Мәдениет

Бірлік бар жерде тірлік бар



«Астана су арнасы» мекемесінің тәжірибелі токарі Владимир Малыйдың осы салада еңбек етіп келе жатқанына 47 жылдан асқан. Жалпы оның көзін ашқалы көргені темірден түйін түйген әкесінің жұмысы еді. Әке жолын қуған ол еңбек өтілінің 29 жылын елорданы сумен қамтамасыз ететін мекемедегі қазіргі жұмысында өткізіп келеді. Оның айтуынша, туған Отаны – Қазақстандағы өзара татулық пен достықтың берік сақталуы – еліміздің басты артықшылығы. Жалпы мұнда еңбек етем деген жанға жақсы өмір сүруге барлық жағдай жасалған деп санайды.

Бүгінде зейнет жасынан өтіп кетсе де, сүйікті жұмысын жалғастырып келе жатқан ол «Астана су арнасы» мекемесі көліктерінің бұзылған бөлшектерін жөндеумен айналысады. Қаладағы сумен қатысты мәселенің бәріне жауапты мекемеде көліктің сан түрі бар. Тіпті 20 шақты көлік түрі кезекті тапсыр­маларды орындауға күн сайын мекеме ауласынан жұмысқа аттанып жатады. Ішінде су соратын, құм, адам таситын, жер қазатын және басқа да көлік түрлері жеткілікті. Солардың бірінің болмаса бірінің қозғалтқышы, бөлшектері істен шығып қалған жағдайда, оларды жөндеуге мекеменің екі токарінің бірі – Владимирдің шеберханасына әкеп береді. Жалпы ол күніне 2-3 тапсырыспен көлік бөлшектерін жөндейді. Сөйтіп таңнан кешке дейін тынымсыз тірлігі жалғаса береді. Себебі мекеменің бүкіл жұмысы техникаға негізделген. Егер көлік бұзылса, бар жұмыс тоқтайды. Сондықтан 6-разрядты токарь ақау шыққан техниканы өз уақытында жөндеп, жұмысқа сақадай сай қоюға барын салады.

– Істен шыққанды тез арада қайта қалыпқа келтіруге тырысамын. Көліктің бұзылуы қаланың басты «қан тамырын» қозғалысқа түсіріп отырған мекеме жұмысына кедергі келтіреді. Бізге жұмысты мүлдем тоқтауға болмайды. Техника жөндеу, мотор жинау, темірден түйін түю – бұл жүрек қалауымен істелетін жұмыс. Таңертеңнен кешке дейін майға қол салып, темір-терсектің арасында жүру біреуге қиын әрі ұнамсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ жұмыстың жаманы жоқ. Тек жөнін білсең болды, – дейді ке­йіпкеріміз.

Владимир Анатолиевич­тің атасы мен әжесі Қазақ­станға Ресейден Ұлы Отан соғысы басталған жылы бала-шағасымен көшіп келген. Ол кезде әкесі 14 жаста екен. Сол бір қиын заманда олар қазақ жерінен пана тапқан.

– Әкем мен анам Қазақ­станда бас қосып, отау құрды. Анам – украин ұлтының қызы. Мен және бауырларым осында тудық. 10-сыныпта жүргенде осы қалада әкемнің қасына насос зауытына шәкірт ретінде жұмысқа тұрдым. Жарты жыл оқып, үйреніп жүріп, токарь кәсібін меңгеріп шықтым. Ол жерде 7 жыл істеп, мемлекеттен үй алдық. Кейін қазіргі мекемеге келдім. Содан бері басқа салаға ауысқан емеспін. Бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, балаларымнан 4 ұл немере сүйіп отырған жайым бар, – дейді В.Малый.

Адал еңбегі үшін талай рет алғыс хат және құрмет грамотасымен марапатталған. Кейіпкеріміз кез келген адам токарь бола алмайтынын айтады. Бұл сызуды жақсы біліп, математикадан хабары бар адамның қолынан келетін іс дейді. Өзі осы жағынан қабілетті болғанын жеткізді. Әрі қаладағы өзі оқыған №8 мектепте еңбек сабағында соғыс кезінен бері тұрған ескі станокпен жұмыс істеп, токарь жұмысына қолын үйреткен. Елорданың ба­йырғы тұрғыны бұрынғы және қазіргі қаланың айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады.

– Біз өскен қала кішкентай ғана еді, ал қазір бір сол жағалаудың өзі сол кездегі бір қаланың көлеміне татиды. Туған шаһарымыз өркендеп, дамып, астана болды, қазір тіпті адам танымастай өзгерді. Жаңа алаңдар мен біз армандамаған, тіпті түсімізге де кірмеген заманауи зәулім ғимараттар пайда болды. Қала халқы өскен сайын біздің жұмысымыз да екі еселенді, соған сай штат саны да, мекеме ауқымы да ұлғая түсті. Жұмыс жүктемесіне қарай көлік саны да артты. Бәрі де жақсарады. Бастысы елімізде тыныштық болып, бейбітшілік сақталса екен. Өзара татулық пен бірлікте өмір сүрсек, тұрмысымыз да түзу боларына сенемін, – дейді кейіпкеріміз.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button