Елорда тынысы

Астанада «Журналистер саябағы» салынады



Елордада көктемгі ағаш отырғызу және «Жасыл Астана» экология айы сәуір айының басында басталған еді. Алайда, ауа райының өзгерісіне байланысты бұл игілікті шара бірер аптаға кешіккен болатын.

Бүгін сол науқан қайта жалғасын тауып, Астананың 5 ауданының тұрғындары, сондай-ақ мемлекеттік мекеме, білім беру және қоғамдық ұйымдары жаппай сенбілікке шығып, ағаш отырғызып, көше бойларын тазалап, таза қала құру ісіне белсене қатысты.


Жұмабек Тәшенов көшесі бойындағы саябақта орналасқан «Астана» мүсіні ескерткішінің маңында Байқоңыр ауданының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке Байқоңыр ауданы әкімдігі, мәслихат депутаттары, қалалық жазушылар одағы, аудандық ардагерлер кеңесі, ақсақалдар кеңесі, ұзақ өмір сүру орталықтары сияқты мекеме, ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ жастарды қамтыған 200-ге жуық адам қатысты.
-Ауа райына байланысты бұл мерекелік шара екі аптаға кешікті. Дегенмен, бүгін жұрт өте белсенді. Көтеріңкі көңіл күймен келіп, ағаш егіп, қоқыстарды тазалап, ағаш түптерін ағартып жатыр. Таза әрі жасыл желек жамылған көрікті қала құру біздің ортақ мақсатымыз. Бұл игілікті шараға әрбір қала тұрғыны қатысу керек. Тірлік кешіп жатқан қаламыз таза болса, өміріміз де жайлы болады.

Қаланы жасылдандыру жұмыстары әлі де жалғасады. Бүгін Байқоңыр ауданы бойынша 5000 түпке жуық ағаш отырғызылады. Тек «Астана» мүсіні ескерткіші маңында 150 түпке жақын ағаш отырғыздық,- деді Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.
Сондай-ақ, аудан әкімі биыл салынатын қоғамдық кеңестіктер қатарында «Журналистер саябағы» ашылатынын жеткізді.
-Биыл аудан аумағында 7 қоғамдық кеңестік салуды жоспарлап отырмыз. Осы шара аясында журналистер күніне орай, тілші азаматтарымызға сыйлық ретінде «Егемен Қазақстан» көшесінің бойынан «Журналистер саябағын» саламыз,- деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының «Бес жыл ішінде Астананы бақ қалаға айналдыру, көпжылдық өсімдіктерді көбірек отырғызу керек» деген тапсыр¬масына сәйкес биыл елордада миллион жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Оның 500 мыңы қалада, 500 мыңға жуығы Астананың жасыл белдеуіне отырғызылады.
Қаиакбар Үсемханұлы


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button