Басты ақпаратҚала мен Сала

Тәуекелге бел буғандар



Елордада әйнектен салынған биік ғимараттардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Солардың сыртын шаңнан тазалап, терезесін жарқыратып жуатын өндірістік альпинистермен жүздесудің сәті түсе бермейтіні белгілі. Жақында «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде еңбек етіп жүрген осындай ерекше кәсіп иелерін кездейсоқ кездестіріп қалдық. Мүмкіндікті пайдаланып, «өрмекші» жігіттерді әңгімеге тарттық.

Қиындығы мен қаупі қатар жүретін мамандықты меңгергендердің бесеуі де өзіміздің қаракөздер екен. Ішім жылып сала берді. Арнайы тапсырыспен  келгендерін айтқан «Айсұлтан» жеке меншік кәсіпорынның жетекшісі Серік Қаратаев ерекше кәсіптің қыр-сырымен бөлісті.

– Өндірістік альпинизм – қауіп-қатерге толы кәсіп. Соған қарамастан бұл мамандықты таңдаушылар көп. Осы іспен айналысып жүргенімізге екі жылға жуықтады. Бүгінде биік ғимараттардың қасбетін тазалап, терезе жуумен бірге терезе, желдеткіш орнату, шатырды қардан тазалау, қасбетін сырлап, әсемдеу де біздің мойнымызда. Жыл он екі ай бойы жұмыс істейміз. Жалақымыз әр маусымға байланысты құбылып тұрады. Мәселен, жазда тапсырыс көп түседі. Ал қыстың уақытында жұмыс азаяды. Бұл салада жеңіл және ауыр жарақат алатындар көп. Оның негізгі себебі – қауіпсіздік шарасын сақтамау. Бастысы, биіктіктен қорықпау керек, – деді Серік Қаратаев.

Шындығында, биіктен қорықпағандардың бәрі бірдей бұл жұмысты игеріп кете алмайды. Тек жауапкершілікті жақсы түсініп, қауіпсіздік шараларын, техникалық талаптарды қатал сақтағандар ғана шын «альпинист» бола алады.

Елімізде жаңа дамып келе жатқан жас кәсіпке қызығатындар аз емес. Солардың бірі – астаналық Жандос Қадыралиев. Ол 2016 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Жасы 29-да. Алғашқы еңбек жолын ЭКСПО аумағындағы «шарда» бастаған жігіт еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтап, үстіндегі киім мен жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарын талапқа сай, уақытылы ауыстырып отыратындығын, осындай қарапайым ережелерді дағдыға айналғандыруының арқасында жарақат алмай аман жүргенін айтты.

– Бала күнімнен адамға адреналин сыйлайтын істерді жақсы көремін. Сондықтан болар, үнемі спортпен айналысамын. Қаладағы биік ғимараттың қасбетін жуатын альпинистерді көргенде қызығатынмын. Сөйтіп өзім де өндірістегі альпинист болу үшін Алматыда арнайы дайындық курсынан өтіп, сертификат алғаннан кейін осы мамандық бойынша жұмысқа орналастым. Содан бері міне алты жыл өтті, осы салада қызмет етіп келемін. Жұмыс уақытымыз таңғы 9-да басталып, кешкі сағат 7-ге дейін жалғасады. Қазір төрт қабатты ғимараттың терезелерін жууға кіріскелі тұрмыз. Біздің мамандық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және асқан жауапкершілікті талап етеді, – деді Жандос Қадыралиев.

Биіктіктен қорықпайтын жігіт Астананы барлық қырынан тамашалай алатынын, құс ұшар биіктіктен кейде таңның қалай атқанын, кейде күннің қалай батқанын қызықтайтынын, сол әдемілікке көз тастаған сайын керемет күйге бөленіп, өз жұмысынан ләззат алатынын жасырмады. Ал мұндай сезімді санаулы мамандық иелері ғана бастан өткеретінін ескерсек, жігіттердің жұмысы қауіпті ғана емес, ерлікпен пара-пар. Ендеше, биікке өрлеген, елі мен жерінің ертеңі үшін намысты бермеген қазақтың қайсар қырандары қай салада да алдыңғы саптан көріне берсін! Әр күн сайын бастарын қаперге тігіп, тәуекелге бел буатын батырларымыз аман болып, Астананың ажарлана түсуіне атсалыса берсе екен дейміз.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button