Қоғам

Басты басымдықтар айқындалды



– Елімізде шешімін күтетін мәселе көбейіп кетті. Сондықтан Президенттің жаңа Жолдауын көптеген ел тұрғыны асыға күтті. Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің құрамына кіретін мен және менің әріптестерім үшін Мемлекет басшысының Үкіметке ағымдағы демографиялық үрдістерді бәсеке­лестік артықшылықтарға айналдыру міндетін белгілеу туралы шешімі жағымды жаңалық болды.

Бүгінгі таңда министрлер кабинетінің ғана емес, барлық ата-ананың да басымдығы бақытты және қауіпсіз балалық шақ болуы керек. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жиілеп барады. Президент осыған қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырды. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығының маңызын атап өтті. Бұл – бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің тиімді бағдарламасын әзірлеу және тағы басқа тапсырмалар. Аталған мәселелер қалалық мәслихат отырыстарында көтеріліп, жауапты мемлекеттік мекемелерге жеткізілді.

Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу бойынша жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша шешім қабылдауды ұсынды. Бұл, менің ойымша, салмақты шешім. Салық төлеушілер, соның ішінде көптеген кәсіпкер үшін де Жолдауда жағымды жаңалық айтылды. Фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшудің бір мақсаты бар – бұл жазалау емес, ескерту. Тағы бір қадам – салық есептілігінің нысанын 30 пайызға қысқарту. Менің ойымша, ең бастысы, Президенттің өскелең ұрпақтың болашағы үшін бастамасы – балаларды 5 жастан бастап қамтитын және мемлекеттен бастапқы капиталды, мемлекеттік сыйлықақыны жыл сайын төлеуді және инвестициялық табысты көздейтін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу. Бұл біздің балаларымызға қаржылық қолдау бола ма? Әрине, болады. Өйткені жинақталған қаражат білім алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, Жолдауда айтылған барлық міндет 3 жыл ішінде шешілуі тиіс.

Салтанат ЖЕНАЛАЕВА,

Астана қаласы

мәслихатының депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button