Басты ақпаратДенсаулық

Серік Ақшолақов: Дәрігердің қателесуге хақысы жоқ



Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік АҚШОЛАҚОВПЕН Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығы қарсаңында арнайы «Астана ақшамы» газеті үшін сұхбаттасқан едік.

Адал еңбегімен, табан ақы, маң­дай терімен қарапайым дәрігер-нейрохирург қызметімен еңбек жолын бастаған Серік Ақшолақов – Қазақстан Рес­публикасын экономикалық, әлеуметтік-­гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін берілетін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған айрықша адам. Ел ішінен шыққан, көпшіліктің көз алдында жетіліп, кісілікті болмыс қалыптастыр­ған тұлға.

Адам ретінде өте қарапайым, көпшіл, ғалым ретінде та­лапшыл, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, ұлт медицинасына жаңалық алып келген дәрігер. Нейрохирургия саласында оның алдына түскен жан жоқ, Астанада ең бір заманауи клиника салынуына өлшеусіз қызмет етті, қаншама адамды ажал аузынан аман алып қалуына себепкер болды, өйткені елімізде нейро­хирургиялық көмекке зәру жандар аз емес, жылдан-жылға көбеймесе, азаятын түрі жоқ.

– Серік Қуандықұлы, мидың, ми діңгегінің, мидың қарынша жүйесінің базальды бөліктеріндегі ісіктерге операциялық микроскоп пен микронейрохирургияны қолданумен айтарлықтай күрделі нейрохирургиялық операция­ларды жасадыңыз. Ұлттық нейрохирургия орталығында 35 мыңнан астам күрделі операция жасалған. Қазақстанда алғаш рет микронейрохирургияны, эндос­копиялық нейрохирургияны, (трансназальды эндоскопия­лық әдістер, мидағы жылауық кезінде эндоскопиялық операциялар), алғаш рет нейронавигацияны қолданып, эпилепсияны операциялық түрде емдеуді жүзеге асыр­дыңыз. Бұл салада тағы қандай жаңалықтар бар, қандай проблемалар өзекті?

– Ұлттық нейрохирургия орталығына биыл жазда 15 жыл толады. Осы 15 жылдың ішінде орталықта 57 мыңнан астам адам ем қабылдады, 39 мыңнан аса ота жасалды, тәжірибемізге 70-тен астам нейрохирургиялық жаңа технологиялар енгізілді. Орталықтың базасында Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның жаңа салалары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функцио­налдық нейрохирургия енді. Ендігі бір соңғы жаңалығымыз­дың бірі – ол гамма-пышақ радиохирургия кешені. Атап айтсақ, бұл радиохирургиялық қондырғы – мидың ісіктерін, бас миының тамырлы және функционалдық ауруларын емдеуге арналған қондырғы. Жұмыс істеу принципі кобальт-60-тың 192 көзінен радиоактивті сәулелену қолданылады, сәулелер бір нүктеге жиналады және патологиялық ошақ ауданына бағытталады, бұл ретте ісік жасушаларының ДНҚ-сы бұзылады. Ал ісіктің айналасындағы мидың сау тіндері сәулеленуге ұшырамайды. Үлкен энергияның әсері нүктелі, сәулелердің шоғы нысаналы бағытталған учаскеге дәл түсіп, әсер етеді.

Қоғамда енжарлық, тоғышарлық, масылдық секілді келеңсіз көрініс­тер жиі белең алған шақта, еңбек етуге және сол арқылы игілік пен абыройға жетуге ынта мен жігер азайған тұста еңбек адамына құрмет ерекше болуы тиіс. Жастарға тәрбие берудің
басты құралы ретінде еңбек идеясын ілгерілету қажет. Білімді ұлт. Терең білім. Еңбекқорлық және отаншылдық қасиет қана келешегімізді кемел, болашағымызды бағдарлы етпек

Гамма-пышақтың артық­шы­лығы – ол терең орналасқан ісікті немесе бас миының өмірлік маңызды құрылымдары жақын орналасқан жерде жұмысын өте тиімді атқарады. Сонымен қатар, бас миының көп мөлшерлі метастаздарында өте жақсы көмектеседі. Сәулелік терапияға қарағанда, гамма-­пышақтың көмегімен емдеу кезең-кезеңмен жасалады, ал сәулелік терапиясымен бірнеше сеанс қатар жасау қажет. Сондықтан бүгінде гамма-пышақ радиохирургияда алтын стандарт болып табылады. Қондырғының жұмыс нәтижесі жақсы, қазіргі таңда 800-ден астам науқасқа ем көрсетілді.

– Қазақстан нейрохирургтарының ерекшелігі неде деп ойлайсыз? Біздің талантты жас дәрігерлеріміз тек елімізде ғана емес, шетелдерде де ота жасап, адам өміріне араша түсуде. Олар қажетті білімді университет қабыр­ғасында алып жатыр ма, әлде практика барысында біліктілігін жетілдіріп жатыр ма, клиниканың жаңаша ғылыми ізденістерінде тың жаңалықтар бар ма?

– Қазақстандық нейрохирургтардың ерекшелігі, біріншіден, халықаралық деңгейге шығуы, тәжірибесі мен жұмысын жарыққа шығару мүмкіндігіне ие болу. Біз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген қауымдас­тықтардың құрамына кірдік. Нейрохирургиялық қоғамдас­тықтардың бүкіләлемдік федерациясы, Нейрохирургиялық қауымдастықтардың еуропалық ассоциациясы, Нейрохирургтардың азиялық конгресі сияқты ірі нейрохирургиялық бірлестіктердің толыққанды мүшесіміз. Дүние жүзіне танымал нейрохирургияның майталмандары өздерінің қатарына қосуға жақсы ықпал жасады. Олар менторлық бағдарламаның шеңберінде біздің жас мамандарды оқытып, олардың біліктілігін арттыруға үлкен үлесін қосты.

Екіншіден, Ұлттық нейрохирургия орталығында «Неврология және невропатология» кафедрасы бар. Онда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі үшін заманауи, жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандар даярланады. Әрине, мұндай мамандандыру тек қана тәжірибелі, осы саланы толығымен меңгерген мықты, білікті ұстаздардың көмегімен жүзеге асады. Бұл жердегі оқытушылардың қызметіндегі басты бағыт диагностиканың күрделі әдістерін тануға және науқастарды хирургиялық емдеуге, заманауи аппараттар мен аспаптарды меңгеруге, соңғы озық медициналық жетістіктерді білуге бағдарланған. Осылайша, қазіргі таңда орталықта 64 резидент оқытылды, оның ішінде «Нейрохирургия, оның ішінде балалар нейрохирургия­сы» мамандығы бойынша 47 маман және «Неврология, оның ішінде балалар неврологиясы» мамандығы бойынша 17 маман оқытылды. Бірақ сөздің шыны керек, менің ойымша, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасын жаңартып, әсіресе, соңғы оқу жыл бағдарламаларын жандандырып, түбегейлі оң өзгерістерді енгізу қажет.

Қоғамда енжарлық, тоғышарлық, масылдық секілді келеңсіз көріністер жиі белең алған шақта, еңбек етуге және сол арқылы игілік пен абыройға жетуге ынта мен жігер азайған тұста еңбек адамына құрмет ерекше болуы тиіс. Жастарға тәрбие берудің басты құралы ретінде еңбек идеясын ілгерілету қажет. Білімді ұлт. Терең білім. Еңбекқорлық және отаншылдық қасиет қана келешегімізді кемел, болашағымызды бағдарлы етпек. Ендеше еңбек адамдарын танымал етуді қайта бастап, олардың рөлі мен қоғам үшін маңызын арттыратын уақыт келді. Шынайы еңбекті мемлекеттік жаппай насихаттау мен насихаттауда объективті қажеттілік пісіп-жетілді.

Серік Қуандықұлы – қазір Астанадағы «Нейрохирургия ұлттық орталығының» басшысы, Халықаралық еуразиялық нейрохирургия академиясының академигі, медицина саласында топ жарған дәрігер-нейрохирург. Асқақ Астанадағы жаңа әрі заманауи орталық ашылғанға дейін жас маман талай асудан өтті. Жалынды жастық шағын оқуға, білім игеруге арнады. Студент кезінде өзін шақырған А.Коноваловтың жанында болып, 15 жыл тәжірибе жинады, танымал ғалымның жетекшілігімен докторлық жұмысын қорғады. Ең алғашқы өзінің күрделі операциясын да Ақшолақов Мәскеуде жасаған еді. Ол Қазақстан медицинасының қарыштап дамуын тәуелсіздікпен және Астанамен тікелей байланыстырады. Оның басқаруымен Астанада ең бір заманауи клиника салынды. Адамдарға өмір сыйлап отыр. Отандық медицинаның дамуына, қазақстандық білікті мамандардың да көптеп шығуына орасан зор үлесін тигізді. Ақшолақов секілді жоғары білікті мамандардың арқасында ұлт саулығының деңгейі де жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде. Еңбекпен осындай биік дәрежеге талмай жетті. Еңбек адамының эталоны десек те болады.

– Сіз басқаратын орталықта күрделі операциялар жасалады. Шынында да, көп адам ауруын жасырғысы келетіні рас. Дер кезінде алдын ала емделгеннің нәтижесі өте жақсы болатынын ескермейді. «Әлі де біздің халықтың денсаулыққа көзқарасы төмендеу» деп едіңіз ілгеріде берген бір сұхбатыңызда. Күрделі операциялардың қаншасы көңілге сенім ұялатады, қауіпті аурудың алдын алудың жолдары бар ма?

– Иә, расымен, соңғы жылдары халқымыздың денсаулыққа деген көзқарасы өзгеріп келе жатыр. Қазіргі күні облыс аймақтарында МРТ, КТ диагнос­тикалық аппараттар көбейді. Халқымыз дәрігерлердің көмегіне жиі жүгініп, сырқаттарына зейін қоя бастады. Негізі, бұл – жақсы тенденция, себебі аурудың алғашқы белгілері пайда болған сәтте ем қабылданса, науқастың тез айығып кетуіне үлкен мүмкіндік болады. Сонымен қатар аурудың да, оталардың да саны көбейіп жатыр. Мұны, әрине, диагнос­тиканың жақсы болғанымен және халықтың денсаулыққа деген жауапкершілігімен байланыстыруға болады. Тағы бір айтатын жайт, жоғарыда айтылған гамма-пышақты осындай жаңа басталып келе жатқан, кіші көлемдегі бас ми ісіктеріне қолданған жағдайда, көрсетілген емнің нәтижесі өте тиімді болады. Халық денсаулығы – ел қазынасы. Сол себептен осындай жиі насихаттау жұмыстарын тек дәрігерлер ғана емес, бұқаралық ақпараттар құралдары мен биліктегі құзыретті адамдар мен саясаткерлер, қоғам қайраткерлері – барлығы да бірлесе жұмыс істеген жөн.

– Ми тамырларына жаса­латын операциялар қымбат тұрады. Олардың құны мемлекет тарапынан төленеді. Орталықта қарапайым адамдардың қаралуына жағдай жасалған ба, квота ала алмаған азаматтар, тұрмысы нашар тұрғындар жеңілдікпен қандай көмек ала алады? Ауру дендеп, үмітсіздік жайлағанда бас тартқан оталарыңыз болды ма? Бар болса, неге? Нейрохирург неден қателес­пеуі керек?

– Біздің орталықта Қазақстан азаматтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде науқастар нейрохирургиялық ем алады. Жыл сайын 4000-нан астам науқас жоғары дәрежелі тегін нейрохирургиялық көмек алады.

Әрине, дәрігердің қателесуге ешқандай хақысы жоқ. Өйткені әрбір отаның алдында біреудің өмірі қыл үстінде тұрады. Дегенмен кейде дәрігерге ғана байланысты болмайтын жағдайлар да кездеседі. Науқас дәрігерге уақытында қаралмай, ауруды асқындырып алған жағдайлар болады. Сондықтан ота кезіндегі әртүрлі асқынуды болдырмау үшін әрбір жағдай бойынша клиникалық талдау жасалады. Көбінесе жағдайға байланысты кішіинвазиялық оталарды қолдануға тырысамыз. Әрине, егер науқастың жағдайы күрделі болып, өміріне қауіп төндіретін жайт болса, ондай жағдайларда өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған паллиативті ем қолданамыз. Ең бастысы, емдеу барысында нау­қасқа зиян келтірмей, жасаған ем кері әсерін бермеуі қажет. Бұл туралы әлемге танымал британдық нейрохирург Генри Марш өзінің «Зиян келтірме» деген кітабында жазған еді.

– Ұлттық нейрохирургия орталығы ұлт медицинасының драйвері бола ала ма, ел медицинасын ілгерілетуге не кедергі болып отыр?

– Отандық медицинада кенжелеу дамыған саланың бірі нейрохирургия болғандығы белгілі. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Осы уақыттың ішінде елордамызда заманауи Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылып, қажетті мамандарымыз шетелде білім алып келді, әлемдік стандарттарда қолданылатын жаңа технологиялар енгізілді, мұның бәрі Үкімет тарапынан болған үлкен қолдау деп білемін.

Әр адамның кәсіби тұрғыда өзіне қойған мақсаты болады. Менің мақсатым адамдарды емдеу болғандықтан, өзімді саясатта, яки саясаткер ретінде көрген жоқпын. Дегенмен де бұл қызмет елдің, ұлттың мүддесін ойлайтын, қоғамдағы күрделі мәселелерді шеше алатын өте мағыналы да маңызды екенін атап өту қажет. Орталықтың ашылуына және қызметімнің ілгері басуына, дамуына бар жігер-күшімді, жан-тәнімді салуға аянбадым. Өзім нейрохирург дәрігері болғандықтан, өмірімді осы білімге, осы жолға арнадым. Өз ісімді әрі қарай жалғастыруға, нейрохирургия саласының әлі де үлкен жоспарларын, жемісті істерін жүзеге асыруға қажырымды бағыттағаным жөн. Адам қандай да бір мамандық иесі болмасын, адамгершілік пен өз саласында кәсіби біліктілікке ие бола алғанда ғана биік жетістіктерге қол жеткізеді.

 Ақтөбе медицина институтын – қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясын 1975 жылы бітірген Серік Қуандықұлы 1976-1981 жылдары Ақтөбе облысы ауруханасында қатардағы нейрохирург, 1981-1989 жылдары Мәскеу нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында клиникалық ординатор, аспирант, 1989-1992 жылдары Алматыдағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында нейрохирург, 1996 жылдан сонда кафедра меңгерушісі болды. Сонымен бірге 1992 жылдан Денсаулық сақтау министрлігінің бас нейрохирургі ретінде қызмет істеп, қатардағы қарапайым дәрігер ретінде еңбек жолын бастаған ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленіп, еліміздің медицинасындағы көшбастар тұлғаға айналды. Серік Ақшолақов еңбегімен ел сыйлаған кісіге, беделі зор адамға айналды, барлығы оған осы үшін ерекше құрмет көрсетеді. Бедел еңбекпен, ерлікпен келетінін Серік Қуандықұлының жемісті қызметі, өнегелі өмірі көрсеткендей. Елі үшін де барын салып еңбектенген, шынайы еңбегінің арқасында ғана жетістікке жеткен, бұл күндері есімі ұлт тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық.

 

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button