Елорда тынысы

Жас кәсіпкердің жетістігі



Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев пен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов елордадағы жиһаз цехына арнайы ­барып, жұмысымен танысты.

Жас кәсіпкер Әлібек Қаныбек мемлекет қолдауының арқасында кәсіп ашып, 10-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол мемлекеттің жас кәсіпкерлерге бизнес бастау үшін жеңілдетілген несие беретінін әлеуметтік желіден білгенін айтады.

«Осы жылдың басынан бастап жиһаз цехын ашу туралы ойластырып жүргенбіз. Артынан осындай жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілетінін естіп, «Агрокредит» корпорациясының кеңесіне жүгіндік. Содан кейін Астана қалалық әкімдігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қажетті құжаттарды өткіздік. Көп ұзамай сәуір айында 5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Соның арқасында жиһаз шығаруға қажетті станоктарды сатып алып, екі ай бұрын кәсібімізді бастап кеттік. Біз үшін бұл үлкен қолдау болды» дейді жас кәсіпкер Ә.Қаныбек.

Ол қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өзінің жұмысшыларына 250-300 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Жас кәсіпкердің қазірге дейін жасаған өнімдерімен танысқан қала әкімінің орынбасары жиһаздың сапасы мен сатып алу бағасы қолжетімді болуына назар аударды. Ол алдағы уақытта да қала әкімдігі мен мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлер үшін қолдау бола беретінін айтып өтті.

Сонымен қатар, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі 21 мен 35 жас аралығындағы кәсіпкерлер үшін арнайы қарастырылған мұндай жеңілдетілген несиелер Мемлекет басшысы тапсырмасының негізінде жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Президенттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған аталған көмек аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен беріліп жатқан бұл несиелер бес жыл мерзімге ұсынылады. Бүгін біз көріп отырған шағын цехтың иесі Әлібек Қаныбек те сол бағдарламаның игілігін көргендердің бірі. Осы күнге дейін 200-ден аса астаналық жас кәсіпкер осындай көмекті алып үлгерді. Осы жылдың аяғына дейін барлығы 500 жас кәсіпкерді қамтимыз деп отырмыз, – дейді қалалық Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов. Оның айтуынша, мұндай жеңілдетілген несиені шекті жас мөлшері сәйкес келетін кез келген жас кәсіпкер пайдалана алады. Тек негізгі екі шарты бар. Оның біріншісі кәсіп ашқанына бес жылдан аспаған болуы керек, екіншісі несиені рәсімдеу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қою қажет болады.

Басқарма өкілінің айтуынша, кәсіпкер үшін аталған несиені төмен пайызбен 5 жылға беріп қана қоймай, алғашқы 20 айға дейін төлем мерзіміне үзіліс жасауға да болады. Бұл – кәсіпкер үшін жұмысын жолға қойып алғанша қарастырылған көмек.

Өзінің шағын цехының жұмысымен таныстырған ­Әлібек Қаныбек алдағы уақытта кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтып кетті.

«Біз әзірге ПВХ материалы мен жұқа тақтай кесетін екі станок қана алдық. Қазіргі уақытта тек ағаштан жасалатын түрлі шкаф, ас үй гарнитуры сияқты жиһаздар шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, жұмсақ жиһаздар да шығаруды жолға қойсақ деп жоспарлап отырмыз» дейді Ә.Қаныбек.

Нұрболат АДЫРБЕК




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button