Басты ақпаратДенсаулық

Елорданың ең ірі емханасы



Қаланың оңтүстік жағалауындағы 92 мың халыққа медициналық көмек көрсететін №6 қалалық емхана – елордадағы ең ірі 3 емдеу мекеменің бірі. Құрылғанына биыл 10 жыл толған емхана халық денсаулығын сақтауда дәрігерге дейінгі, амбулаториялық-емханалық, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек береді.

Ғимараты өзге емханаларға қарағанда еңселі мекеменің биыл кіреберісі мен ішіне жөндеу жүргізіліп, пандустары жаңартылғаны бірден байқалады. Бұл – денсаулық сақтау басқармасы арқылы жоспарлы түрде бюджеттен қаржы бөлгізіп атқарылған жұмыс нәтижесі. Бастысы, кірген кезде бұрынғыдай сүреңсіз қабырғаларымен еңсені баспайды, жарық аппақ залда күтіп отыру ыңғайлы. Емхана директорының өзі азаматтарды қабылдаудан босамай жатқандықтан, оның емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Есжан Қалиев жұмыс жайынан мәлімет берді. Бүгінде құрамы 16 бөлімше мен 1 күндізгі стационардан тұратын емханада 532 медперсонал еңбек етеді. Олардың 169-ы дәрігерлер болса, орта медперсонал саны – 285 адам және кіші медицина қызметкерлері – 22 адам.

– Әр бөлімшеде өз ісінің білгірлері жұмыс істейді, көбінің жұмыс тәжірибесі мол. Олардың ішінде медицина ғылымдарының кандидаттары, біліктілігі жоғары және бірінші санатты дәрігерлер бар. Жыл сайын олардың қатары жас мамандармен толығып отырады. Біздің емханаға тіркелген 92 мың тұрғынның 56 мыңы ересек адамдар болса, 36 мыңы – балалар. Сонымен қатар 24 мың мектеп жасындағы балаларды да қараймыз, олар осы аумақтағы 13 мектепте білім алады, – дейді Е.Қалиев.

Қызмет түріндегі ерекшелігі қандай?

Емханадағы қызмет түрлерін хирургиялық бөлімшесінде қан тамырларының кеңеюі­не қарсы ота жасалатыны ерекшелейді. Сонымен қатар оңалту және қайта қалпына келтіре емдеу бөлімшесінде ем 3 кезеңге бөлініп жүргізіледі, соның арқасында пациенттер заманауи физиоаппараттардың көмегімен денсаулығын қалпына келтіреді. Сонымен қатар осы бөлімшеде тұзды шахта қызметі де науқастарға тегін түрде көрсетіледі. Ал балаларға мамандандырылған көмек көрсету бөлімшесінде шала туған балаларды емдеуге арналған катамнез кабинеті ашылған. Сондай-ақ гинекология бөлімшесінде құрсақтағы баланың жүрек соғысы бойынша оның жағдайына баға беретін заманауи тәсіл кардио­токография жұмыс істейді.

Неге салалық дәрігерге тіке қарала алмаймыз?

Емханада, әлеуметтік желіде болсын көпшілік жиі қоятын осы сауалды аталған мекеменің медицина мамандарына қойдық. Ақпарат алуға барғанда кіреберістегі ресепшн қызметкерлеріне бір пациент осы мәселені айтып, реніш білдіріп тұрды. Айтуынша, таңнан бері өз терапевтіне әзер кіріп, ол салалық дәрігер, яғни ЛОР маманына жіберген. Оны зорға күтіп, кірсе, алдын ала жазылмайынша қабылдай алмайтынын айтқан. Осылайша бар уақытымды екі есіктің арасында өткіздім деген пациентке ресепшндегі жас қыздар мардымды жа­уап айта алмай, әлгі пациент әкімдікке шағымданамын деп кетіп қалды.

– Салалық дәрігер маманға қаралмас бұрын алдымен жалпы практикадағы дәрігерлер пациентті қарап, денсаулық жағдайын анықтайды. Егер оның мәселесін өз деңгейінде шеше алатындай жағдайда болса, салалық маманға қаралудың қажеті болмай қалады. Өйткені көп ретте пациенттер өз ауруын теріс бағалауы немесе мәселен, жүрегі ауырса оның себебі кардиохирургияда емес, невро­логияда жатуы мүмкін. Сондықтан терапевт пациент диагнозын нақты дұрыс қойғаннан кейін ғана тиісті маманға жолдама береді. Бұл салалық дәрігердің артық уақытын алмай, емді нағыз қажет ететін адамдардың уақыт жағынан мүмкіндігін шектемей алуына ықпал етеді, – дейді емхана директорының орынбасары.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» клубына шақырады

№6 емхананың тағы бір ерекшелігі – мұнда зейнет жасындағы белсенді пациенттер «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубына келіп, денсаулығын нығайта алады. Дәрігерлердің айтуынша, емханаға тіркелген егде жастағы тұрғындар осы клуб жұмыстары шеңберінде аптасына үш рет тегін йогаға келеді. Сонымен қатар олар бір аптада екі рет скандинав жүрісі бойынша сауықтыру іс-шарасына қатысады.

– Алпыстан асқан мұндай пациенттер көбіне медициналық көмектен гөрі, көңіл бөлуді аса қажет етеді. Мұнда келіп, бір-бірімен қауқылдасып, түрлі іс-шараларға қатысып, көңілі көтеріліп қалады. Олар содан қуат алады. Өздерінің ватсап чатта топтары бар, сонда оларға қашан, қайда, не өтетіні хабарланып отырады. Мәселен, Скандинав жүрісі бойынша емханада арнайы таяқтар алынған, сонымен қарттарымыз қасымызда тиіп тұрған «Жерұйық» паркіне барып жаяу жүреді, – дейді дәрігер.

«Жастар денсаулығы» орталығы кеңес береді

Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдағы «Жастар денсаулығы» орталығына 11-ден 29 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар келіп, көкейіндегі түрлі сұрақтарына жауап алады. Бір айта кетерлігі, бұл орталыққа емханаға тіркелмесе де, кез келген жас қала тұрғындары өзінің мәселесін айтып, келуіне болады. Мамандар кеңесінен бөлек, олар түрлі пайдалы іс-шаралар өткізуге тартылады. Орталықта жастарға гинеколог, уролог, дерматолог, психолог, әлеуметтік қызметкер және заңгер тегін консультациялық көмек береді.

– Тіпті олар алдын ала жазылмай-ақ, біздің әлеуметтік желідегі парақшамызға жазу арқылы да келіп, көмек алады. Ең бастысы, олардың бізге сеніп келуіне айтқан қиындықтары мен мәселелері өте құпия сақталатындығы себеп болады. Біз емхана аумағына қарайтын 13 мектепке барып, кездесулер ұйымдастырып, дәріс оқимыз. Сондай кездесулерден кейін де олар бізге сенім артып, келе бастайды, – дейді аталған орталық басшысы Баян Бегенова. Оның айтуынша, жастар көбіне ата-анасымен, сыныптас достарымен, ұстаздарымен арадағы келіспеушіліктерге, буллинг мәселесіне орай хабарласады. Сондай-ақ өтпелі кезеңде жүрген қыздар бетіне безеу шығып, өзіне сенімі азайғанда ақшасы болмаса, осы орталық арқылы дерматологқа тегін қаралу үшін келеді. Гинекологтар кеңесін күніне 15-21 жас аралығындағы кемінде 2-3 қыздар мен ер балалар алады.

Емхананың «Үй маңы дәрігері» ашылады

Тіркелген халық санының көптігі және емханаға қарайтын аумақтағы көптеген үйлер үшін емдеу мекемесінің алыстығынан «Үй маңы дәрігері» филиалын ашу жоспарланды. Сөйтіп биыл 10 қазанда елордадағы Тәуелсіздік даңғылы, 20/1 үйі мекенжайынан осы жобамен емхана филиалы ашылатын болды. Мұнда терапевт және педиатрия бөлімшесі ашылып, сол маңдағы тұрғындар үшін бастапқы медициналық көмек көрсететін болады.

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button