Басты ақпаратМәдениет

Елорда төрінде – «Қыз Жібек»



Жуырда «Астана Опера» театрында тыңдарман қауым назарына Ғ.Мүсіреповтің либреттосына қойылған Е.Брусиловскийдің ұлттық опера маржаны – «Қыз Жібек» операсы ұсынылды. Спектакль көрнекті мәдениет қайраткерлерінің атаулы мерейтойлық даталарына – Т.Жүргеновтің 125 жылдығы мен Ж.Шаниннің 130 жылдығына орайластырылды.

– Біз опера жауһарын орындауды қазақ өнерінің дамуына зор ықпал етіп, 1934 жылы «Қыз Жібектің» алғашқы қойы­лымын жүзеге асыруға зор үлес қосқан белгілі тұлғаларға арнадық. Осы қойылыммен операны жазуға бастама жасаған Темірбек Жүргенов және Құрманбек Жандарбековпен қатар қоюшы режиссер ретінде қатысқан Жұмат Шанинге деген құрметімізді білдіреміз. Сонымен қатар біздің театрдағы аталмыш спектакльдер жарқын вокалистердің маңызды дебюттерімен аталып өткенін айта кеткен жөн: қойылымның бірінші күні Төлегеннің партиясымен сахнаға алғаш рет Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдау­шысы Талғат Аллабірінов шықса, келесі күні Қарлығаш бейнесінде театр солисі Елена Ганжа өз дебютін жасады, – деді спектакльдің дирижері Руслан Баймурзин.

«Астана Опера» солисі Елена Ганжа осы операда Дүрия бейнесінде бірнеше рет сахнаға шыққан, ал қазір Қарлығаш образын жарқырата танытты.

– Маған кейіпкерім өте қатты ұнады, сондықтан менің көптен бері осы партияны орындап, Қарлығаштың Төлегенге деген қарындастық ыстық ықыласын, ағасын қалай қолдайтынын, көмектесетіндігін, бауырына бағыт беріп, керек кезінде сабырға шақыратындығын көрсеткім келді. Сондай-ақ бұл жерде музыкалық тұрғыдан ашылып, дауыстың сұлулығын көрсетуге мүмкіндік беретін тамаша әуенді керемет ария бар. Дыбысталуды мінсіз жеткізу үшін айтылу бойынша көп еңбекті қажет ететін жұмыс жүргізілді, – дейді Елена Ганжа.

– Сахнаға жаңа партияны алып шығу – бұл әрдайым толқыныс, өз кейіпкеріңнің қыр­ларын барынша ашуға, кейпіне еніп, кейіпкерді барлық басқа интерпретацияға ұқсамайтын жаңа жағынан көрсетуге деген ұмтылыс, өзіндік бір дүние қосу. Бақытыма орай, партия менің болмысыма «құйып қойған көйлектей» дәлме-дәл келді. Әрине, әрбір жаңа партия  әрқашан өсу болып табылады. Біз өзіміздің шығармашылық жолымызда үздік болуға, жетілуге, шеберліктің тың қырларын ашуға тырысамыз, – деп сөзін жалғады солист.

Болашағынан зор үміт күттіретін жас тенор Талғат Аллабірінов үшін Төлегеннің партиясын орындау үлкен сахнадағы алғашқы басты рөлі болды.

– Мен бұл күнді тағатсыз­дана әрі шабыттана күттім десем болады, бәрі жоғары деңгейде өтеді деп үміттендім және сендім, себебі алғаш рет бас партияны орындау менің әртістік жолымдағы маңызды парақша ғой. Достарым, әріптестерім солистер, хор, оркестр, дирижер – барлығы да зор демеу көрсетті, осының өзі мені жігерлендірді. Өзіңнің алғашқы бас партияңды қалай орындап шықсаң, кейінгі әртістік жолың да солайша қалыптасады, өнер білгірлері, көрермендер мен әріптестер де солайша қабылдайды деген сенімділік бар, сол себепті жақсы әсер қалдырып, абыроймен орындап шығу негізгі мақсат болды, – деп ой бөлісті Талғат Аллабірінов.

Елорда төріндегі «Қыз Жібек» астаналықтар мен қала қонақтарына айрықша мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button