Ел тынысы

Антына адал аға лейтенант



Әскер беделін арттырып, абыройын асқақтата түсуге үлесін қосып жүрген әскери қызметшілер баршылық. Солардың бірі – елордалық 68665 әскери бөлімі «Алдаспан» арнайы мақсатта шабуылдау батальоны рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Есболат Малағаздар.

Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің құрамындағы 68665 десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімі – Қарулы күштердің элитасы, Жоғарғы Бас қолбасшының резерві. Астана қаласындағы қоғам-дық тәртіпті қамтамасыз етіп, бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген аймақтарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға жұмылдырылады. Шекараға жақын орналасқан әскерлерге көмек көрсетіледі. Бітімгершілік операцияларына қатысу миссиясы тағы бар. Мұндағы құрмет қарауылы ротасы сарбаздары елімізге сапарлап келген мемлекеттердің президентін, өзге де құрметті меймандарды күтіп алу сияқты ресми іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Ал осындай маңызды міндеттерді мүлтіксіз орындап келе жатқан десанттық-шабуылдаушы бригадасының қатарынан табылу сарбазға зор қуаныш болса, қызмет етіп жүрген әскери қызметші үшін үлкен абырой.

Мұны жете түсінген Ес­болат Малағаздар бүгінде жас та болса бас болып, рота командирінің орынбасары деген лауазымды абыройлы атқарып жүр. Әскери қызметте төрт жылдан астам уақыт жүрген ол бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысқан атасы Мәліғаздар Нәуешовтің қилы тағдыры мен қайтпас қайсарлығын, ерлігі мен батылдығын өзіне үлгі етті. Әскери борышын Германияда өтеген әкесінің де болмысына тамсанып, жолын қуып, әскери салаға нық сеніммен келді.

– Әскер – ел қорғаны. Әскери қызмет адамды әр қырынан шынықтырады. Өзім бұл саланы таңдағаныма өкінбеймін. Ата-әке жолын қуғаннан кейінгі мақсат елдік мүдде жолында еңбек ету болатын. Отанға адал қызмет ету әрбір азаматтың борышы деп білемін. Оған қоса, мемлекеттің де қолдауы жұмысқа жігер береді, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде десантты-шабуылдаушы бригадасының сарбаздар сапында сап түзеуді өзіне зор міндет тұтқан отаншыл жастарымыз аз емес. Қазірде 68665 әскери бөлімінде 400-ге жуық сарбаз бар. Дегенмен бұл қатардан табылу екінің біріне бұйыра бермейді. Талаптары жоғары. Бастысы – әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер-азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button