Руханият

Астаналық саяхатшының арманы



Әлемнің 72 елін аралаған елордалық саяхатшы, блогер Яков Федоровтың жиһанкездігі 2011 жылы әуелі Қазақстан қалаларын аралаудан басталған. Блогерлікке де сол жылы кірісті. Туған жерінің ой мен қырын тегіс аралап, өз Отанының ең көрнекі жерлері туралы блог жүргізді. Осылайша өз елін жете таныту арқылы қазақстандықтарды біріктіру деген ұлы миссияны алдына қойды. Кейін достарымен бірге өзі сияқты ел азаматтарына қазақ тілін үйретудің оңтайлы жолын ұсыну үшін «Менің елім – менің тілім» қозғалысын құрды.

12 жылдық саяхатшылық өмірінде ол планетамыздың ең танымал орындарынан бастап ешкім естімеген ең бір ­қуыс-қуысындағы шалғай жерлеріне дейін аралаған. Енді қазір әлемнің қай нүктесіне барса да travel-блогерді бәрі танып, әсіресе қазақстандық жерлестері қазақы қонақжайлылықпен құрметтеп қарсы алып жатады. Сондықтан Яков алдыңнан құшақ жая қарсы алатын жерлестерің бар жер бетіндегі кез келген қала ыстық, жайлы, бұрыннан таныс мекенге айналады деп санайды.

– Мәселен, Лос-Анджелеске келгенімді әлеуметтік желідегі суреттерім арқылы көріп, білген бойда сонда бірі оқуда, бірі іссапарда жүрген немесе сол қалада тұратын жерлестер маған бірден хабарласады. Кез келген қала сондағы адамдардың пейілі арқылы тартымды бола түседі. Сол тартымдылық «өзіміздікілерді» көрген бетте артып, жат қаланы тосырқау, белгісіздік жоғалады. Қай жерге барсам да қазақстандықтарды тауып аламын. Тіпті Африкада – Руандада, Кенияда да жерлестеріміз бар. Олар маған жол көрсетіп, ең көрнекі орындарды аралатқызады, – дейді блогер-саяхатшы.

Шетелмен салыстырған жөн бе?

Бізде қит етсе болды кез келген проблеманы шетелдегі өмір сүру деңгейімен салыстыратындар көп. Ал шындығында кез келген елдің өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Бір елге турист болып барғанда, сол елдің ең керемет жерлерін ғана көресің, ал көлеңкелі жақтарына бармайсың. Сондықтан өзгелермен салыстыра отырып, өз еліңді төмен санау дұрыс емес. Осындай пікірдегі Яков саяхатшы барған елі мен Қазақстанның айырмашылығын емес, көбіне ұқсастықтарын көп айтып, насихаттайды. Себебі ұқсастықтар адамдарды біріктіреді.

– Біз бірде жабайы Эфиопия тайпаларының арасында болдық. Олармен аудармашы арқылы сөйлестік. Олардың бірі маған: «Сіз біздерді жабайы, өркениеттен жұрдай деп санайсыздар ғой. Мысалы, менің ұлым үйлену үшін өгіздердің арқасында шалқалай жалаңаш жатып, үш рет жүгіріп шығуы керек, соның өзі бізді жабайы деуге жеткілікті. Алайда біздің мақсатымыз – болашақ ұрпағымызға ата-бабадан келе жатқан өз жолымыз бен дәстүрімізді үйретіп кету» деді. Олар қатал дәстүрімен балаларын қатал өмірге дайындайды. Африканың Руанда деген еліне ұшып келгенде коронавируспен ауырып қалып, карантинге жабылдым. Бұл елді қазір африкалық Сингапур деп атайды. Швейцариядан да таза, тұмса табиғатының сұлулығы бұзылмаған ел. Жергілікті тұрғындар өзін ғана емес, айналасындағыларды да ойлап тұрады. Орталық базардың маңынан бірде-бір қоқыс таппайыз. Мінсіз тазалық сақталған, алайда қалада бірде-бір қоқыс жәшігі жоқ, – дейді ол.

Қазақ тілін ортақ тілге айналдыру

Яков қазақ тілін үйренуде қолданыстағы әдістердің тиімсіздігін түсінеді. Себебі ол әдістерде орыс тілділер тіл үйрену барысында кезігетін маңызды мәселелер қарастырылмайды. Сөйтіп ол өзі сияқты мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер үшін «Менің елім – менің тілім» қозғалысын құрады.

– Ауылға бірнеше ай барып тұрсаң, қазақша тез үйреніп кетесің деген стереотип бар. Алайда бұл соншалықты дұрыс тұжырым емес. Қазақ тілін жетік білетіндерден тілді қалай меңгеруге болатынын сұрасаң, олар тілді түйсікпен үйренуге болады дейді. Алайда мен қазақ тілді ортада өспегендіктен, олай үйрене алмаймын. Сондықтан маған тілдің логикасын түсіндірген жөн, – дейді Яков. Осылайша өзі сияқтылармен бірге қазақ тілін кеңінен насихаттауға көшкен ол тілді тез үйрену жолдарын да зерттеді. Қазақ тілді ортаға араласып, қазақша сөйлеуге талпынды.

– Мен қазақша үйрене бас­тағанда ғаламторда қазіргідей түрлі қаптаған курстар, әдістер болған жоқ. Кішкентай балалар басында тыңдап, сосын сөйлей бастайды ғой. Мен де солай көп тыңдай бердім. Сөйтіп сөздік қорым толыға бастады. Достарым да талпынысымды байқап, көп көмектесті. Қазақша газеттерді жиі оқып, терминдермен таныс болғанмен, күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым сөздерді білмейді екенмін. Қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, орыс тілінің грамматикасын білмей-ақ қасыңдағы адамға ойыңды жеткізуге болады. Ал қазақ тілінде бұл жағы қиындау, грамматика негіздерін білуің керек. Алдымен досым, филолог, оқытушы, қазақ тілін жетік біліп алған Владислав Тен екеуміз бейнекурстар жаздық. Қазақ тіліне деген сұраныстың артқанын байқадық. Тілді қоғамды біріктіретін фактор ретінде қалыптастыруды көздедік, – дейді тіл жанашыры.

Жақында олар «Жастар рухы» жастар қанатымен бірге Астанада «Сөйле!» деп аталатын қазақ тілінде сөйлеу клубын ашты, артынан сондай клубтарды Қазақстанның 12 қаласында ашып, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге тегін қызмет көрсетуде. Клуб жұмысы волонтерлер қызметі арқылы жүргізіледі. Тілді жетік білетін барлық еріктілер шақырылады, клубта олар оқытушылыққа дайындалады. Мұнда қазақша сөйлеуден қысылатындарды күлкіге айналдырмай, керісінше, қатты қолдау көрсетіледі.

– Мәселен, Америка Штаттарына барсаңыз, әрбір бесінші адам сіздің ағылшыншаңызда акцент қатты байқалып тұрса да, сізді мақтап, көкке көтереді. Талпынысыңызды қолдайды. Біздің клубтың да мақсаты сол, тіл білуге тырысқандарға барынша қолдау көрсету. Қазір клубтарымызда тіл үйренгісі келетін жастар да, зейнеткерлер де көбейіп келеді. Жастарға тіл үйрену оңай, ал өмір бойы өзге тілде сөйлеп келген ересектер жағына тіл сындыру қиындау тиеді. Астанадағы клубты 17 жастағы студент қыз жүргізеді. Жас та болса мықты филологтардан білімі кем емес. Клубтарға 16 жастан жоғары барлық азамат келе алады. Бүкіл қалалардағы топтарымыз қазақ театрларына барады. Театрға бару арқылы да тілдің құнарын санаға сіңіре бересің, әсіресе қазақ тілі сияқты ең бай тілді солай үйренуге болады. Осылайша біз қазақ тілін үйретудің айналасында өзге де құндылықтарымызды дәріптеп жүрміз, – дейді Яков Федоров.

Халықаралық туризм этникалық ерекшеліктерге қарай құрылады. Шетелдіктер Қазақстанға зәулім ғимараттарды көру үшін емес, бірінші кезекте ұлттық өнер мен мәдениетімізді қызықтап, тамашалау үшін келеді. Сондықтан блогер-саяхатшы Қазақстанға келген әрбір турист осы елдің тілі мен дәстүрін құрметтеп, сыйлап тұратындай жағдай жасауымыз керек деп санайды. Ол үшін Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеріп, туған жерінің қадіріне алдымен өзі жетуі тиіс.

 Наиля АБДУХАЛИКОВА




Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button