#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Адвокат мәртебесі қалай көтеріледі?



Астанада адвокаттар алқасы жұмыс істейді. Расы керек, олардың жұмысы туралы, тыныс-тіршілігі жөнінде көп адам біле бермейді. «Адвокат кім?» десеңіз, кез келген адам «ол азаматтардың сотта құқын қорғаушы» деп жауап беруі мүмкін. Ал шындығында, құқық қорғау органдарында кем дегенде бір жыл еңбек өтілі бар, адвокаттар алқасында тәжірибе мен сынақтан сүрінбей өткен, арнайы рұқсат алып, аймақтық адвокаттар алқасына мүшелікке қабылданған заңгер ғана Қазақстанда адвокат ретінде қызметін жүргізе алады. Сондықтан олардың жауапкершілігі үлкен, атқаратын қызметі де анағұрлым ауқымды. Тек жалпақ жұртқа жария насихатталмағасын көпшіліктің біле бермейтіні сондықтан.

 Қорғаушы тәуелсіз болуы керек

Кейінгі кезде қоғамда осы қызмет иелерінің тәуелсіздігі мен соның ішінде жаңа Қазақстан жағдайында көрсететін заңдық көмегінің сапасын арттыру жайы да жан-жақты әңгіме болып  жүр.

Тіпті кеше ғана өткен VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде адвокаттардың рөлін арттыра түсу қажет. Оларға сотқа дейінгі тергеудің басынан бастап қылмыстық істің материалдары еш кедергісіз берілуі тиіс. Жұрт заңдардың кейбір ережелеріне наразылық білдіріп, шағым айтуда. Конституциялық соттың шешімдері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр» деген болатын.

– Үкіметке таяу арада адвокаттардың мәртебесін көтеру жолында нақты ұсыныстар беріп, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір Қазақстанның құқықтық жүйесі үнемі жаңару үстінде. Осы үдерістен азаматтық қоғамның ең бір жетекші институты ретінде адвокатура да қалыс қалмауы керек. Атап айтқанда, кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегін көрсету мәселесіне айрықша назар аударған жөн, – дейді Қазақстан адвокаттар алқасы ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы Сапар Әміртаев.

Кепілдендірілген мемлекеттік тегін заң көмегін көрсету туралы жаңа заң жобасын әзірлеу жөнінде еліміздің Әділет министрлігіне қаншама хат жазылды, алқалы жиындарда келелі ұсыныстар да айтылды. Дегенмен адвокаттар мен заң кеңесшілерінің осы негіздегі талап-тілектері әлі күнге ұзын арқан, кең тұсауға салынып, нақты көңіл бөлінбей аяқсыз қалып келеді.

Екінші бір мәселе, «адвокатураны цифрландырылған жүйеге көшірудің пайдасы қандай, зияны неде?» деген сауал төңірегінде. Адвокат Асқар Өтепов мұны көптен бері әріптестерінің назарына салып келе жатқанын айтады. Оның ойынша, бұл саладағы ақпараттық технологияны жетілдірген дұрыс, алайда оны орталықтандырмау керек. Әр адвокаттың міндетті түрде ақпараттық тәуелсіздігі болуы тиіс. Әйтпесе, «жағымсыз адвокатты» бұғаттап, тіпті оның іс-әрекеті мен жұмысына сырттай бақылау жүргізілуі әбден мүмкін.

«Ең бастысы, адвокат тәуелсіз болмаса, халыққа сапалы да сауатты заңдық көмек көрсету мүмкіндіктері жойылады. Міне, осыны қатаң ескеру қажет» дейді тәжірибелі адвокат.

Әдеп талаптары сақталса…

Заңды жақсы біліп, өз ұстанымын дәлелді тұжырымдармен сауатты қорғай алатын адвокатпен кез келген судья оның уәжіне нақты құлақ асып, санасады. Бұл өмірде кездесіп жүрген көпшілікке белгілі жай. Расы керек, мұндай тәжірибесі мол, өзінің жұмысын тиянақты да нәтижелі атқаратынына сенімді адвокаттардың қызметі де қымбаттау болатыны сөзсіз. Бірақ оны қазақстандық құқық қорғаушылар ашық айтпайды. Бірақ соңғы уақытта олардың этикалық талаптарды сақтауы және  қызметі мен көрсететін заңдық көмегі туралы жаңа заң қабылдануы керек деген әңгіме шыққалы қоғамда пікір алуандығы қалыптаса бастады.

Заңгер-адвокат Айнұр Мұратқызының пікірінше, адвокаттардың гонорарын ашық жариялау керек деген сөз мүлде дұрыс емес көрінеді. «Біреулер «Әділет министрлігі әзірлеп, алдағы уақытта Парламент талқысына ұсынылғалы отырған заң жобасына осындай бір бап немесе тармақ енгізу керек» деп өз көзқарасын таңып жүр. Бұрынғы заңда клиенттің құпиясын ашуға болмайды деген тұжырым бар еді. Ол жаңа жобада да болуы керек. Бұл – түптеп келгенде, оның қорғаушысы жүргізетін жұмыстың нағыз түйіні. Клиент адвокатқа сенуі керек. Осындай екеуара түсіністік, бір-бірін ұғатындай ахуал қалыптасқанда ғана ортақ жұмыстың жемісі болады.

Әдептілік талаптарын бұзғаны үшін адвокаттың рұқсат қағазын (лицензиясын) алып қою керек деп жатады. Рас, кейде қалтасының қамын көбірек ойлап, сенімге селкеу түсіретін заңгерлер кездесетінін жасыруға болмас. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сол. Өмірде кездейсоқ жаза басып, заңның құрығына іліккен адамды осындай қиын сәтте жоғары білікті, маман заңгердің қорғауы үшін ақылы қызметін ұсынуы – нарық талабы. Оған келісуге болады. Алайда өзі немесе етбауыр жақыны үшін қолындағы барын беріп, үміттенгенде, берген ақша ақталмай,  іс те оң шешімін таппай қалса, бұл жағдай қоғамда дүрбелең туғызары сөзсіз. Сондықтан қандай жағдайда да адвокат өзінің қоғамдағы беделіне нұқсан келтірмеу жағын алдын ала ойластыруы керек» дейді заңгер.

Қазақстанада адвокаттар қызметі туралы заң 1997 жылдан бері жаңармапты. Міне, енді Әділет министрлігі ұсынып отырған жаңа заң жобасында заман талабына сай оң өзгеріс­тер барынша қамтылып отыр. Қаншама ой-пікір айтылғанымен, әркім өзінің әлеуметтік, экономикалық, саяси тұжырымы мен көзқарасын білдіріп жатқанымен, адвокатура да тірі ағза сияқты жетіліп, дамып отырғанды қалайды. Сондықтан ерте ме, кеш пе бұл заң қабылданары сөзсіз.

Жұмыс насихатталса…

Қазақстанда кейінгі жылдары алқа билердің өкілеттілігі артта түсті. Олар қазір азаптау, бөтеннің мүлкін күшпен тартып алу (рейдерство), дәрігерлердің қателіктері, тағы басқа да қылмыс­тық істерге үкім шығарып жүр. Бұған қуану керек. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар үшін бұл – жағымды жаңалық. Өйткені іс барысында оларға түсетін жүктеме жеңілдейді. Судьяның әділ шешім шығаруына ықпал күшейеді. Мойындау керек, өз ісін бес саусағындай біліп, шын мұқтаж жандарға тегін көмек көрсетіп жүрген адвокаттар аз емес. Ондай адамдар, әсіресе бұрын сот, прокуратура, тергеу ісі, заң саласында мол тәжірибе жинақтаған салиқалы заңгер болып келеді. Міне, олардың жұмысын барынша көрсете насихаттап, жұртшылыққа үлгі ету қажет. Бұл, түптеп келгенде, адвокаттардың рөлі мен беделін нығайтуға қызмет етеді.

«Қазір елімізде алты мыңға тарта адвокат бар. Сондықтан да қылмыстық, әкімшілік процестердегі адвокаттар болсын, азаматтық істердегі заң кеңесшілері болсын өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқаруы тиіс.  Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыстық іс, миллионға жуық азаматтық іс қаралады. Осылардың әрқайсысында азаматтар білікті заң көмегіне жүгіне алуы керек. Жекелеген жағдайда мемлекет көмектесіп келеді. Бірақ, көп ретте жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да заңгерлерді өздері табады. Кейде қорғаушылар мен кеңесшілердің біліктілігіне көңілі толмай, шағымданып жататындар да болады. Алдағы уақытта адвокатура жұмысын жоғары стандарт пен сапалық жаңа деңгейге көтеру – уақыт талабы екенін осы саланың адамдарының өздері мойындап отыр. Сондықтан Жаңа Қазақстан жағдайында Мемлекет басшысы тапсырғандай адвокаттардың мәртебесі де, рөлі де, жұмысы да жаңа сатыға көтерілуі тиіс. Өйткені олар өздерін қоғамнан да, азаматтардан да, сот төрелігі жүйесінен да бөлек қарастыра алмайды» деген пікірмен толық келісуге болады.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button