Басты ақпаратРуханият

Егеулі найза

Біртуар редактор, қайсар қаламгер хақында эссе-сыр



Бір кереметі, мен Сейдахмет ағаны көрген де емеспін, еңбек майданында да жолықпаған екенмін… Бірақ, Сейдахмет аға маған бейтаныс емес. Ол кісінің бейнесін де, бейнетімен орнатқан творчес­тволық тауын да маған нұсқаған ағаның өзі жазған кітаптары, аңызға айналған қайраткерлік қадамдары. Сейдахмет ағамыз да жанында шырағы бар Жаратушының мейірімі түскен ұл болған секілді…

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Сиқыр сөзден сарай соғып

Сейдахмет Бердіқұлов!.. Ақиқатын  айту керек, ұлан-ға­йыр елімізде бүгінде бұл есімді білмейтіндер некен-саяқ. Оның да өзіндік сыры бар. Ширек ғасырдан астам мерзім республикадағы таралымы да, беделі де ең жоғары рейтингке ие болған жастар газеті – «Лениншіл жастың» («Жас Алаш» газеті) әр нөмірінен түспеген оның аты-жөнін толқын-толқын буынның өкілдері жаттап өсті десек артық мадақтау емес. Жүректен шықпаған сөздің жүректерге қонақтамайтыны да белгілі. Әйтпесе, қасиетті де қастерлі қазақ әдебиетінің төріне өзіндік қолтаңбасымен жалтақтамай көтерілген қаламгер ағамыздың шығармашылық әлемі хақында дуалы ауыз аталарымыз әрдайым құшырлана әңгіме өрбітпес еді. Бұл – талантты мойындау, бұл – қаламды құрметтеу!

Ал шәкірт ретінде Сәкең туралы қалам тербеудің жөні – мен үшін бөлекше қуаныш. Мектеп қабырғасында жүрген қаршадай кезімнен-ақ жүзін көріп, бетпе-бет кездеспесем де Сейдахмет ағаның өнегесімен, тәлім-тәрбиесімен өскенімді әркез мақтаныш санаймын. Сол уақытта «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы болған балауса өрімталдардың Ағасы жас тілшілердің тәй-тәй қадамынан көз жазып қалмауды темірқазық мақсат еткені анық. Бұл пікірімді тұмардай сақтаған Сәкеңнің алпысыншы жылдары өз қолымен жазған хаттары айғақтайды… Албырт абитуриент шақта Абылай хан даңғылы бойындағы редакцияның бес-алты адам сығылысқан аядай бөлмесіне отырғызып қойып, пионер жазының әсерлері жөнінде мақала жаздырған күндері санамда кешегідей жаңғырады. Әсершіл әрі пәк балажүрек сыр сандығына бәрін де қаз-қалпында құндақтап қойған-ау…

Бұл күнде қаламгерлер қауымы арасында ұдайы ілтипатпен үкілеп айтылатын «Шер-ағаң – Шерхан Мұртазаев пен Сері-ағаң – Сейдахмет Бердіқұловтар әу бастан-ақ редактор болып туғандар ғой» деген пікірдің қазақ журналистикасынан өз орнын ойып алғаны баршамызға аян. Сол киелі шаңырақ астында оқырманы мен халқы қастерлеп пір тұтқан ағалармен бірге еңбек еткен күндерімді жадыма түсірген сайын көңіл күмбезі дабылдап, күмбір қаға берері сөзсіз. Өміріміздің өзекті де, толғақты мәселелерін, шетін тақырыптарды, өткір проблемаларды бейне тамыршыдай күнілгеріден дөп басып, батыл жазуға бағыт-бағдар сілтеу – ойы ұшқыр Сәкеңе ғана тән. Бұл тұста аталған проблемалардың газет бетіне жарқырап көрінуі, ішкі терең мазмұнына сай сыртқы көркемделуі жағынан мейлінше жұтынып шығуы және бар. Ол үшін ә дегеннен-ақ мақала тақырыбының өзі магниттей тартып, бүкіл назарды аударып, еріксіз оқыттыруға мәжбүр етуі тиіс. Осынау қағиданы берік ұстанған Сейдахмет ағаның құлаққа құйғаны: «Макет – газеттің киімі, ал қолыңа іліккен кез келген киімді талғамсыз үстіңе жапсыра салмайсың ғой. Демек – газет безендіру де үлкен өнер. Орнымен қолданылған түймедей штрих, оймақтай детальдың ойнап кететінін ескерген жөн». Сондықтан да болса керек, ол қызметке алған жігіттерді ең алдымен, секретариаттың тезіне салып, көрігінде шыңдап алады. Бұл да – тек редактор Бердіқұлов бойындағы назар бөлерлік көп қырының бірі. Әйтпесе бүкіл ғұмырын газетке бағыштаған кейбір журналист ағайындардың макетке мүлдем мән бермейтіні жасырын емес.

Бітімі бөлек сергек суреткердің журналистік, жазушылық әлемі жайында өрілер, тілге тиек етілер әңгіме өзегі – кемпірқосақ бояуындай алуан түрлі тақырып. Идеяға, ойға бай қағылез қаламгердің ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы терең үңілуді, жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Меніңше, Сәкең туындыларының құнарлы да бейнелі тілі ғылыми бөлек еңбекке арқау болса керек. Сұлу сөзден сарай соққан Сәкеңнің сиқырлы сандығы сүйсінерлік-ақ.

Ұстахана, көрік және…

Алпысыншы-жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» даңқы дүрілдеп тұрды. Қалың оқырманның сүйікті газетіне айналған басылымның тізгінін абыроймен ұстаған Шерхан Мұртазаев эстафетаны Сейдахмет Бердіқұловқа берді. Коммунистік (қазіргі Абылай хан) даңғылының бойындағы №63 ғимаратта орналасқан бір топ редакция қысылып-қымтырылып, әр бөлмеде 6-7 журналист жұмыс істейтін. Шағын үш қабатты үйдің журналистері бір есіктен кіріп, бір есіктен шығатындықтан өзара әбден таныс. Көтеріліп бара жатып, түсіп келе жатып қауқылдаса амандасып, құрақ ұша қауышып мәре-сәре. «Қазақстан пионері» газетінің редакторы Сейдахмет ағаны бұрыннан жақсы білемін. Ол кісі де мені өзінің юнкорры ретінде үнемі күлімдеп қарсы алып, жылыұшырай іш тартып тұратын. «Ленжасқа» қызметке кіргенімде әкемдей қуанған жандардың бірі. Редактордың кабинетінің кіреберісіндегі бөлмеде отыратын менің арқамнан қағып:

– Осында орналастың ба? Өте тамаша болған екен. Бұл жер көрігі қайнап тұрған қасиетті ұстахана ғой…

Шынын айту керек, о кезде бұл сөздердің астарына да, мәніне де тереңірек үңілгенім жоқ. Алақандай дәліз-бөлмеде Сәкеңмен жиі ұшырасатын болдық. Өйткені ол күн сайын не түске дейін, не жұмыстың соңына таман Шерхан ағаға жолығады. Ұзақ отырып әңгімелеседі. Әрине, әңгіме де, сыр да газет төңірегінде. Оны біз өз бастығымыздың аузынан жиі естиміз: «Жаңа Бердіқұлов кіріп шықты маған. Мына очерктерің, анау проблемаларың жақсы екен дейді. Бүгінгі нөмірдің макеті тәуір дейді. Ал әнебірі әлсіздеу… Мінеки, жігіттер, көрдіңіздер ме? Ненің ұнайтыны, ненің ұнамайтыны…». Осы тақылеттес сурет жиі қайталанып, Шерағаң да жігіттерді жиі сілкіп алатын.

Ештеңені зерделей қоймаған бозым жүрек бізге «Бердіқұлов бас экспертиз ба еді?..» деген ой келетін. Сөйтіп жүргенде… көп ұзамай Сейдахмет аға «Ленжасқа» редактор боп сарт ете түсті.

Жаңа бастық келісімен іле-шала газет-журналдар жаңа жайға көшті. Көкбазардың түбінде асқақтай бой көтерген тоғыз қабатты Баспасөз үйінің жетіншісіне жастар газеттері орналасты. Архитектураның соңғы жетістіктерімен салынған алып ғимараттың биік еңсесі қаламгерлердің мерейін де өсіріп жіберген. Жеке-жеке кабинеттерді иемденген журналистер де жігерлерін жанып, құлшына еңбек етті. Әр бастықтың өз жұмыс стилі, ұжымды басқару әдісі бар. Жаңашылдыққа құмар, тұла бойы тұнған идея Сәкең журналистердің таланты мен қабілет-қарымын ортақ арнаға жұмылдыруға ерекше күш жұмсады.

Бағдарламалық толғақты ойларының бір парасының шетін шығарған Сейдахмет аға барлық бөлімдердегі жігіттерді ауыстырып, олардың әр бөлімде бір, ұзаса екі жыл отыратындарын қатаң ескерткен. Ойы баршаға мәлім. Журналистердің бесаспап, яғни барлық бөлімнің жұмыстарын, ерекшеліктерін еркін меңгеріп шығуына көңіл бөлу. Сол секілді кейбір журналистерді, қызметке қабылданған қауырсын қалам иелерін газеттің бас штабы – секретариаттың ыстық-суығына салып, шыңдап алуды дәстүрге айналдырды.

Өзім бірге еңбек еткен он бір бас редактор мен соншама орынбасарлардың ішінде Сейдахмет стиліндегі басшы іліп аларлық санаулы. Себебі бүгінде «Мұртаза мектебі», «Бердіқұлов мектебі» деген қалыптасқан тіркестердің қатарында басқалар да айтылар еді ғой. Амал нешік, ондайлар жоқ. Жасырып қайтеміз.

Аз уақыттың ішінде ұжымның құрметіне бөленіп, қадірменіне айналған Сейдахмет ағаның асыл бейнесін ардақтаған шәкірттері әрдайым оның есімін мақтанышпен ауызға алады. Үлкен ұстаздың үлгілі үрдістері бұл күнде әр жүректерде сайрап жатыр. Бұдан отыз бес-қырық жыл бұрын айтқан Аға сөзі жадымызда жаңғырып тұрғандай:

– «Лениншіл жас» қазақ журналистер кадрларының ұстаханасы ғой. Оның көрігі әрдайым қайнап тұруы тиіс!».

«Нинел» жаңа орден бе?..»

Қазақстан Ленин комсомолының 50 жылдығына «Лениншіл жас» газетінің ұжымы да қызу әзірленген. Күнілгеріден арнайы жоспар жасалынып, түрлі-түсті мерекелік үлкен үлгідегі 8 беттік нөмір шығаруға кіріскен. О кезде жоғары сапалы қағазға, түрлі-түсті фотолармен безендірілген, офсетті басылыммен басылатын арнаулы қосымша шығару – өте сирек құбылыс. Айтулы датаның құрметіне орай жарық көретін бұл нөмірді шығару жөніндегі рұқсатты кіші ЦК үлкен ЦК-дан алған болатын.

Сонымен бір-екі ай бұрын алашапқын басталған. Жаңалыққа жаны құштар редактор Сейдахмет Бердіқұлов бүкіл шығармашылық ұжымды жинап, әр бөлімге, әр журналистке жеке-жеке тапсырманы қадап шегеледі. Небір зобалаңнан өткен республика комсомолының, оның алау жүректі жетекшілерінің өмірі мен тағдырына тікелей қатысты шерлі шежіресін қалпына келтіруге ұмтылған. Қай жұмысты да жалындап жүріп, жарқыратып көрсетуге пейіл лениншіл-жас­тықтар редактор меңзеген қиын да, абыройлы міндеттің үдесінен табылуды қастерлі парыз санаған еді.

Секретариаттың жігіттерін, фототілшіні, суретшіні бөлек алып қалып қиялында жүрген ойларын тәптіштеген. «Мұндай мүмкіндік үнемі келе бермейді. Ең алдымен, осыны түсініңіздер. Бар өнерді, бар фантазияны, бар шеберлікті салу керек. Күні-түні ұйықтамай ізденуге тура келеді. Бөлімдер әзірлейтін материалдарды мейлінше жұтындырып, барынша көркемдеп, мүмкіндігінше назар аударарлық етіп көрсету керек. Кәне, тура қазірден кірісіңдер. Қысқасы, ғажап газет жасауымыз керек. Бұл нөмірді өзіміздің қос ЦК-ны айтпағанның өзінде, Мәскеуден, он бес одақтас рес­публикадан келетін қонақтар тамашалайды. Абай атындағы опера-балет театрында өтетін салтанатты жиналысқа қатысушыларға таратылады. Демек, сувенир-нөмір деген сөз…».

«Көз – қорқақ, қол – батыр». Екі айға жуық жан-жақты әзірленіп, спеццехта беттеліп, қатталған түрлі-түсті мерекелік нөміріміз сақадай-сай дайын болды. Жауапты жігіттер екі қарап, бір шоқып сүзіп шыққан. Корректорлар, олардан кейін «свежий глаз» тың көз корректор мұқият сан мәрте қадағалап, үтір-нүктесіне дейін қалдырмай тесіліп оқыған. Орталық Комитеттің жауапты өкілдері алдын ала полосаларды алдырып бір шолып өтіп, басуға батасын берді.

Соңғы сәт. Газет редакторы Сейдахмет Бердіқұлов, оның орынбасары Болат Бодаубаев, жауапты хатшы Мәткерім Әкімжанов, баспахана директоры мен бас инженер түнгі сағат 2-де журналдар басылатын арнаулы цехта тоқайласқан. Алғашқы «брак» нөмірлерін жыртып-жыртып тастай салған цех бастығы артынша бояуы аңқыған қызылды-жасылды бір-бір газетті қолымызға ұстатқан. «Асықпай ең ақырғы мәрте қарап шығыңдар. Анау-мынау кетіп қап жүрмесін. Барлық тиражды басу ғана қалды…».

Қолымыздағы бір-бір сигнальный нөмірге тесіліп тұрғанымызда әлгі цех бастығының екі көзі атыздай боп, үрейлі дауысы қатты естілген:

– Ойбай, орден аударылып кетіпті! Көрдіңіздер ме?!

Жаппай шпигельге үңілдік. Қазақстан Ленин комсомолын Ленин орденімен наградтау туралы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы үлкен әріптермен теріліп, газеттің фирмасының жанына көрнекі етіп орналастырылған-ды. Макет бойынша Жарлықтың шекесіне күн көсемнің бейнесі кескінделген Ленин орденінің түймедей ғана түрлі-түсті штрихпен салынған суреті қойылған еді. Лениннің бет-әлпеті сол қалпы, тек солға емес, оңға қарап тұр. Ал жоғары таман қызыл ту жолақта жазылған әдеттегі «Ленин» сөзі «нинеЛ» деп оқылады. Полиграфия тілімен жеткізсек, штрих-суреттің негативі қорғасынға құйғанда төңкеріліп кеткен. Былайша өрескел қате де емес. Бірақ! Іштегі күбірді сыртқа шығара алмайсың. Басын тәуекелге тігіп, жүрекжұтқан адам ғана айта алады.

Бәріміз де үн-түнсіз тұрған жерімізде қаққан қазықтай сілейіп-сілейіп қатып қалдық. Масаның ызыңы естілердей түнгі тыныштық бүкіл ат шаптырым цех ішін билеп алғандай. Заматта қап-қара боп түтігіп, күйіп кеткен редакторымыздың жүзіне тіке қарай алмаймыз. Барлығымыз да өз-өзімізді кінәлаймыз. Өкініш оты өртеп барады. Әрқайсымыз:

– Осы кезге дейін неғып байқамадық, неғып көрмедік, – дейміз іштей езіліп. – Енді барлық процесті түгел қайталамаса болмайды. Сұмдық қой! Түймедей орденді цинкография­ға қайтадан құйғызу керек. Жылдамдатқанның өзінде жарты күн уақыт қажет. Одан соң бояу түріне орай бірнеше қабат пленканы қайта монтаждау… Солай-солай… Ауызға жеңіл… Әйтпесе… Штраф…

Бес минутқа созылған үнсіздік бізге бес сағаттай көрінген. Реңі өрт сөндіргендей тотыққан Сейдахмет аға терең күрсінді:

– Оригиналы дұрыс болатын штрихтің. Өзім көргем. Бұл – баспахананың, цинкографияның ең үлкен қатесі. Біздің жігіттердің еш кінәсі жоқ. Әрине, жауапкершіліктен қашпаймыз. Мұндай тамаша нөмірді болмашы нәрсеге бола кешіктірудің қажеті шамалы. Барлық тиражды да дереу басыңыздар. Ертең салтанатты мәжіліске кешіктірілмей жеткізілгені дұрыс. Әзірге барлық кінәні де, жауапкершілікті де редактор ретінде өз мойныма аламын. Кәне, ешқайсың да үрейленбеңдер, қорықпаңдар! Ең бастысы, Лениннің түрі өзгеріп кеткен жоқ қой. Міне, қараңдаршы, өздерің… Жазуы үшін берілер сөгісті, айтылар ескерту мен жазаны мойныммен көтеріп бақтым. Бәрін де екі ЦК-ға да өзім түсіндірем…

Зілбатпан жүкті иығымыздан лезде лақтырып тастағандай Сәкеңнің сөзі қайта серпілтті. Жүрегінің түгі бар ол өзі армандаған, өзі қиялдаған нөмірді қайтадан шыртылдатып парақтай бастады. Қатулы қабағы жазылып, көзі күлімдеген:

– Жақсы нөмір! – деді ол жадырап. – Мұндай-мұндай «әттеген-айлар» ханның қызында да болады.

…Жарқыратып, алаулатып шығарылған мерекелік нөмір жұрт көңілінен шықты. Кішкентай кілтипанды біреу байқады, біреу байқамады. Біреулер қате екен деп көзге ілмеді, ал біреулер «жерден жеті қоян тауып алғандай» мәз болды. Редакторды мұқатқысы келген мысықтілеулілер Сәкеңе телефон шалған:

– Нинел жаңа орден бе? – деп.

Ондай жымысқылар мен тырнақ астынан кір іздеушілерге Сейдахмет аға:

– Сендер өздерің Лениннің жүзден астам бүркеншік аттарының бірінің – «Нинел» екенін білмеуші ме едіңдер? – деп кекете мысқылдап құтылған-ды.

Қаламақыға жерлестік жүрмейді

Жауапты хатшы, белгілі журналист, аудармашы Мәткерім Әкімжанов кезекті еңбек демалысына шығатын болды да, маған өзінің орынбасары ретінде өткен ай мен алдағы айдың қаламақысын қоюдың тәртібін үйретті. Он жол хабардан бастап, көлдей көсілген очеркке дейін тәптіштеп, редколлегияда бекітілген гонорар шкаласымен таныстырған.

– Жігіттерді ренжітпе. Шамаң жеткенше әділ бөлсең жетіп жатыр, – деп қадап ескертті.

Басымды шұлғимын. Бұған дейін де екі-үш мәрте тікелей бастығымның жанында отырып қаламақы қоюдың есеп-қисабымен танысқаным бар. Әуелде маған бәрі оп-оңай көрінгендей. Сөйтсем, бекершілік екен. Жеме-жемге келгенде азын-аулақ тиын-тебенді тұтас бір-екі бетке тізілген фамилияларға бөліп шығу – қияметтің-қияметі. Шотты қолға ұстаған сәтте байқадым. Біріне көп, біріне аз. Кейбір материалдардың көлемі, етек-жеңі кең пішілгенімен, дәні мен дәмі шамалы. Керісінше, кей дүниелер кіп-кішкентай көрінгенімен, салмағы қорғасындай. Әр мақаланың соңындағы жанарлары мөлтілдеп тұрған таныстарымның жағдайларын да іші құрғыр сезеді. Қаламақы машақатына малтығып отыр­ғанымды аңғарғандар: «Осы жолы реті келіп тұрғанда басыңқырап қоярсың» дегенді ашық айтпаса да, әлсін-әлсін сығалап жүргенімен сездіреді-ай.

Ұятқа қалмау жағын ойластырып, жігіттердің дені үйлеріне қайтқаннан кейін емін-еркін жалғыз отырып, түннің бір уағына шейін шотты шыртылдатып, есеп-қисапты мұздай ғып дайындайсың. Ендігі үлкен сын – Сейдахмет ағаның алдынан өту. Ведомос­тың шекесіне «бекітемін» деп қол қоюы тиіс.

– Кәне, гонорарың дайын ба? Тастап кет, қарап шығайын, – дейді маңғаз ғана.

Біраз уақыттан соң шақырады. Қылпылдап ұшып барамын. «Қай жерінен мүлт кеткенімді ескертер екен…». Жоқ. Есіктен кірген бойда күлімдей көп ойларын аңғартты:

– Жарайсың! – дейді балаша қуанып. – Қаламақы сая­сатына өте сақ болған жөн. Гонорар дегеніміз жігіттердің маңдай тері, адал еңбегі ғой. Журналистің тесік қалтасы қашан бүтінделген?! Қалталары бұлтиған, мүйізі қарағайдай ақын-жазушыларға да ақша артықтық етпейді. Тек қара қылды қақ жарғандай әділдікті естен шығармасаң жетіп жатыр. Біреудің өзі, біреудің көзі жақсы. Ең бастысы, қаламақыға жерлестік, таныстық, достық жүрмейді. Мен ерінбей-жалықпай бүкіл тізімді сүзіп шықтым. Есеп-қисабың дұрыс. Әзірге біреу-міреуге бүйрегің бұрып, іш тартқаның байқалмайды. Осы қалпыңнан тайма. Өмірдің өзі – білгенге үлкен есеп-қисап. Содан жаңылмасаң сенің де, біздің де жүзіміз жарқын.

Сәкең бұл пікірін ұжымдағы басқосуларда, лездемелерде әлденеше рет қайталаған.

Мақал мен сақал

Ол кезде жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінің алқа мүшелерін, бөлім меңгерушілерін кіші ЦК-да, яғни Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінде бекітетін. Осы дәстүрмен Мағира Қожахметова студент-жастар бөлімінің меңгерушісі, Жақау Дәуренбеков комсомол тұрмысы бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі етіп тағайындалып, қарымды қос журналист ЦК-да бекітілуге тиіс болды.

Идеологияны басқаратын үшінші хатшының, сонан соң бірінші хатшының алдынан өтеді екен. Алдын ала дайындау үшін бөлім нұсқаушысы екеуімен беседа өткізіп әңгімелеседі, өмірбаяндарын нақтылайды. Жауапты жігіт екеуінің жазғандарымен де, мінез-құлықтарымен де жақсы таныс, қанық-білік екендігін сездіреді. Әңгімелесіп болып, соңына қарай қипақтап отырып жас журналистерге өзінің ескертпелерін жұқалап аңғартады. Жақау мен Мағираға қарап:

– Жақа, осы күндері уақытша сақалыңызды ала тұрсаңыз болар еді. Ал Мәке, сізді жақсы білемін ғой. Бетің бар, жүзің бар демей, мақалдап қойып қаласыз. Секретарьлардың қабылдауы кезінде байқамай ащы «мақалдарыңызды» айтып қап жүрмеңізші, – деп өтінеді.

Жақау сақалын сипалап, Мағира «Ну и ну…» деп қойып, сыпайы әңгімеге сылқ-сылқ күліп редакцияға келеді. Келсе, лездеме өтіп жатыр екен. Бұлар отыра бергенде телефон шылдырап трубканы Сейдахмет аға көтереді. Сабырмен тыңдаған Сәкең: «Жарайды, түсінеді ғой» деп жылы сөздер айтып биязы қоштасты. Сөзді шиіріп, ойды иіріп сөйлейтін Сәкең артынша қиқ-қиқ етіп күле отырғандарға қарап:

– Жігіттер, өздерің де естідіңдер ғой? – дейді.

Лездемеге қатысып отырғандар жапырыла уілдесіп:

– О не? О не? – деседі.

Сонда Сәкең жадырай жымиып:

– ЦК-ға бекуге Мағира мақалсыз, Жақау сақалсыз баратын болды, – депті.

Партияның сенімді ізбасары комсомолдың да тәртібі қатал еді-ау, қатал.

Біздің руымыз – «Лениншіл жас»

Алматының төріндегі өнер ордаларының бірі – «Қазақконцерт» ығы-жығы, иін тірескен халық. Зиялы қауым өкілдерінің дені – осында. Топ-топ үлкен-кіші. Лебіздері де, әңгімелері де ортақ. Көрнекті жазушы, спорт журналистикасының сардары Сейдахмет Бердіқұловтың 60 жылдығын қала жұртшылығы үлкен құрметпен атап өтуде. Мерейтой иесі жөніндегі жүрек сөзі, ыстық ықылас. Ән шырқалып, жыр мен өлең төгілуде. Ақтарылған тілектерде қисап жоқ. Бір ғажабы, зорлықпен, күштеп айтылмағаны айдан анық. Сахна төрінде – Сейдағаң мен Күләтай жеңгей. Араларында еліктің лағындай құлдыраңдай жүгірген немересі, тыным таппай шауып жүр. Біресе атасының, біресе әжесінің тізесіне барып отырады. Тәкаппар, ақсүйек аға баланың да, шағаның да лебізін өзінше екшеп отыр.

Соңғы кезде өңінің өзгеше өзгеріп бара жатқанын «Ленжаспен» бірге есейіп, бірге қартайып келе жатқан сұңғыла Бағдат шал аңғартқан-ды таяуда ғана: «Әй, Оралхан, Қуанышбай, сендер не білесіңдер? Сейдахмет ағаларыңның өңі маған ұнамайды. Ауырады білем. Сездірмейді, сездірмейді-ай… Газеттің суретші-ретушері, шежіре қартымыз Момбеков Бағдат ақсақалдың айтқан әлгі күдігі көңілді сәл сәтке пәс етіп, күмән көлеңкесін қалыңдатқан. Қарсы алдымызда қасқайып отырған Сәкеңнің жүзіне ұрлана жанар тігемін. «Рас! Жоқ!» Арпалысқан сезікті секем ойларым итжығыс түсіп жатыр.

Салтанат соңында мерейтой иесі сөйледі. Аспай-саспай, лепірмей жиналған жұртқа жүрегінде құндақтаулы лебізін білдірген…

Кеш аяқталмастан залда отырғандар сахнадағы ­Сейдағаңды ілгері жылжытпай алқалап, қоршап, қаумалап алды. Қалың нөпір топты мұзжарғышша жарып лениншілжастықтар жеткен бал-бұл жанып.

– Бұлар кімдер, қай облыс­тан, қай ауылдан келгендер?

Әзіл аралас қағытпаға сол мезетте:

– Біздің рухани әкеміз – Сейдахмет Бердіқұлов. Ал руымыз – «Лениншіл жас», – деді Мағира мүдірмей.

– Иә!

– Дұрыс айтады!

Құшағын айқара ашқан Сейдахмет аға бәрімізді бауырына басып тұрып:

– Мынадай шәкірттері бар, мынадай ізбасарлары бар мен шын бақыттымын! – деді.

Ұстаз жанарындағы мұң енді ғана сейілгендей, ерекше күлімдейді. Шаршаулы кейпі де әлгіндегідей емес, алаулап тұрған еді…

Жанат ЕЛШІБЕК, Халықаралық

«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button