Елорда тынысы

Сарыарқы ауданы белсенділік танытты



Елордадағы жалпықалалық сенбілікке Сарыарқа ауданының тұрғындары белсенді қатысып, игі іс-шараға барлығы 12 мыңнан аса адам атсалысты. Аудан аумағында 600-ге жуық ағаш отырғызу жоспарланды. 

Жалпықалалық сенбілікте Сарыарқа ауданының әкімшілігі, үкіметтік емес ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері, ардагерлер кеңесі, еріктілер, аудан тұрғындары «Көктал» саябағына жиналды. Жоғары көлік және коммуникация колледжінің жиырмадан астам студенті де сенбілікке атсалысты. Олар қарағай, шырша, қайын ағаштарын отырғызды.

Жиналғандардың арасында «Көктал-1» тұрғын алабының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Құсайынов бар.

«Көктем келсе көшелерімізді тазартып, ағаш отырғызамыз. Қазір жиырмаға жуық қария сенбілікке қатысып жатыр. «Көктал-1» тұрғын алабының ардагерлер кеңесінде 500-ден аса қария бар. Біз осы саябақта ғана емес, қариялардың үй ауласында да тазалық жұмыстарын жүргіземіз» деді ол.

Сенбілікке Астана қаласы мәслихатының №15 сайлау округінің депутаты Бауыржан Смайылов та қатысып, белсенділік танытты.

«Көктал саябағына сенбілікке келген тұрғындардың көңілі көтеріңкі. Сенбілікке атсалысатын адам саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, жастардың өз еркімен келіп, ағаш отырғызып жатқанын көріп қуандым. Қаламызды көркейтіп, көріктендіру мақсатында елорда тұрғындарымен бірге қоғам белсенділері де сенбілікке шықты. Мақсатымыз – бас қаламыздың тазалығына атсалысу және бұл шараға барлық елордалықтарды бір кісідей қатысуға шақырамын. Әрқайсысымыз қолдан келгенше үлес қоссақ, астана сөзсіз гүлденеді» деді Б.Смайылов.

Астана қаласы әкімдігінің Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиясы мүшесі, Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі, кәсіпкер Баян Тойкебаеваның айтуынша, сенбілікке қатысып отырған әйелдер көп.

«Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиядан төрт адам қатысып, бұл іс-шараны қолдауға келді. Менің ойымша қаланы жұдырықтай жұмылып тазалауға бағытталған іс-шара біріншіден отбасы құндылықтарын дамытады. Сенбіліктерге мен 10 жылдай қатысып келемін. Балаларымды да алып жүремін. Себебі баланың тәртібі, дамуы ең әуелі тазалықтан басталады. Балаларыммен серуендеп жүргенде, айналаның таза болғанын үлгі ретінде көрсетіп, айтып жүремін. Мұны аналар түсінсе керек, содан болар бүгінгі сенбілікте әйел адамдардың саны басым» деді ол. 

Жалпықалалық сенбіліктен Сарыарқа ауданының белсенді тұрғындары да қалыс қалған жоқ. 

«Бүгін ерекше есте қаларлық күндердің бірі. Ауа-райы да тамаша, күн жадырап тұр. «Еңбек етсең емерсің» дейді ғой. Жап-жасыл түптер қала сәнін келтіреді. Қаламызда түтін болған соң, ауаны тазалауға септеседі. Сондықтан бұл сенбілік – игілікті әрі сауапты іс. Елорданың көрікті, әрі жасыл ағашқа толы болғаны барша тұрғынға ортақ мереке» деді аудан белсендісі Амантай Әлханұлы. 

Айта кетейік, сәуір айынан басталған «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында Сарыарқа ауданында коммуналдық сенбіліктер өткізіледі.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button