Дұрыс тамақтану мәдениеті
Бас қалада «Салауатты тамақтану мектебі» білім беру бағдарламасының 10 жылдығына арналған «Салауатты ұрпақты тәрбиелейміз» атты бірінші республикалық конференция өтті.
Іс-шараға еліміздің білім басқармаларының өкілдері мен педагогтар қатысты. Конференцияны ұйымдастырушылардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы. Жиын барысында орталық «Салауатты тамақтану мектебі» білім беру бағдарламасының жұмысымен таныстырды. Конференция аясында бағдарламаны іске асырудың жаңа білім беру құралы – балаларды салауатты өмір салты негіздеріне оқытудың цифрлық курсы ұсынылды. Оның арқасында бағдарлама бүкіл республиканың мектептеріне қолжетімді болады.
«Дені сау оқушыны тәрбиелеу – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан бастауыш сыныптарда балалардың дұрыс тамақтануының маңызы туралы білім мен идеяларды жүйелі түрде алу үшін оқу-тәрбие процесін құру өте маңызды. Бұл бағытта бізде тиімді құрал – «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасы бар. Аталмыш бағдарлама 2013 жылдан бастап енгізілді. Ол бастауыш сынып оқушыларына арналған, өйткені дәл осы жаста мінез-құлықтың барлық нормасы, күн тәртібі мен тамақтану тәртібі белгіленеді, – деп атап өтті Әдістемелік орталық басшысы Сындар Дәуешова.
Әдістемелік орталық өкілдерінің сөзінше, қалада халықаралық зерттеулер бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Онда респонденттердің 80 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан әртүрлі ауруға шалдығатынын жеткізді. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде ата-аналардың 70 пайызы балалардың тамақтануға қатысты көзқарасы өзгергенін айтты. Негізінен, бұл жоба 2017 жылы Астана қаласының мектептеріне енгізілді. Осы уақытқа дейін 29 мектепте бұл бағдарлама оқытылды. Келесі оқу жылында 40-тан аса мектеп қатысады деп жоспарланып отыр.