекесі аясында қаламгер мерейтойына арналған «Толғауы тоқсан Тарази» атты әдеби кеш өткізеді.

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button