Қоғам

Үндінің емес, қобыздың үні – нағыз медитация



Қазір әлеуметтік желіде не көп? Сізді өзгертіп, жаңа адам етіп шығарамын дейтін псевдопсихологтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олар сізді өмірдегі қиындықтардан шығаруға, бала кезден қалған жан ­жараңыздан арылуға көмектесіп, табысты адам етемін деп уәдені үйіп төгеді. Алайда олардың көбі біздің болмысымызға жат Батыс психологиясын сіңіруде. Осы ретте қазіргі психологтардың қызметін ұлттық психологиямен астастыру жағы және басқа да әлеуметтік психологтар мәселесі туралы елордалық кәсіби психолог, Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі, «Жан дүнием» кітабының авторы Балжан ҚАНАПИЯЕВАМЕН шағын сұхбат құрған едік.

– Қазіргі психологтар Батыс психологиясын дәріптеп, ұлттық рухани болмысымыздан ада етіп жатқан жоқ па?

– Қазақ халқының өзінің керемет этнопсихологиясы бар. Туғаннан бастап өмірден өткенге дейінгі салт-дәстүрі, ұлттық ойындары, аспаптары, терме, жыр-дастандары – тұнып тұрған психология. Тіпті сөздің төркінін жеткізуі, оны мақал-мәтелмен көркемдеп беруі де адамға ой салады. Батыстың бодан болған эго-психологиясын насихаттап жүрген кей са­уатсыз психологтар қаншама отбасын құрдымға жіберді. Біздің халықтың психология­лық мінезі – қоңыр, сабырлы, жан дүниесі лирикаға жақын, еркін ойлай білетін болмыс. Дала психологиясы адамының аяғына тұсау сала алмайсың. Өзіміздің тұнып тұрған бай психологиямыз­ды неге насихаттамасқа?! Әл-Фарабидің психологиясын оқымай жатып Батысқа көз тастаймыз. Біз ешқашан да Батыс бола алмаймыз. Өзіне тән географиялық, психологиялық аймағына байланысты ғұмыр кешіп жүрген қазаққа медитация неге керек? Қазіргі желідегі психологтар айтып жүрген «НЛП, расстановка, регрессия» дегендер қажет емес. Қазақтың бір ауыз сөзінде зіл жатыр – «Жақсы сөз – жан азығы». Біздің халық – жақсылыққа сенетін халық, тіпті қонақ күту салтының өзін әлемді шарласаңыз да таба алмайсыз. Келген қонақтың жағдайын жасап, «құдайы қонақ» деп жақсы ықыласпен, сый-сияпатпен шығарып салудың өзінде үлкен мән жатыр. Қазір медитация деп үндінің үнімен жанына шипа іздеп жүрген жандар көп. Қасиетті қобыздың үні – адам жанына шипа, нағыз медитация. Арт-терапия деп жүргеніңіз – біздің ою-өрнегіміз, әдемі ақ кимешектің өзі – философия, бұрын ақ кимешекті әже көрсек қасиетті адам көргендей именетін едік. Сол әженің жанына отыру үшін таласатын едік. Ғажап пәлсапаға толы қазағымның психологиясын ешқандай халықтың психологиясымен салыстыруға келмейді.

– Психологияны жеке кәсіп етіп ашып алғандардан бөлек, әлеуметтік психологтардың қандай мәселелерін атап айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда Қазақстанның кез келген аймағында амбулаториялық, аудандық, қалалық жерде психология­лық қызмет көрсету тетігі іске қосылған. Алайда олар, өз қызметінен бөлек, тіркеу бөлімінің де, салауатты өмір салтын насихаттау жұмысын да, тіпті әкімдіктің де тапсыр­маларын орындап жүр. Бұл психологтың өзіне берілген жұмыс стандарты бойынша заңсыз. Психолог – шығармашыл тұлға. Алайда бізде әлі күнге дейін психологтың кабинет мәселесі шешілмеген, келген пациентке сапалы әрі жайлы жағдай жасау үшін кабинет стандарттарға сай көрнекі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Басқа мемлекеттерде психологтың мемлекет аясындағы мәртебесі заңмен қорғалған. Оларға жағдай жасалған. Бізде қарапайым басшылық психологтың кабинетінің өзін дұрыс жасақтауға мүмкіндік бермейді. Өзім ауылдық жердегі амбулаторияда жұмыс істегенде, басшылықтың өзі құлақ аспады. Олардың қызметі консультативтік аймақ, диагностикалық аймақ деп бөлінеді. Сапа менедж­ментіне сәйкес, психолог өзіне жүктелген тапсырманы осы аймақ іске қосылғанда толықтай орындай алады. Психологиялық, психотерапиялық білімін жетілдіруге арналған курстардың өзін өз қалтасынан ақша шығарып оқиды. Өздеріңіз білетіндей, бұл білім өте қымбат тұрады. Мемлекет тарапынан осындай курстарды оқытуға ақша бөлген дұрыс. Мысалы, маған келетін пациенттердің басым көпшілігі жан жарақатымен келеді. Осындай жағдайда психологтың өзінде травма-терапиядан өткен біліктілігі болуы қажет. Біз адам жанын емдейміз, өзіміздегі жарақатты пациентке бермеуіміз қажет. Қазір психолог мамандығын сырттай оқып алып, жұмыс істеп жүрген қанша адамды көріп жүрмін. Ол қалай төрт жыл сырттай ғана оқып, құр теориямен адам емдейді? Өзіңіз ойлаңызшы, жылап келген, зорлық-зомбылық көрген пациентке қалай көмек береді? Осы мәселені Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі қолға алғаны дұрыс.

– Бүгінде оқушылар арасында кибербуллинг арқылы оқушыларды қорқыту, ­суицид мәселесі өршіп тұр. Осының алдын алу жолдары қандай?

– Біздің елде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, бұғанасы қатпаған баладан бастап зардап шеккен қазақ әйелдерін күнде көрем десем болады. Демек, елімізде зорлық-зомбылықтан күн сайын емес, минут сайын зардап шегушілер артып келеді. Көп пациенттер бәрі жасырын қалғанын қалайды, яғни кү­йеуін заң жүзінде жазалауға қорқады. Осындай қорқау қасқырдың күйін кешкен бала мен ананың тағдыры қалай болмақ? Мұндай жағдайда көмекке келетін психолог қана. Дамыған мемлекеттерде психологтың қызметін жоғары бағалайды. Біздің мемлекетімізде емханада жұмыс істейтін психологтың орташа жалақысы 111900 теңгеден басталады. Көршілес Украина­да орташа жалақы – 14000 грн. Германияда университетті аяқтаған, жұмыс тәжірибесі жоқ психологтың жалақысы – 3600 еуро. Америкада олардың жалақысы 9200 долларды құрайды. Бізде де психологтың сапалы қызмет көрсетуі үшін мемлекеттен қолдау болса, әріптестерімнің де жағдайы жақсарар еді. Ойран болған отбасын аман алып қалған мықты әріптестерім жетерлік. Бұл мамандық ел ішінде өркендеуі үшін ЖОО-да ғылыми психологияның мықты мамандары оқытуы шарт. Қазақ тілінде жарық көретін ғылыми психологиялық, медициналық психологиядағы әдістемелік құралдар сирек. Біздің оқып жүргеніміз – Американың орыс тіліне аударылған әдістері. Әр елдің өзіне тән әдістемелік нұсқасы болады. Әсіресе клиникалық бағытта жазылған психологиялық еңбектер жоқ.

– Мектептегі балалардың қатыгездігін қалай тоқтатуға болады?

– Бірінші кезекте ата-ана баласының психологиялық жағдайынан хабардар болғаны дұрыс. Аптасына бір рет болсын баламен бірге диалог жүргізген абзал. Балаңыз телефоннан не көріп, кіммен сөйлесіп жүр? Сағат нешеде ұйықтайды? Бос уақытын қалай өткізеді? Соны біліп отырған дұрыс. Баланың телефонын жұлып алып күш көрсету арқылы білудің керегі шамалы. Қайта жылы сөйлесу арқылы баланың жүрегіне жол таба білген жөн. Ана бүкіл жауапкершілікті өзі арқаламауы керек. Әкесінің бала үшін атқаратын әкелік міндеті болғаны жөн. Баланың қателіктерін бетіне басып жазғыру емес, қолдау арқылы әр жексенбі сайын баласымен бірге диалог жүргізу – ең жақсы қадамның бірі. Мектептегі тәрбие ісінің атқарар қызметі де оқушы үшін маңызды, үгіт-насихат жұмыстарынан бөлек, мектеп психологтары оқушылармен топтық терапия, ойын терапиясын жүргізгені дұрыс.

– Шетелде отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес тәжірибесі қалай?

– Осыдан 10-15 жыл бұрын әлем халқы СПИД дертінен қатты зардап шекті. Тіпті мектептің өзінде «СПИД-ке жол жоқ!» деп ашық профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Театрға оқушылар, ұстаздар, ата-аналар шақырылып, психодрамалық көріністер көрсетілді. Нәтижесі де оң болды. Шетелде зорлық-зомбылыққа қарсы шықпайды, алдын алу шаралары ашық түрде жүргізіледі. Балабақша, мектеп, колледж, ЖОО-да психологтар қарқынды жұмыс жүргізеді. Оларды оқыту курс­тарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Жоғары жалақы алған соң олар тек жеңді түріп қойып жұмыс істейді. Әр отбасының өзінің психологы бар, кез келген жағдайда хабарласып көмек алуға болады. Психолог олар үшін бір үйдің адамындай болып кеткен. Отбасындағы кикілжің туындағанда жылы жауып қоймайды, шешуге талпынады, психологиялық ұсыныстың арқасында ата-ана мен бала қайта қауышады. Ата-ана баласының алдында айна екенін ұмытпауы тиіс. Маған ата-аналар: «Балам сөз тыңдамайды, сөйлеспейді» деп жиі шағымданады. Сол кезде мен бірден «Сіздің өзіңіздің психологиялық жай-күйіңіз балаға әсер етеді» деп айтамын. Сол арқылы анасының өзі психологтың қабылдауына жазылып келеді. Отбасының атмосферасы тікелей ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасынан бастау алады, бала ананың жылуын, әкенің қолдауын сезінгенде ғана өзін қауіпсіз сезінеді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button