Қоғам

Ұлағатты ғұрып



Үйіне келген меймандарына Социалистік Еңбек Ері Шерім Ермановтың немересі – Мұхтар Тілдәбекұлының міндетті түрде көрсететін ұлағатты ғұрпы бар. Ол қадірлі қонақтарға Ленин, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендері мен бірнеше медальдары тағылған атасының кәстөмін асықпай көрсетеді. Бір қарағанда, салтанатты жиында киетін әдеттегі ресми киім. Бірақ қарапайымдығы мен ерекше мәнері көз тартады. Өйткені онда ерен еңбекке, төгілген маңдай терге деген құрметтің, ұрпақ сабақтастығының ізі сайрап жатыр. Үй иесі өзі үміт күтетін жастардың иығына кәстөмді бір жабуды да ұмытпайды. Бәлкім, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Ер жігітке ырымшыл, баташыл болған жарасады» деген даналығы Мұхтар мырзаның жадында жатталып қалған шығар.

Қайтсе де бұл отбасылық дәстүр келім-кетімнің бәріне ұнайды.

Мәселен, сол алтын медальдің не үшін берілгенін білген артық емес деп ойлаймыз.

1952 жылы тәжірибелі маман Шерім Ерманұлы Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданындағы «Темір» қаракөл шаруашылығы совхозының директоры болып тағайындалды. Мал шаруашылығын дамытуда, ет, сүт, жұмыртқа, жүн және басқа да өнімдер өндіруде айтарлықтай көп жетістікке қол жеткізді.

Арада біршама уақыт өткен соң, шаруашылық ұжымы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, көп ұзамай оның іскер басшысы Ш.Ермановқа 1966 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалін табыс ете отырып, Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Сол жылдары қаракөл елтірісінің даңқы бүкіл одаққа тарағаны белгілі. Кезінде әйгілі әртіс Владимир Высоцкийдің өзі Шымкентке әдейі ат басын бұрып, бірнеше концерт бергенін, заманында кәт (дефицит) тауар – елтірі жөнінде әңгіме өрбіткенін аға буын өкілдері әлі күнге дейін айтады.

Сонымен бірге Мұхтардың атасы – өнер адамдарына да көмегін аямаған кісі. Көп мысалдың бір айғағы – жас кезінде көпшілік мойындай қоймаған талант иесі Шәмші Қалдаяқовқа жасаған қамқорлығы. 1965 жылғы 4 ақпанда жерлестері Шымкент облысы жастарының атынан «Кубань» пианиносын сыйлаған Шерім Ерманұлы болатын. Арнайы естелік жазбасы бар музыкалық аспап бүгінде Ұлттық музейде тұр. Жәдігер тарихын зерттесе де болар еді. Қазіргі гимннің нұсқа-нобайын дүниеге келтірген осы пианино болуы да мүмкін деген жорамал да жоқ емес. Алайда, кезінде Ш.Қалдаяқов­тың болашақ гимн авторы, Қазақстанның Еңбек Ері болатынын ешкім білмеген-ді. Кейін Мұхтар Тілдәбекұлының қайын атасы, қазақтың белгілі жазушысы Еркінбай Әкімқұлов біртуар композитор, досы, Қазақстанның халық әртісі туралы роман жазуы да тарихи сәйкестілік сияқты көрінеді.

Ал Мұхтардың әкесі – Тілдәбек Шерімұлы Шымкент өңірін дамытып, көркейтуге көп үлес қосқан нағыз еңбек адамы. Өндіріс саласына етене араласқан алғашқы қазақ жастарының белді өкілі десе болады.

1957-1962 жылдар аралығында Қазақ химия-технология институтының өнеркәсіп және тұрғын үй құрылыс факультетінде инженер құрылысшы мамандығы бойынша білім алған.

Жоғарғы оқу орнын бітірісімен жолдамамен Шымкент асбестоцемент конструкциялар (шифер зауыты) зауытында ауысым мастері, цех басшысы болып істеді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, сол жылдары аталмыш зауыт шифер өндіруден Совет одағындағы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді.

Тілдәбек Шерімұлы облыстық Советтің (мәслихат) депутаты болып сайланды, еңбек ардагері көптеген шәкірт тәрбиелеп, төрт жыл бұрын дүниеден озды.

Адал еңбекті ұстын еткен әулеттің үшінші буын өкілі, әріптесіміз әрі замандасымыз Мұхтар Тілдәбекұлы Шерім атасы салған сара жолды ұстанып келеді. Ал жоғарыда айтқан ата кәстөміне байланысты ғұрыптың діни, өзге нанымға ешқандай қатысы жоқ, тектілікті сақтауды, адамшылық ниетті, іске жанашырлықты, ең бастысы аса жоғары жауапкершілікті сезінуді білдірсе керек.

Бүгінде қоғам қайраткері Мұхтар Тілдәбекұлы өз балаларын ата-баба дәстүрімен қанаттандырып, немерелерін өсіріп жатыр. Ата-ана өсиетіне адал болуға, яғни ерекше білім, терең тәлім алуына марқұм анасы Роза Рысқалиқызы көп көңіл бөлгенге ұқсайды. Елге тұлға болсын деп екі ұлына да аналық мейі­рімін аямаған.

С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде тарихшы, шетел тілінде оқытатын тарих пәнінің оқытушысы, заңгер мамандықтарын алып шыққан жас Мұхтар еңбек жолын жоғары оқу орындарында ассистент, тәлімгер болып бастады. Кәсіпкерлік қанатын жайған тұста қосымша қажет болған түрік тілін де меңгеріп, жеке компанияда менеджер болды. Өзі бас-көз болып құрған жаңа тұрпатты «Алматыжарнама» мемлекеттік кәсіпорнының тасын да өрге домалатты.

Сондай-ақ, ол тәуелсіз елімізде өрісін жайған партия құрылысы ісіне белсене араласты. Алған білімі де, оқып-үйренген тілдері де, біліктілігі де сынға түсті. «Асар», «Нұр Отан» партиялары аппаратында жауапты және басшылық қызметтерде Мұхтар Ерман өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Өркениетті елдердің түрлі сайлау науқандарына еліміздің өкілі ретінде бірнеше рет қатысты, саяси технологияларды, озық тәжірибені зерделеп қайтты. Екі шақырылымда Мәжіліс депутаты мандатына ие болып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде жаңа бастамалары арқылы тиісті салалар бойынша заң шығару қызметіне көп еңбек сіңірді.

Ал 2022 жылғы 30 наурыз­да Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі әрі Орталық сайлау комиссиясының хатшысы болып сайланды. Елімізде тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органға саяси жаңғыру аясында жаңа міндеттер жүктелді.

Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін жетілдіру ісіне әріптестерімен бірге Мұхтар Ерман да өзіндік үлесін қосып келеді.

Осы жылдардағы оның еңбегі елеусіз қалмады. «Құрмет», ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің «Содружество» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен, халықаралық медальдарымен, төсбелгілерімен марапатталса да, Мұхтар үшін Шерім ата кәстөмінің орны бөлек, ерекше қадірлі. Өйткені оның елге адал еңбек етуді әрдайым еске салып тұратын қасиеті бар.

Мұны Мұхаңның зайыбы Құралай Еркінбайқызы да, балалары Асқар мен Аңсар да шын жүректен мойындайды.

2013-2014 жылдары «Евразия» бірінші арнасы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мұхтар Тілдәбекұлы бұқаралық коммуникация құралдарының жұмыс үрдісін бес саусағындай біледі. Ал кәсіби журналшылар оның баспасөзде жариялаған мақалалары мен аналитикалық талдауларынна назар аударып, жоғары бағалайды. Сонымен бірге Мұхтар Тілдәбекұлы еліміз аумағындағы мәдениет ескерткіштері мен тарихи орындарын кәсіби деңгейде фотоға түсіруді көңіл қалауынан гөрі туған елін жарнамалау ісі деп қарайтын сияқты. Сондай-ақ, еліміздегі бірқатар мектепті жабдықтауға көмек қолын созғанын, олардың кітапхана қорын ұлғайту үшін кітаптарды дүкеннен арнайы сатып алатынын, әр салада еңбек сіңірген, жасы ұлғайған, жәрдемге мұқтаж ағалары мен апаларына сый-сияпат жасап, мерекелерде құттықтайтынын, ұдайы көмектесетінін көріп, Мұхаңның кәде, қайырымдылық жөніндегі ұстанымына талай рет куә болдық. Алайда, жоғарыда көрсетілген адамдарға жасаған жақсылықтарын әңгіме еткен емес, ондайға қарсы. Ол өзара сыйластықты, қадір-қасиетті сақтау кез келген жарнамадан жоғары тұрады деп есептейді.

Өйткені, жанашырлық, шығармашыл, еңбексүйгіш қасиеттер кез келген адамға өмірдің барлық саласында өз орнын табуға септігін тигізеді.

Ата-бабадан мирас болған осы қарапайым қағиданы ұрпақтан ұрпаққа жеткізу Мұхтар Ерман және оның замандастары үшін ең жоғары азаматтық борыш болып қала берері сөзсіз.

Дархан МЫҢБАЙ,

мемлекет және қоғам қайраткері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button