Мәдениет

Қорқыт атаның мазары қандай болған?



Шет елдердегі архивте сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттармен толық­тыруға бағытталған «Архив-2025» жобасы – ауқымды әрі маңызды жобаның бірі.

Ғалымдардан құ­рылған экспедициялар алыс-жақын шет елдердегі архивтер мен кітапханаларда зерттеу-­іздестіру жұмысын жүргізіп келеді. Сондай сәтті іс-сапардың бірі 2022 жылдың тамыз айында Башқұртстанның Уфа қаласында жалғасты.

Башқұртстанның ұлттық музейі, ұлттық кітапханасы мен ұлттық архив қорлары бойынша ауқымды ғылыми-­ізденіс жұмысы жүргізіліп, құнды ақпараттар жинақталды. Ұлттық музей қорының сирек кітаптар бөлімінен XIX-XX ғасырдағы араб, шағатай және көне түркі тілінде жазылған құнды қолжазбалар мен сирек кездесетін Қазақстан тарихына қатысты құжаттар мен кітаптарды анықтады. Орынбор мен Уфада шығып тұрған «Ислам», «Религия и жизнь», «Шора», «Знание», «Мағлұмат», «Башқұрт аймағы» атты түркі халықтарына ортақ әдеби-тарихи басылымдардағы сол кезеңдегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер мен деректер жарияланған кезекті нөмірінің көшірмесі алынды. Ал Башқұртстан архивінен Орынбор әскери губернаторы, Орынбор губерниясына қатысты оқу-ағарту ісі қоры бойынша маңызды құжаттардың көшірмесі жинақталды. Ұлттық кітапхана қорындағы ғылыми-ізденіс жұмысы барысында қазақ халқының өткен тарихына қатысты аса құнды құжаттар мен деректерге кез болдық. 1907 жылы Қазан қаласындағы И.Ермолаевтың баспаханасында көне көне түркі тілінде басылған «Қазақ әхуалы» атты еңбек құнды саналды. Онда XVIII ғасырдағы қазақ ұлтының тұрмысы, әдет-ғұрпы туралы қамтылған. Одан бөлек, Көлбай Тоғысыновтың «Надандық құрбаны» атты 3 бөлімнен тұратын (1915 жылы жазылып, Уфада қадим емлесінде жарық көрген) пьесасының көшірмесі алынды.

Біздің қолымызға түскен құнды еңбектің бірі – Скайлер Юджиннің «Түркістан тарихы және саяхат жазбалары». 1873 жылы Евгений Шулер есімімен белгілі болған америкалық зерттеушінің сапары Санкт-­Петербургте басталады. Одан әрі Орынбор арқылы Перовский фортына келеді. Сосын Ташкент пен Самарқанд, Бұхараға өтеді. Сегіз айға созылған саяхаттан Сібір мен Орал арқылы Санкт-Петербургқа оралады. Нәтижесінде 1876 жылы Түркістан саяхатынан алған әсерлері негізінде ағылшын тілінде күнделік еңбегін жазады. Автор осы саяхатында қазақтардың әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілігіне қатысты құнды мәліметтер береді.

Автор түркі халықтарына ортақ тарихи тұлға – Қорқыт атаға қатысты деректерді келтіре отырып, Қорқыт ата мазарының (1876 жылғы) бейнесін кескіндейді. 1925 жылдан Қорқыт ата мазары опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен.

Гүлсім БИСЕНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button