Ел тынысы

Боздақтар рухына тағзым – перзенттік борышымыз



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлеріміздің рухына тағзым етті.

Содан кейін президенттік оркестр Мемлекеттік әнұранды орындап, Құрмет қарауылы ротасы іс-шараға қатысушылардың алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті. Мерекелік рәсімнің соңында Қасым-­Жомарт ­Тоқаев ардагерлермен әңгімелес­ті. Президент оларды Жеңіс күнімен құттықтап, барша отандасымызға зор денсаулық, амандық тіледі.

***

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары Ұлы Отан соғысы кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге барудан басталды. Президент 100-інші және 101-дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті. Мемориал ұзындығы – 27 метр, биіктігі 4 метр болатын гранит қабыр­ғадан тұрады. Онда «100-інші және 101-дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгі жадымызда сақталады. Сіздерге алғысы шексіз қазақстандықтар атынан» деп жазылған.

Ескерткіш тақтаның оң жағына Қазақстан картасы бар панно орнатылған. Онда 1941 жылы екі бригада жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елордамыз – Астана қаласы белгіленген. Осы бригадалар сапына Қазақстаннан шақырылған 9312 жауынгердің есімі мәрмәр тақталарға қашалып жазылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қырғызстандық жауынгерлерге арналған мемориалға гүл шоғын қойып, қаза тапқан солдаттарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тап­қан және із-түзсіз жоғалған боз­дақтардың рухына тағзым етті. Бауырластар зиратында қолында автоматы бар жауын­гердің мүсіні орнатылған. Ескерткіштің жанындағы таста «1941-1945 жылдары неміс-фашист басқыншыларынан Ржевті азат ету үшін болған шайқаста қаза тапқан 881-атқыштар дивизиясы мен 331-зеңбіректі артиллериялық полктің майдандас жауынгерлеріне» деп жазылған.

Бұл жерде 2 мыңнан астам сарбаз жерленген. Олардың қатарында Президенттің ағасы – Қасым Болтаев та бар.

***

Мемлекет басшысы Тверь облысына жасаған сапары аясында Ржевтегі совет солдатына арналған мемориалға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Президент құрмет қарауылымен бірге ескерткішке гүл шоғын қойып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Биіктігі шамамен 25 метр болатын қоладан құйылған солдат мүсіні он метрлік қорған төбенің басына орнатылған. Құрыш қабырғаларда Отан қорғаушы жауынгерлердің есімдері жазылған. Ржев шайқасы – қанды қырғын болған ең сұрапыл соғыстың бірі. Кеңес әскері бұл жерде, із-түзсіз жоғалғандар мен жараланғандарды қоса алғанда, 1,3 миллионнан астам адамынан айырылды.

                ***

Президент Жеңістің 78 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды. Сондай-ақ Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Парадта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей Президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Армения Премьер-министрі Никол ­Пашинян болды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button