Басты ақпаратЕлорда тынысы

Аламан бәйге Ата Заңға арналды



Конституция күніне орай «Қазанат» ипподромында бәйге өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен спорттық іс-шараны Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы ұйымдастырды.

Дүбірлі доданы тамашалауға Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден, Астана қаласының Ұлттық және Олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев арнайы келді.

Құттықтау сөз алған Ерлан Каналимов:

– Бәйге спортын дамытуға Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев ерекше көңіл бөліп отыр. Өздеріңіз білетіндей, «Қазанат» ипподромында жыл сайын 10-15 шара өткізу дәстүрге айналды. Бүгінгі турнирге 11 өңірден 50-ге тарта арғымақ келді, – деді.

Ақын Ілияс Жансүгіров «жанына халқымыздың жылқы жаққан…» деп жырға қосқанындай, әрбір қазақ баласы жылқыны көрсе арқаланып кетеді. «Қазанатқа» жиналған қалың жұрт та аспанға шаң көтерген сәйгүліктердің бабын байқап, аяқ алысын аңдап, қай жүйріктің маңдайы жарқырарын өздерінше топшалап, тақымын қысты.

Шабандоз шыңдалатын, сәйгүлік сыналатын «Ұшқыр бәйгеде» павлодарлық Аслан Байкенов «Олжахан» есімді тұлпарымен мәреге бірінші келді. 2,4 шақырым қашықтыққа созылған аламанда Ақмола облысының өкілі Алина Колесникова «След» есімді тұлпарымен екінші жетті. Ал үшінші орын «Дон Свифт» есімді тұлпарды тізгіндеген Дмитрий Волковқа (Ақмола облысы) бұйырды.

Жылқының жалынына жабысып, дала рухын сіңірген өзіміздің қаракөздерден бөлек, өзге ұлт өкілдерін көріп қуандық. Жылқы мен қазақ егіз десек, ат спорты – ұлттық рухтың қайнар көзі. Ендеше, елдігімізді биіктету жолында ұлтты біріктіретін құрал – ат спорты. Оның ішінде, бәйге деуге толық негіз бар.

18 шақырымға созылған «Топ бәйгеде» бірінші орынды «Хан тәңірі» есімді тұлпарды тақымдаған Абзал Тұрғанбек (Алматы қаласы) алды. Екінші және үшінші орынды қос елордалық Исламнұр Ертас (Бақторы) пен Тимур Харитон (Ақбақай) өзара бөлісті.

Қазақ танымындағы аламан бәйгенің орны зор. 20-дан 100 шақырымға дейінгі қашықтыққа кез келген жылқы да, шабандоз да шыдай бермейді. Өйткені аттың жүйріктігі, төзімділігі мен шабандоздың шеберлігі байқалады. Бұл жолғы аламан бәйге 25 шақырымды құрап, «Шығырай» есімді ­тұлпар мінген Мирас Нағашыбай барлығын шаң қаптырып, мәреге бірінші жетті. Екінші орынды – Ертөс Исламнұр (Сарыарқа), үшінші орынды ­– Бекзат Ділдәхан (Байқара), төртінші орынды – Арнұр Саматұлы (Тамаша), бесінші орынды – Абзал Тұрғанбек (Тойбастар) еншіледі.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, сыйақылар берілді. Бәйгенің жалпы сыйлық қоры – 19 миллион 500 мың теңгені құрады.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button