Басты ақпаратМәселе

Баспана нарығы: Баға және болжам



Қазір Астана қаласы әкімдігінде ресми мәлімет бо­йынша тұрғын үйге мұқтаж 48 мың адам кезекте тұр. Бас қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ баспанаға мұқтаждар саны азаймайды. Азаймақ түгіл, жылдан-жылға өсіп бара жатыр. Өйткені өз бетінше сатып алуға тұрғын үй бағасы қымбат, көптеген адамның қалтасы көтермейді.

Әліптің артын бағуда

Халықтың едәуір бөлігі кезекке тұрып, тұрғын үй қорынан пәтер алуға үміттенеді. Дегенмен кейін­гі кезде қайталама нарықтағы үй бағасы арзандай бастағаны туралы да ақпарат тарай бастады. Мәселен, өткен айдағы көрсеткішке қарағанда, елордада пәтердің әр шаршы метрінің құны 1,8 пайызға төмендеп, 484 мың теңгеге дейін арзандапты. «Тұрғын үй нарығындағы мұндай тенденция 2015 жылдан бері алғаш рет байқалып отыр» дейді сарапшылар.

Пәтер бағасының аспандап кетуінің бірнеше себебі бар. Солардың ең негізгісі – жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның белгіленген мөлшерін, шектен асқанын тұрғын үй сатып алуға рұқсат беру. Осыдан кейін-ақ баспана бағасы көтеріліп, дүрбелең басталды да кетті. Құрылыс компанияларының айы оңынан туды. Еліміздегі делдалдар қауымдас­тығы президентінің кеңесшісі Берік Аманжанның айтуынша, 2020 жылға дейін Қазақстанда 23 мыңға тарта сату-сатып алу мәмілесі жасалса, 2021 жылы зейнетақы қорының жеткілікті шегі ақшасын алғаннан кейінгі тұрғын үйлерді сату-сатып алу мәмілесі айына 35 мыңнан асып жығылыпты.

«Одан кейінгі үш айда 65 мыңға дейін көтерілген. Тіпті жылдың аяғында БЖЗҚ-дан берілетін ақшаның есебінен үй сатып алушылар легі 95 мыңға жетіп, Үкімет шектік мөлшерді үш есеге дейін көтеруге мәжбүр болды. Әсіресе бұл кезде тұрғын үй нарығындағы қарқын Алматы мен Астана қалаларында айқын байқалды» деп есіне алады Берік Нұрұлы.

Сарапшылардың пікірінше, қазір жаңа үйлерге де, қайталама нарық­тағы пәтерлерге де баға шамамен 0,7 пайыз арзандап отыр. Мұның астарында адамдардың кейінгі кезде сатып алу қабілетінің төмендеуі жатқан сияқты.

Қоғам белсендісі, қаржыгер ­Тұрсынхан Смағұлова өткен айда Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер іздеп, ірі үш құрылыс компаниясына хабарласқанын айтады.

– Бірден жеңілдіктер мен өткізілетін мерзімді акция туралы сұрап, сату бөліміне хабарластым. Бұрын алыпсатарлар оларды алдын ала оннан, жиырмадан сатып алатын. Қазір кез келген тұрғын үй кешенінде бір бөлмелі пәтерлер қанша алсаңыз да бар екен.

Жыл басынан бастап 1 млн 215 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. ­Жалпы жыл соңына де­йін үш мил­лион шаршы метр­ден көп тұрғын үй салу жос­парланып отыр

Акцияға келетін болсақ, қолма-­қол ақшаға пәтер бағасының 20 пайызы шегеріледі. Сосын пәтер құнын бөліп төлеуге де болады екен. Тек бастапқы жарнасы – 20 пайызды төлесеңіз, қалғанын үй пайдалануға берілгенше төлеуіңізге рұқсат беріледі.

Жасыратыны жоқ, қазір адамдарда басы артық қаржы болыңқырамай, қиындау болып тұрған мезгілде мұндай жеңілдіктер құптарлық жай екені белгілі. Алайда бұрынғыдай жапа-тармағай пәтер сатып алып жатқан адамды көрмейсіз. Көпшілігі бағаның арзандауын күтіп, ақшасын депозитте ұстап отырған тәрізді, – дейді қаржыгер.

Алыпсатарлық тәсіл

Тұрғын үй нарығында кейінгі кезде айқын байқалып тұрған тағы бір жағдай – баспана алыпсатарларының азаюы. Бұрын Астанада болсын, Алматыда болсын, жаңадан салына бастаған үйлердің іргетасы қалана бастағанда-ақ «флиппер» деп аталып кеткен қулар тоғыз, он, он екі қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтерлерді түгел кіреберісімен сатып алатын да, кейбіріне жөндеу жүргізіп, кейбірін жартылай дайын күйінде көтеріңкі бағаға қайта сатып жіберетін.

Құрылысшы Елдана Нұрбергеннің айтуынша, бұл тұрғыда алыпсатардың төрт түрі бар екен. Біріншісі «маклер» деп аталады. Олар – көбіне басқа елде тұратындар. Осында қалған адамдарын қаржыландырып, тұрғын үй бизнесімен айналысады. Екіншілері – өз еліміздегі олигархтар. 20-30, кейде тіпті 80 пәтерге дейін іргетасы құйылмай тұрып сатып алып, үй салынып біткенде қайта сатады. Баспана алыпсатарларының үшінші түрі бар. Олар – «сиам егіздері», құрылыс салушылардың өз адамдары. Ішіне бірден еврожөндеу жұмысын жүргізіп, дайын пәтерлерді елден бұрын сатып отырады. Ал төртінші алыпсатарлар – заңсыз жолмен келген ақшасын үнемі пәтер бизнесіне салып, жасырын бизнес жүргізетін өзіміздің шенеуніктер.

«Бұл – күнделікті өмірде көріп жүрген ақиқат жайлар. Мұны жұрттың бәрі біледі. Алайда нарық экономикасы кезінде мұндай алыпсатарлық кәсіпкерлік деңге­йінде ұғынылып, ешкім ештеңе дей алмайды. Әйтпесе үйлер Астана мен Алматыда көптеп салынып жатыр. Бірақ соны алуға қарапа­йым халықтың қалтасы көтермейді. Өйткені жаңағы алпауыттар нарықтағы сұранысты қолдан жасап отыр» дейді Елдана Нұрберген.

Құны құлдырамайды

Астана мен Алматыда тұрғын үй қай кезде де үлкен сұранысқа ие. Салынып жатқан үйлер өтіп жатыр. Бірақ құрылысшылар әлеуметтік бағдарламаларға разы емес. «Тиімді бағамен сатқан соң мемлекет бізге қолдау көрсетсін» деп талай рет ұсыныс түсірді. Алайда бұл қазіргі жағдайда мүмкін емес сияқты.

«Сондықтан нарықтан «әлсіздер» шығып қалып жатыр. Әрине, белгілі бір уақытқа баспана бағасы арзандауы мүмкін, бірақ құны жаппай құлдырамайды». Бұл – сарапшы Айдар Мүбәрәктің пікірі.

– Бізде қазір 60-70 пайыз мәміле ипотекалық кредиттің арқасында өтіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, коммерциялық банктердің пайыз мөлшерлемесі адам шошитындай. Бұл жерде тек «Отбасы банкі» ғана қолжетімді. Оның өзінде де осы жылдың 15 мамырынан бастап олар жаңа ереже енгізді. Пәтер іздеушілерге айтарым, нарықтағы тұрғын үй бағасын үнемі бақылауда ұстап отыру қажет. Кейде құрылыс салушылар аяқ астынан жеңілдік ұсынып, акция жариялайтыны бар. Міне, сондайға тап болсаңыз, арзандау бағаға үй алып қалуыңыз әбден мүмкін, – деді сарапшы.

«Ал былай қаншама ақпарат таратқанмен, баспанаға баға айтарлықтай арзандамайды. Неге десеңіз, қазір құрылыс алаңында тек өзіне сенімді, іс жүзінде шыңдалған құрылысшылар қалды. Олар – ірі ойыншылар. Сондықтан олар қандай тәсілмен болса да өз саласында бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге тырысады. Баға қатты арзандап, мемлекеттің халыққа тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік бағдарламалар арқылы қыруар қаржы бөлуі өздері үшін тиімсіз екенін олар анық түсінді. Сондықтан Астана мен Алматы, Шымкентте құрылыс қарқыны төмендемейді. Соған сәйкес баға да тұрақты болады» дейді ол.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button