Ел тынысы

Бұл бір тарихи күн



1997 жылғы 10 желтоқсан. Бұл – Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана қаласының тарихындағы ерекше күннің бірі.

Осыдан 25 жыл бұрын дәл осы күні қаланың орталық алаңында салтанатты жиын өтіп, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгіннен бастап Ақмола қаласы – Қазақстанның жаңа астанасы» деп жариялаған еді. Осылайша, елдің астанасын көшіру бастамасы ресми түрде жүзеге асырыла бастады.

Осы күннен бастап тек қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Сарыарқаның сары аязы шытынап тұрса да, қаланың орталық алаңына жиналған ел-жұрттың жүзінен қуа­ныштың лебі сезіліп тұрды. Алаң ортасында орнатылған еңселі мінбердің айналасына қала жұртшылығы ағылып келіп жатты. Осы сәтте мен де сол кездегі «Ақмола ақиқаты» аталатын, бүгінгі «Astana aqshamy» газетінің тапсырмасымен ертелетіп алаңда болған едім.

Президенттің сол кездегі ордасынан, яғни, бүгінгі елорда әкімдігі ғимаратынан Мемлекет басшысы бастаған Парламент және Үкімет мүшелері, жаңа елорданың басшылығы мінберге көтерілді. Осы бір сәтте Республикалық ұланның оркестрі асқақ әуенді бастап жіберді. Ер тұлғалы жауынгерлер көк байрақты желбіретіп, елтаңба мен Президент штандартын көтеріп шықты. Елдіктің осы үш символын ұстаған айбынды сарбаздар алаңның дәл ортасына жетіп тоқтаған сәтте әнұранымыз жаңа елордамыздың аспанында асқақтап сала берді. Жүрек тұсына қолын қойып әнұранды айтқан  жұрт толқып та, марқайып та тұрды.

Осы салтанаттың барысында есте қалған бір көрініс – ақмолалық ақсақалдардың Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа астананың символдық кілтін табыстап, жаңа астананың есігі айқара ашылғандай әсерде болдық. Соғыс пен еңбектің бейнеті мен зейнетін қатар көрген Мұқат ­Мейірманов пен Нұрғожа Оразов бастаған бір топ қария елордаға айналған қаланың болашағының баянды болуына тілек айтып, бата берді.

Құдайға шүкір, кезінде біреу­ге жалған болған, біреуге арман болған Астана бүгінгі таңда төрткүл дүние таныған әсем шаһарға айналды. Ширек ғасырдан бері Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болып тұр.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button