Елорда тынысы

Бас жоспардың басымдығы



Елорданың қоғамдық кеңесі Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарының жобасын мақұлдады.

«Астана бас жоспары» жобалау институтының қабыр­ғасында өткен қоғамдық талқылау екі сағаттан астам уақытқа созылды. Қарапайым тұрғындар әлеуметтік нысандармен, мектептермен және балабақшалармен қамтамасыз ету және шет аймақтарды дамыту, Қорғалжын тас жолының бойындағы газбен жабдықтау және көшеттерді жою мәселелері, сондай-ақ азаматтық қорғаныс, көпірлер салу, туннельді кәріз, нүктелі құрылыс, жеке тұрған мемлекеттік балабақшалар салу жөніндегі бюджеттік ­бағдарламаның болмауы туралы және т. б. көкейкесті ұсыныс-тілегін жеткізді.

Қоғамдық талқылау барысында көтерілген қызықты мәселелердің бірі халық саны туралы болды. Бұл ретте «елордадағы халық санын жоғары көрсеткіштерге дейін арттыру қажет пе?» деген сұрақ қызу талқыланды. Қазір Астанада Қазақстан халқының 7%-дан астамы тұрады. Мысалы, Токиода Жапония халқының 11%-ы, Парижде Франция халқының 3,3%-ы, Анкарада Түркия халқының ­6,8%-ы, Лондонда Ұлыбритания халқының 13,4%-ы, Мәскеуде Ресей халқының 9%-ы тұрады. Қоғамдық кеңестің мүшелері, әсіресе көші-қон процестері есебінен халық санының өсуіне ұмтылудың қажеті жоқ деген Бас жоспардың ұстанымын қолдайды. Қазақстанның барлық өңірі кез келген жерде лайықты өмір сүруге, жұмыс істеуге, білім алуға, сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беру үшін теңгерімді дамуға тиіс. Елордаға көшіп келушілердің қатарын көбейтпей-ақ, ауылдық аумақтарды, шағын және орта қалаларды дамыту қажет.

Қоғамдық кеңес мүшелері Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарының жобасын тұжырымдамалық қала құрылысы құжаты ретінде қабылдау және бекіту қажеттігін атап өтті. Бұл құжат жобалаудың одан әрі кезеңдері, барлық бағдарлама әкімшілерінің жұмысы, тіршілікті қамтамасыз ету, әлеуметтік және мәдени инфрақұрылым объектілерін салу, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, абаттандыру және көгалдандыру үшін бюджеттік өтінімдерді дайындауға негіз болады.

Талқылау қорытындысы бойынша елорданың қоғамдық кеңесінің мүшелері тұрғындар тарапынан айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарының жобасын тұтастай мақұлдауды ұсынды.

Қоғамдық кеңестің жұмысына қала басқармаларының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button