Басты ақпаратБілім

Ауыл баласы мегаполисте оқи ала ма?



Бұрындары ауыл мен қала балаларындағы білім сапасында айырмашылық бола бермейтін. Аудан орталықтары мен үлкен қалаларда интернаттар болатын. Қазір билікте мемлекеттік қызметте отырғандар арасында кешегі кеңес жүйесі кезінде білім алған дарындылар бар. Олар елдік мәселесіне келгенде ұлт мүддесін қозғап, ашық, өткір пікір қалдыра алатын тұлғалар екені рас. Әрине, оқу жүйесі, білім стандарты бірдей болғанмен, қазір орта білім алуға қатысты қала балаларына жасалған мүмкіндік ауыл балаларында бар деп айта алмаймыз. Қашықтан оқу әдісі де дами қойған жоқ, өйткені олар қажетті интернетке жете алмай отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты айтқан сөзінде «Ауыл мен қала балаларының білім деңгейінде алшақтық болмауы керек. Тұрғылықты мекенжайы мен ата-анасының әлеуметтік статусына қарамастан, барлық балаға сапалы білім қолжетімді болуы керек» деген еді.

Еліміздің республикалық маңызы бар қалаларында, өңірлер орталықтарында дарынды балалар оқитын Назарбаев зияткерлік мектептері, білім-инновация лицейлері, республикалық физика-математика мектептері, «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернаттары бар. Білім беру ұйымдары, меншік нысаны мен ведомстволық нысанға, оқыту тіліне қарамастан, «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына» сәйкес білім береді.

Ойландырған деректер

Ел бойынша 90 лицейдің 7-еуі (лицейлердің жалпы санының 8 пайызы) және 120 гимназия­ның 17-сі (гимназия­лардың жалпы санының 14 пайызы) ғана ауылдағы елді мекендерде орналасқан.

Кең жолақты интернеттің болмауына байланысты ауылдық мектеп оқушыларының цифрлы білім беру ресурсына қолжетімділігі шектеулі. Ауылдық мектептердің үштен бірінде (1364 мектеп) интернет жылдамдығы 2 Мбит/с-тан төмен, ал ауылдық мектептердің көпшілігі интернет желісіне 4 Мбит/с жылдамдықпен қосылған.

Оқу жабдықтарымен жеткіліксіз жарақтандыру және ауылдық мектептердегі білім беру мүмкіндіктерінің төмен деңгейі оқушыларға сапалы білім беруге теріс әсер етеді. Мысалы, PISA зерттеуіне сенсек, оқу сауаты бойынша ауыл мектептері қала мектептерінен 38 ұпайға, жаратылыс­тану ғылымдары бойынша 32 ұпайға, математика бойынша 22 ұпайға төмен.

Мұғалімдердің әдістемелік құзыреті мен ауыл мектептері оқушыларының пәндік білімінің жеткіліксіздігінен олардың мамандандырылған мектептерге (НЗМ, РФММ, БИЛ, «Дарын» мектебі және т. б.) түсу көрсеткіші де төмен. Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, соңғы үш жылда ауыл оқушыларының тек 0,2 пайызы  еліміздің мамандандырылған мектептеріне түрлі бағыт бойынша оқуға түскен.

Мектеп базасының нашарлығынан Назарбаев университетіне түскен ауыл түлектері де саусақпен санарлық. Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, үш жыл ішінде (2020-2022 жылдар) Назарбаев университетіне ауыл мектептерінен 54 бала оқуға түскен.

Қазіргі уақытта ауылдық квота бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясы тек 1 кандидатқа ғана берілді.

Соңғы үш жылда бакалавриат бағдарламасы бойынша әлемнің 16 мемлекетінен бөлінген үкіметаралық 429 білім беру гранты иегерлерінің арасында ауыл мектептерінің түлектері мүлдем жоқ.

Мұның бәрі ауыл балаларының дайындық деңгейінің төмен, ауыл мен қала мектептеріндегі оқу процесінің негізгі сипаттамасындағы дифференциацияның айғағы. Жабдық­талу деңгейінің нашарлығы, шағын жинақты сыныптар, кәсіби білігі төмен педагогтар, интернеттің баяу­лығы ауыл мектептерінде сапалы білім алуға кедергі келтіреді.

«Ауыл» партиясы ауыл балаларын қолдайды

Міне, осы мәселелер бойынша «Ауыл» халықтық-демократия­лық, патриоттық партиясы жуырда Астанада өткізген дөңгелек үстелде өзекті тақырып жан-жақты қаралып, талқылау­лар нәтижесінде ұсынымдар жобасы қабылданды. Басты мақсат – ауыл оқушыларының республикалық және өңірлік деңгейдегі мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға түсуі үшін қосымша онлайн білім беру мен дайындық курсының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлеу, ауыл мектептеріндегі оқушылардың тереңдетілген білім беру ұйымын таңдаудағы мүмкіндігін кеңейту арқылы олардың жалпы білім алудағы жетістігін жақсарту.

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов басқосудың маңызына тоқталып, ауыл оқушыларының тереңдетілген білім беретін оқу ұйымдарына түсуі үшін дайындық курсының қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ «ауыл мектептерінде білім беру сапасын арттырып, ауылдық жерлердегі оқушыларға заманауи мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашу үшін білім беру саласындағы мемлекеттік, жекеменшік және қоғамдық ұйымдарды жұмылдыру керек. Цифрлы технологиялар дамып, білім беру модельдері көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, өзін-өзі оқытудың, онлайн-платформалардың небір жаңашыл әдістемелері жарыққа шығып жатқан уақытта ауыл оқушылары тағы да жаңалық атаулыдан мақұрым қалмақ па? Білім беру жүйесіндегі бұл теңсіздік қашанға дейін жалғаса бермек?!» деген пікірін білдірді.

Қала баласы мен ауыл баласын салыстырсақ…

Ауыл баласымен салыстыр­ғанда, қала баласы біліммен бәсекеге түсуді аздап меңгеріп қалды. Алайда олардың көбі қара жұмысқа жоқ, еңбекке икемсіз, шаруаға қыры жоқ. Ата-ананың әлеуметтік жағда­йына қарай спорт үйірмелері мен өзге де қосымша сабаққа қатысатындары уақытты тиімді пайдалануға дағдыланып келеді. Патриоттық тәрбие беруде ата-ана көбіне мектепке иек артқанмен, қала балалары сабақтан тыс жұмыстарға, яки қоғамдық жұмыстарға кеткен уақытты аса тиімді деп есептемейді. Жапон мектептерінде тазалықшы (уборщица) штаты жоқ екен. Сынып пен мектеп ішінің тазалығына оқушылар өздері жауапты. Жапондар осы арқылы оқушыларды еңбекке баулып, өзі оқитын мектепті таза ұстау­ға әдеттендіреді. «Тәрбие деген – жақсы әдет» дейтін қағиданы басшылыққа алатын олар бастауыш сыныпта балалардың білімінен бұрын этикалық әдетін тәрбиелеуге күш салады. Бұл орайда біздің үйренеріміз әлі де көп. Бұл мәселеде қалалық, аудандық білім басқармалары тек айтулы тұлғалардың мерей­тойлық шараларымен ғана шектелмей, оқушыларды нақты еңбекке бейімдеу жолын қолға алса игі еді. Әзірге ауылдағы балаларға білімнің маңызын, қала балаларына еңбектің маңызын үйретуден артта қалып келеміз.

– Жалпы оқушыға берілетін білімнің мазмұны ортақ. Мұндағы басты мәселе ұстаздың іс-тәжірибесі, сабақты оқыту методикасына байланысты. Екіншіден, әр пәннің ерекше­лігіне сай оқу кабинетінің жабдық­талуы. Үшіншіден, маман­дардың оқу-әдістемелік құрал­дарды жетік меңгеруі.

Ауыл мектептеріндегі басты проблема – оқу кабинеттерінің қазіргі заманға сай қамтамасыз етілмей отырғаны. Ақпараттандыру жағдайында пән мұғалімдерінің пән бойынша ақпаратты табу мен өңдеуді жетік меңгергені тиімді, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім институты жаратылыстану-математика білім зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шолпан Шүйіншина.

Ауыл мектебінің проблемасын шешу үшін электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі құрылған. Онда білім беру ұйымдарының порталы, ұлттық білім беру деректер қоры, ішкі корпоративтік қор, электрондық кітапхана, білім беру ұйымын басқару жүйесі бар. Электрондық оқытудың бұл ақпараттық жүйесін e.edu.kz сайтынан көруге болады.

Кеңес Одағы тұсында ауыл балаларына арналған қосымша білім беру жүйесі жақсы дамыды. Сабақтан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру қазір пәндік үйірмелер арқылы жүзеге асады. Бірақ заманға сай қамтамасыз етілмегендіктен балаларды қызықтыру қиын, оқушылардың бос уақытын толық қамтамасыз етуге, жекелеген пәндерді терең оқуға мүмкіндік бермейді.

– Қала баласының ауыл баласына қарағанда білім алуға, оның ішінде тіл үйренуде мүмкіндігі көп. Мектептен бөлек, тіл оқыту орталығына барады, репетитор жалдайды. Ал репетиторлар кімдер? Ағылшын тілін еркін меңгерген, шет елде білім алған жастар. Ондай мамандарды, мәселен ағылшын тілі мамандығы бойынша үздік дипломы бар немесе магистр дәрежесін алғандарды ауылға барғыза алмасымыз анық. Ендеше ауыл баласын қала баласының білімімен қалай теңестіре аламыз? Ол үшін қашықтан оқытуды қолға алуымыз қажет сияқты, – дейді Назарбаев университетінің доценті Лаура Дәуренбекова.

Ауыл мектептеріндегі басты проблема – оқу кабинеттерінің қазіргі заманға сай қамтамасыз етілмей отырғаны. Ақпараттандыру жағдайында пән мұғалімдерінің пән бойынша ақпаратты табу мен өңдеуді жетік меңгергені тиімді


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button