Мәдениет

Балаларға – базарлық



Әлем мәдениетінің, жалпы адамзат өркениеті­нің қалыптасуына ерекше ықпал еткен түркі дүниелерін зерттеудің маңызы күннен-күнге артты. Осы мақсатта құрылған «TURKTAV» түркі тарихы мен мәдениеті қоры үлкен жобаларды қолға алып отыр. Соның бірі – «Отырар» ­халықаралық электронды кітапханасы. Бүгінде кітапхана қорында 100000-нан астам түркологияға байланысты кітап бар.

Түрік әлемінің цифрлық кітапханасында Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан, Саха (Якутия), Иран, Ауғанстан, Үндістан, Ресей, Венгрия, Англия, Франция, Италия сияқты 30-дан астам елдердегі түркі әлеміне қатысты ең құнды деген кітаптар мен құжаттар бар. Оның көпшілігі – сирек кездесетін туындылар. Мұндағы мұрағаттың басым бөлігі цифрлы болса да, сирек және ғалымдар үшін маңызды 4000 кітап бар шағын кітапхана да бар.

Тек электронды кітап­хана емес, одан бөлек, түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының шығармаларын әртүрлі тілге аударып, шығару да «TURKTAV»-тың негізгі міндеті. Жыл сайын көрме қыз­меті арқылы түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттауды үздіксіз жүргізіп келеді.

Биыл Қазақстандағы Балалар жылына орай «TURKTAV» жуырда ерекше екі бірдей шара өткізді. Жапонияда үздік мультфильм атанып, алтын медаль жеңіп алған «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты қазақ туындысы Анкарада көрерменге ұсынылды.

«Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін», «Байқоңыр» отандық фестивальден гран-при, «Әмен Хайдаров» фестивалінен «Ең үздік көркем суретші» номинациясы бойынша жүлде иеленген.

Түркі тарихы және мәдениеті қоры қызметінің бір саласы – түркі әлемі кітапханаларының қорын байыту. Осы орайда биыл мамырда Қазақстанда 2022 жыл – Балалар жылына орай «TURKTAV» қоры Алматы қаласының жас оқырмандарына 500 дана түрік тілінде басылған балалар кітаптарын сыйға тартты. Осы мәдени іс-шараның Анадолы жеріндегі жалғасы ретінде Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп Түркия Республикасы Президенттік ұлттық кітапханасына 500 дана қазақ тілінде басылған кітаптарды тарту етті. Бұл кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Анкарадағы «Аднан Өтукен» атындағы кітапханаға 500 дана қазақ тіліндегі балалар кітабы жеткізілді. Сондай-ақ кітапханада «TURKTAV» және Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Балалар жылы аясында балалар әдебиеті және оқу мәдениеті» атты конференция өтті.

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button