Басты ақпаратДенсаулық

Ақ жаулықтың денсаулығы дұрыс па?



Кез келген мемлекет іргетасының берік болуы саналы ұрпақ өсіретін отбасының мықты, негізгі функцияларының сақталуына байланысты. Ақыл-ойы дұрыс, дені сау азаматтарды мемлекет өркендеуінің кепіліне де жатқызады.

Осы уақытқа дейін қазақтардың жеті атаға дейін қыз алыспайтын қан тазалығы себеп болды ма, жастардың неке алдындағы денсау­лығына аса мән беріле қоймаған екен. Алайда қазіргі қоршаған ортаның бұзылуы, моральдық құндылықтардың ауысуы, жастардың отыздан асқанша отбасын құрмауы, медициналық қызметтің сапасы бұл мәселені қарауға негіз болатын сияқты. Жастардың өз денсаулығына мән бермегендігінің зардабы жоқ емес. Еліміздегі шайқалған шаңырақтың әрбір бесіншісі баласыздықтан екен. Одан бөлек, былтыр Денсаулық сақтау министрі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны төрт мыңға көбейді деген дерек таратқан болатын. Яғни былтырғы қаңтардағы мәлімет бойынша кемтар балалардың саны – 98,2 мың. Аз емес.

Байқап отырсақ, көптеген елде жастар некеге тұрмас үшін алдын ала дәрігерлік тексеруден өтіп, болашақ балаларының денсаулығының мықты болуын алғашқы күннен бастап қолға алады екен. Бізге ерсі көрінсе де, бұл ұлт саулығының іргетасын қалайтынын түсінуіміз керек. Некелесер алдында міндетті түрде өтетін медициналық тексеру арқылы жастар өзінің денсаулығы туралы алдын ала біледі. Егер шамадан тыс ауытқу анықталаса, онда екі жақ та маңызды қадам жасар алдында мықтап ойлануға мүмкіндіктері бар.

Шетелде бұл мәселе қалай шешілетінін қарастырайық. Бұл жерде ескеретін нәрсе – көптеген батыс елдерінде, АҚШ, Канада сияқты дамыған мемлекетте азаматтар ержетіп, есейген шағында ғана некеге отырады. Біздіңше айтқанда, өз қолы аузына жетіп, оқуын бітіріп, қызметке орналасып, тұрмысын түзеп, баспанасын да жасап алғанда ғана отбасын құруды, бала сүюді жоспарлайды. Сол себепті де таңдаған серігінің денсаулығының мықты болуы – сау ұрпақты дүниеге әкелуінің кепілі. Мұндайда жаңылыс қадам жасамауға тырысады. Сол үшін де Америка Құрама Штаттарында некеге тұратындардың басында болмауы тиіс аурулардың тізімі бекітілген. Оның қатарына гепатит, ВИЧ инфекциясы, туберкулез, кейбір психикалық аурулар, бедеулік, нашақорлық жатады. ­Аурудың бар екенін жасырған кезде немесе бұрын арнайы тізімге енгізілген кеселмен ауырғанын айтпаса, бұл да – некені болдырмайтын себептің бірі.

Дәл осындай пікірді италиялық заң шығарушылар да қолдап отыр. Польшада «ерлі-зайыптылардың біреуінің психикалық ауруы немесе деменциясы отбасылық өмірге немесе болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді» деп санайды. Мексикалық жас жұбайлар медициналық анықтама мен қан талдауын некелесер алдында неке тіркейтін орынға көрсетуі тиіс. Бұл заңмен бекітілген. Алайда болашақ жұбайлардың ауруы неке үшін кедергі емес. Егер өз келісімін беріп, оған қатысты тәуекелді қабылдап, жауап­кершілігін мойнымызға аламыз деп ресми құжатқа қол қойса болғаны.

Франция Азаматтық кодексі бойынша ерлі-зайыптыны тіркейтін ресми органға медициналық тексеруден өткенін растайтын анықтама тапсыруы тиіс. Украинаның Отбасы кодексінде жас жұбайлар денсаулық жағдайы туралы бір-бірін хабардар етуі тиіс. Егер біреуі денсаулығы туралы мәліметті жасырса, неке заңсыз деп есептеледі. Молдованың Отбасы кодексінде некеге отыратындар тегін медициналық тексеруден өтеді. Латвияда некеге тұрар алдында қалыңдық немесе күйеу баланы медициналық тексеруден өткізуді заңмен міндеттейді.

Өзбекстанның заңнамасында да медициналық шаралар некеге отыратын жастарға міндетті, ал егер елуден асқандар шаңырақ көтеретін болса, онда олардың өз келісімімен ғана жүргізіледі. Әзербайжандық жұбайлар да жыныстық ауруларының жоқ екенін дәлелдеуі тиіс. Тәжікстанда да қандас жақындарымен некеге отыруға рұқсат етілмейтін болды, олар да міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұл туабітті, тұқым қуалайтын кеселге ұшыраған балардың санын кемітеді делінген. Ресейдің кейбір бөлігінде заңды күші болмаса да, мешітте некесін қиятындарға жұқпалы ауруы жоқ деген анықтама өткізуді талап етеді. Бұған гепатит B және C да енгізілген.

Түркияда неке қиюды тіркеу кезіндегі басты құжаттың бірі – денсаулық туралы анықтама. Рентген, жалпы қан талдауы, анемияға, гепатитке, мерезге, СПИД-ке қарсы тест. Кейбір жұқпалы ауруға арналған тесттен өтуі керек. Жас жұбайларға дәрігер кеңесі беріліп, қалыптағы жағдайды түсіндіреді. Дегенмен мұны қолдайтындар да, адам құқығы бұзылды дейтіндер де жетерлік. Әлем тәжірибесінде мемлекет өз азаматтарының денсаулығы мәселесіне қаншалықты қатты көңіл бөлсе, бұл талап сақталып отыр. Мұндай нормалардың болуы асығыс некелер санын азайтады, адамдардың денсаулық деңгейін арттырады. Азаматтар, ең бастысы, ауыр дертке шалдыққан балалар саны кемитінін алға тартады. Десе де міндетті түрде медициналық тексеруден өтуді мәжбүрлеу некеге тұрушылардың санын азайтып, олардың некесіз тұра беруіне жол ашады деген қауіпті де жоққа шығармайды.

Біздің елімізде сот шешімі бойынша заңды күшіне енген психикалық ауруы немесе ақыл-есі кем болғанының салдарынан жоқ дегенде біреуі әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға неке қиюға жол берілмейді.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button