Қала мен Сала

Қырғауылдар орманға жіберілді



Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Астана орманы» ЖШС, «Астана Ветсервис» ШЖҚ МКК және Ақмола облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдерімен 950 бас көлемінде қырғауылды еркіндікке жіберді.

«Астана орманы» ЖШС директорының орынбасары Арман Мукатовтың айтуынша, елорданың жасыл белдеуіне қырғауылдар жіберу жыл сайын жалғасып келеді.

– Астанадағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектар. Конституция мерекесі қарсаңында осы жасыл белдеуге 950 қырғауыл жіберілді. Жалпы, жыл сайын 1 800 қырғауыл еркіндікке жіберіледі. Қырғауылдарды өсіру зиянды жәндіктермен күресуге, жасыл белдеу аймағындағы жағдайды табиғи ормандарға барынша жақындатуға, сондай-ақ, Қазақстанда қырғауылдардың мекен ету аралын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Арман Мукатов.

Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын Астананың жасыл белдеуінде қырғауыл өсіру туралы шешім қабылданған болатын. Мамандардың мәлімдеуінше, Астананың жасыл белдеуінде бұл құстарды асырауға жасанды өсіру және жерсіндіру бойынша биологиялық негіздеме бар. Аязға төзімді және қыста қосымша жем беруді ғана қажет ететін қырғауылдарды өсіру бірқатар мәселені шешуге көмектеседі және республикамыздың биологиялық алуантүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, зиянкес­термен биологиялық күресу арқылы орман екпелерін сақтауға ықпал етеді. Соңғысының тиімділігі жасыл белдеуде 2010-2022 жылдар аралығында орман зиянкестеріне қарсы 350 га пестицидтерді қолданудың азаюымен расталды. Қырғауыл соңғы онжылдықтарда Астана қаласынан 700 шақырым қашықтықта орналасқан республиканың көптеген облысында айтарлықтай төмендеді.

«Астана орманы» ЖШС орманшылары еркіндікке жіберілген қырғауылдарды тұрақты түрде қадағалау, қажет болған жағдайда қысқы уақытта қосымша қоректендіріп қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button