Ел тынысы

Ассамблея – қайырымдылық ұйытқысы



– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының  қызметі мен міндетін көрсетіп берді. Расында да бұл – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Баршаңыз осы маңызды миссияны абыроймен атқара бересіздер деп сенемін» деп баршамыздың жауапкершілік жүгіміздің қаншалықты екенін тағы да еске салды.

Өз басым Ассамблея құрылғалы 28 жылдың көлемінде барлық істердің басында жүруге тырыстым. Осы ұйым арқылы мейірімділік, қайырымдылық пен ізет-құрметтің жолын көрсетіп келемін.

Алғашында ескі жүйе ыдырап, үйреншікті тірлігімізден ажырап қалған кезде  бірден аяқтан тұру оңайға түскен жоқ. Сол қиын кездері кәсіп бастап,  айналамда үйіріліп жүрген жастарды қанатымның астына алып, қолдау білдірдім. Оларға кәсіптің қыр-сырын үйретіп, қамқорлығыма алдым. Қазіргі күні олар өз алдына үй болып, қатарынан қалмай, саналы азаматқа айналды.

Кәсібіміз дөңгеленіп, ел алдына шыға бастағаннан қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырдық. Қарияларға, көпбалалы, әлеуметтік хал-ахуалы төмен отбасыларға, медициналық көмекке зәру жандарға қолымнан келгенше көмегімді беріп тұрамын. Ыстық тамақ ұйымдастыру керек кезде де шет қалмаймын. Әр бейсенбі, жұма күндері келісім бойынша дүкендерде қарияларға, көпбалалы отбасыларға тегін нан беріледі. Бір мың-екі мың нанға дейін барлық қалалар бойынша бөлінеді (Астана, Алматы, Тараз, Павлодар).

Науқас балаларға көмек беруді бірінші орынға қоямын. Одан соң үлкен бұқаралық іс-шараларда қарияларға қамқорлық жасаймыз. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясының тұрақты қатысушысымын. Сексен-тоқсан балаға керек-жарағын алып береміз.

Мұны неге айтып отырмын? Мемлекет ісін бастаған адамға қай жағынан болсын көмек көрсетіп отыр. Қолыңнан келгенше мүмкіндігіңді пайдалан да, еңбектен, оның қызығын көр деп отыр. Ал енді осыдан неге жастарға арқа болып, іскерлікке баулымасқа? Біз көрген мемелекеттің қамқорлығын біз неге жастарға көрсетпеске? Барыңмен бөлісу қажет.

Ол туралы Президентіміздің өзі былайша қайырды. «Ассамблея волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болуда. Тілеулестік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуде. Соның арқасында қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы орныға түсті. Ассамблея медиация институтын дамытуға үлес қосып келеді. Жастармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл – өте ауқымды және маңызды жұмыс. Бір сөзбен айтсақ, Ассамблея мүшелері – еліміздің болашағы жарқын болуы үшін еңбек етіп жүрген нағыз отаншыл азаматтар, нағыз патриоттар… Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы    бір бауырлас азаматтармыз». Бұл, әрине, әрқайсымыздың жүрегімізден шыққан лебіз деп ойлаймын. 

Хасан ШАРИПОВ,

кәсіпкер, «Дустлик» өзбек қауымдас­тығы төрағасының орынбасары




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button