Басты ақпаратМәдениет

Ай сәулесімен кітап оқыды



Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ­орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Ай сәулесімен кітап оқиық» атауымен кітапхана түнін өткізді.

Шараның мақсаты – оқырманның кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықтың кітап оқуға деген белсенділігін арттыру, кітап оқуды насихаттау, қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, қазіргі заман ақын-жазушыларының шығып жатқан жаңа еңбектерін таныстыру.

Бұл күні кітапхана есігі барша оқырмандарына, қала тұрғындары мен қонақтарға айқара ашылып, әртүрлі бағыттағы 9 алаң жұмыс істеді. Кітапхана түнінің өтуіне Үндістан, Түркия, Польша, Армения елшіліктері, Астанадағы «Орыс үйі» өкілдері атсалысты. «Орыс үйі» директоры Ольга Филонова құттықтау сөзінен кейін жалпықазақстандық  «Астана – бейбітшілік бесігі»  атты  ашық диктантқа қа­тысқан кітапхана оқырмандарын марапаттап, кітап­ханалар  жүйесіне  көркем әдебиеттерді сыйға тартты. Астанадағы Үндістан мәдени орталығының бірінші хатшысы, директоры Санджай Веди кітапхана оқырмандарын Үндістан мәдениетімен таныстырды. Осы бірінші алаң жұмысында ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама өтті.

«Ван» Армения этномәдени бірлестігі Армения елі тарихын, әдебиетін таныстыратын «Армения: тарих және қазіргі заман» кітап көрмесін және ұлттық қолөнер бұйымдарын ұсынды. Polska Jednosc қоғамдық бірлестігі кітап бетін бүкпеу үшін әртүрлі қағаз, мата, былғары, сүйек, т. б. бұйымдардан кітап бетбелгілерін қызықты, әсерлі етіп жасау, кітаптарды қалыпқа келтіру бойынша өте қызықты шеберлік сабағын өткізді.

Ақын-жазушылармен авто­граф-сессиясы барысында балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, «Күшті бала» кітабының авторы Серікбол Хасан оқырмандармен кездесіп, шығармаларымен таныстырды.

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы және «Қыз­ғалдақ» қыздар клубы алаңы тәрбиелік «Қыз өссе – елдің көркі», «Өз ісінің маманы болу» сияқты ауқымды шараларды өткізді. Ата-әжелер мәдени тәрбиені санаға сіңіру үшін киіз үйдің ішіндегі көрпелерде отырып, балаларға ертегілер айтып, мақал-мәтелдердің адам, бала тәрбиесінде алатын орны туралы әңгімеледі.

Кітапханада 2019 жылы қолға алынып, кітапсүйер қауымға арналған «Менің қалауымдағы кітаптар» атты BookDating алаңының спикерлері тележүргізуші, телепродюсер Әйгерім Есенәлі, тарихшы Жақсылық Сәбитов, журналист Руслан Ыдырысов сүйікті кітаптарымен таныстырды.

«Авангард» поэзия жанкүйерлері клубы поэтикалық кеш өткізіп, өлеңге таласы бар жеткіншектерге клуб жетекшісі, ақын Дина Ораз шеберлік сабағын өткізді. Қазіргі таңда АҚШ-та тұрып жатқан жерлесіміз, суретші Серік Күлмешкенов кітабының онлайн-тұсаукесері өтті. Оған мәдениеттанушы, Астана қаласының құрметті азаматы Нелли Шиврина, бард Мақсат Сәрсенбеков, суретшінің сыныптастары, достары қатысты.

«Құмды өнер – құм анимациясы» алаңында құм театры жетекшісі Айжан Жәркеш­қызы құммен сурет салу өнерінен шеберлік сабақ жүргізіп, Валентин Катаевтың «Жеті бояулы гүл» ертегісін және күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйінің шығу тарихын құм анимациясымен көрсетті.

Кітапханалар жүйесінің серіктестері «Наз» мемлекеттік би театры, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы өнерпаздары өнер көрсетті. Астана қаласы Қуыршақтар театрының аниматорлары қызықты ойындар ойнатып, тәтті сыйлықтар таратты. «Замандас 21» қоғамдық қоры өз коворкинг орталығы мүшелерінің ұлттық нақышта жасалған қөлөнер жәрмеңкесін ұйымдастырды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы «BookCrossing» кітап алмасуына 200-ден аса кітап ұсынды. «BIG DREАM» баспасының кітап саудасы алаңында 3D көлемінде жазылған кітаптар сатылды.

Кітапхана түніне жалпы 700-ге жуық оқырман қатысып, жаңадан 126 адам кітапханаға жазылды. Оның 78-і – жеткіншектер, 48-і – ересектер.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button