Басты ақпаратҚоғам

Медианарық: Қазақша контент сапалы ма?



Астанада биыл тағы да қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың Qazaqforum-ы «Жасанды интеллект дәуірі: қазақ медиасын қайта зерделеу» тақырыбымен өткізілді. Қазақ тіліндегі форум елордада алтыншы рет өтіп отыр. Ұйымдастырушысы – АҚШ елшілігі.

Құттықтау сөздерімен форумды ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниэл Розенблюм қазақ тілді контент жасаушылардың өзекті тақырыптары қозғалатын форум жұмысына сәттілік тіледі. Министр еліміздегі оқырмандар бұрынғыдай «Казпоштаға» барып әуре болмай-ақ Kaspi.kz қосымшасы арқылы басылымдарға жазыла алатынын сүйінші хабар ретінде жеткізсе, АҚШ елшісі форумда сөзін қазақша бастап, ана тілімізде аяқтады. Форумда сондай-ақ Қазақстанның Big Data қауымдастығының президенті Сергей Ахметов қазақша контент жасаудың ең керек тұстарын тек қана мемлекеттік тілде айтып, көңілімізді көтеріп-ақ тастады.

Шынында да соңғы жылдары ірі компаниялар, бизнес, қаржы мекемелері қазақ тілді аудиторияның әлеуетін мойындай бастады. Қазақ сайттары, порталдары да жарнаманың игілігін көріп, табысы еселену үстінде. Қазақ тілді сайттарды басқарып отыр­ған азаматтар «Қазақ медиа қауымдастығын» құрып, осы мақсатта жұмыс істеу­де. Басында тек ақпараттық мақсатта ашылған сайттар бүгінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне еркін араласып, қоғамдағы өз үнін білдіре бастады. Qazaqforum-де негізгі мәселелер мына секциялар бойынша қарастырылды: «Монитизация. Бізде неге бәрі мұз?», «Immersiveness. Қазақстандық журналистика жаңа трендтерге дайын ба?», «From TV to YouTube: бейімделу, тенденция және жаңа мүмкіндіктер», «Танымдық контенттің әлеуеті», «Өз подкастын қалай жүзеге асыру керек?», «Медиа желіде жасанды интеллекті қолдану тәсілдері» деген панельдік ссесиялар және түрлі шеберлік сабақтары қатысушылардың зор ынтасын туғызды.

Әрине, форум біз секілді дәстүрлі журналистиканың өкілдеріне танымдық ештеңе бере қоймас, бірақ бәріне жасанды интеллекті қолдану тәсілдері, подкасты қалай жасау керек, қазақша контентке нені тартып, қалай тартымды кейс қолдану керектігін мамандар айтқан жақсы басқосу болды.

Керек мәліметтер: Қазақтілді сайттардың ай сайынғы табысы – 50-70 миллион теңге көлемінде. Егер әлеуметтік желідегі жазылушыларыңыз 10 мыңнан асса, компаниялардан, бизнес өкілдерінен түрлі ұсыныстар түсе бастайды. Қазақ тілді контентке жылдан жылға сұраныс ұлғайып келеді

Ulysmedia.kz негізін қалаушы, бас редакторы Самал Ибраева мен «Адырна» ұлттық порталының жетекшісі Арман Әубәкір жарнама нарығында қазақ сайттарының ойып тұрып орын алуына форумның берері көп екендігін жеткізді. «Дегенмен, қоғамда әлі де «орыс тілді ақпарат құралдары қазақ тілдіге қарағанда жарнамадан жақсы қаржы табады» деген түсінік қалыптасқан. Біз осы көзқарасты бұзып-жарып, ана тілімізде де жақсы, сапалы контент жасап, жақсы пайда таба алатынымызды айтқымыз келеді» деді олар.

Қайсысын таңдайсыз: TV-ма, YouTube-пе?

Жаңа заман, жаңа технология­лар дәстүрлі журналистиканың жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істеуін талап етуде. Телеарнаны көретіндер азайды да есесіне YouTube-ті көретіндер күннен күнге көбейіп барады. Жастарға, жас буынға арналған дені дұрыс контент телеарналарда өндірілмей жүргендігі әмбеге аян. «Жайдарман» қозғалысының басшысы, ­Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукен ТВ-дан кетіп, біржола YouTube-қа көшкенін және мұның ең дұрыс қадам болғандығын жеткізді. «ТВ-да саяси сараптамаларың, айтқандарың «кесіледі» немесе сүзгіден өтеді. Жап-жас редакторлар дікілдеп, еңбегіңді бағаламай, шорт кесуге дайын тұрады, әрі өзін-өзін танытып, танымалдығы артқан жоба ретінде бізге YouTube-қа көшудің аса қиындығы болмады, сондықтан желідегі жұмыстарымызды одан әрі жалғастыра береміз» деді Есен Елеукен.

«31 канал – елімізде ең қаралымы көп жаңалықтар студиясы «Информбюродан» 2,5 мың доллар тапса, 2 миллион жазылушысы бар жоба бір ғана жаңалықтан кемінде 27 мың қаралым жинаған. Дегенмен, заман ағымына сай 2030-ға қарай киноиндустрияға қарай ойысатын ойымыз бар» дейді «31» медиахолдингінің бас директоры Құрманбек Жұмағали. Әрине, заман ағымына сай YouTube-қа арналған жобаларымыз да бар. Үш-төрт адамы ғана бар YouTube алға озды деп телеарналардағы жүздеген адамның еңбегін жоққа шығаруға әсте болмайды, ТВ-да да жақсы дүниелер жасалып жатыр, телеарналардың өзінің көтеріп отырған жүгі бар екенін ұмытпауымыз қажет, – деді.

Jibek j0ly/Silk way телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанқызы «ТВ-ның жобасын YouTube-қа шығаруға болады, ал YouTube-тың жобасын телеарналарда көрсете алмайсыз, қай жағынан да таза кәсіби мамандардың жұмысы дараланып тұрады, желі мен мамандардың жұмысын салыстыруға келмейді, әрине, желі арқылы танымалдылықты арттырып, табыс табуға мүмкіндік туатыны сөзсіз, бірақ көрермендер қарайтын контенттер біздің телеарнада баршылық және жаңа заманға сай жаңа әдістерді меңгеру үстіндеміз. Жалпы, хабарлардың рейтингісін үнемі жасап, ізденеміз, соған сай тұрақты көрермендеріміз бар, – деді ол.

«Қазақстан» РТРК АҚ Диджитал департаментінің директоры Айдын Дүйсенбайқызы «Дәстүрлі аудитория, қалың көрермендерімізге арналған тележобаларымыз жалғаса береді, жалпы, сайт. YouTube-тағы жобаларды қосқанда айына 12 миллион теңге табыс тауып отырмыз. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады» деді.

Журналист, Ютубер Олжас Оқас автосалада танымал болған блогер екенін бәрі біледі. Оның айтуынша, YouTube-та салалар бойынша дамыған контенттер керек дейді. Бізде, мысалы, автотур бар, балалар контенті жоқ, мәдениет, ғылым, тағы басқа контенттер жоқтың қасы. Халық көп қарайтын контенттер арқылы жаңа технологияларды пайдалана отырып қазақша сауатты контенттер жасауды қолға алу маңызды екенін айтады.

Балалар контентін жасау оңай ма?

Бұл жөнінде сарапшылар не дейді?

Calamat Media қалаушысы және бас директоры Абай Серғазиев он жасқа дейінгі балаларға арналған ютубтағы контенттерді аударып жатқанын айтты.

– Мексикадан, Бельгиядан осындай контенттерді аудару қарастырылуда, – дейді ол. Себебі лицензиясы бар контенттерді аудару өте қымбат тұрады, оны сатып алу да – қиынның қиыны. Әзірге 100 контентті коммерция­лық мақсатта аудармақшымыз, қазір заң жүзіндегі мәселелер шешілуде, ары қарай осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Біз бұл жобаға тек инвесторларды ғана тарта аламыз, ал телеарналар көмектесемін десе нұр үстіне нұр болар еді, әрине. Әрбір іске, әрбір кәсіпке медиа, маркетинг, сатылым керек, нағыз мамандарға әсіресе, медиа жағынан көріну қиындау.

Al-энтузиаст, нейрокреатор, MediaWaves digital-агенттігінің негізін қалаушы Руслан Сыздықов балалар контентін жасау үшін бірнеше нейрондық желіні қолдануға болатындығын, яғни анимацияны дыбыстау арқылы жасайтын контенттер маңызды екенін айтты. Нейрондық желі адамдарды, балаларды ойға келмейтін ерекше түрде бейнелей алады екен. Ол және YouTube платформасында қолжетімді және оны қарау өте қызықты. Қазір тіпті, өмірден өткен адамдар мен тірілер осы жүйе арқылы «тілдесе» алады екен. Өмірден өткен атақты миллионер Стив Джобспен осындай жоба шетелде дүниеге келгенін ютубтан көріп отырмыз. Бұл жобаның қазақстандық баламасы отанымызда пайда болса, оған ешкім таңғала қоймас деген үміттемін. Жақсы техниканың көмегімен мамандар қырғын адамды қоспай-ақ адамды таңғалдыратын дүниелер жасауға көшті. Балалар кейіпкерлерін артына дұрыс фон жасап, сценарийін жазып, жақсы идеялар арқылы жасауға болатындығын, әсіресе, ер мен әйелдің дауыстарын дұрыс дыбыстап, анимацияға сай көрерменге ұсынылатынын жеткізді. Ол үшін балаларды ортақ чатқа тарта отырып, бас кейіпкер туралы айтып, кім екендігі, не істейтіндігін түсіндіріп, баланың суперкейіпкер болғысы келген армандарын немесе баланың фотоларын пайдалану арқылы анимациялық дүние жасауға әбден болады. Ол үшін тек білім мен білік қажет, ықылас керек.

Шындығында да телеарналарда жас буынға арналған контенттер жоқтың қасы.

Балалар қызығып көретін мультфильмдер, қазақ тіліндегі қысқаметражды көркем фильмдер өте аз. Болса да баланың талғамына сай емес. Сюжеті тартымды, баланы жақсылыққа, ізгі істерге үндейтін бір көргеннен-ақ бала түгілі, ересектерді еліктіріп ала жөнелетін мультфильмдер өкінішке қарай, өзге тілдерде сайрап тұр. Ал қазақ тілді аудиторияға арналған туындылардың сапасы сын көтермейді, жеңіл күлкіге, арзан ойын-сауыққа құрылған туындылар тым жұтаң, балаға берері жоқ екенін баласымен телеарна туындыларын тамашалағандар айта алады. Шетелде баланың сұранысына сай дүниелер телеарналардан көрсетіледі, сол арқылы олар әрі бала тәрбиелейді, әрі табыс табады. Бұл қазіргідей кітап оқи қоймайтын, теледидар да көре қоймайтын балалар үшін сауатты, қызықты контенттер жасаудың маңыздылығын көрсетеді. Бұл жайында «Астана ақшамы» бірнеше рет жазды да. Балаларды тек қана «Balapan» каналындағы контенттермен ғана ұстап тұру мүмкін емес. YouTube-та анағұрлым қызықты, анағұрлым өтімді туындылар көп, бірақ біздің тілде емес, өзге тілдерді. Ендеше, қазақ тілінде контент жасағысы келетін кәсіпкерлер болса, телеарналар болсын, билік жағынан болсын, үлкен қолдау керек. Балалар аудиториясын зерттеп, соған сай заманауи қазақша, сауатты контент жасау – өзекті мәселе. Өйткені ұрпақты тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу. Балаға қатысты мәселенің бәрі біз үшін маңызды болуы тиіс.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button