Ел тынысы

Ел бірлігінің кепілі



– Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Астанада ҚХА-ның 32-сессиясы бастау алғанының символдық мәні бар. Ол әдеттен тыс формада – көптеген мәселелерді секциялық талқылау түрінде өтті.

Биылғы сессия «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» ұранымен өтті. Шын мәнінде, Ассамблеяның бұл күн тәртібі біздің тұрақты негізіміз, күнделікті қызметімізде не істейтінімізді нақтылап берді. Президент өз сөзінде Ассамблея өзін шынайы демократиялық принциптер мен құндылықтарды бейнелейтін және іс жүзінде жүзеге асыратын маңызды қоғамдық-саяси институт ретінде көрсеткенін атап өтті.

Тұтастай алғанда, Ассамблея әрқашан елдегі көптеген реформалар сүйенетін маңызды қоғамдық институттардың бірі болды және болып қала береді. Мен саяси жаңғыру туралы ғана айтып отырған жоқпын. Ассамблеяның қоғамдық саланы реформалау мәселелерінде, ұлттық бірлік пен қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту міндеттерін шешудегі рөлін бағаламау мүмкін емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізінде жатқан дәстүрлі құндылықтарды сақтаудың маңызы зор. ҚХА қызметінің сабақтастығын, институционалдық жадын сақтау қажет. Тәжірибе мен прогрестің симбиозы әрқашан тиімді.

Тарихқа көз жүгіртсек, ежелден қазақтар қоныстанған қазіргі Қазақстан аумағына көші-қон әсерінен, күштеп көшіру, жер аудару, тың игеру, жаңа өнеркәсіптік қалаларды салу кезінде түрлі этнос өкілі көптеп келді. Олар: орыстар, украиндар, Еділ бойы немістері, жер аударылған кавказдықтар.  Осылардың көпшілігі үшін бұл жер екінші үйіне айналды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сы құрылғалы 28 жыл ішінде этностардың қазақы болмысы мен азаматтығы негізінде, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде біріктіруші рөлін мойындау арқылы, этносаралық қарым-қатынасты саясаттандырмай, этностарының тілдерін, дәстүрлерін, мәдениеттерін дамытуға жағдай жасалды.

Қазіргі уақытта ҚХА өз жұмысында жаңа басымдықтарға назар аударады: қазақ халқының көпмәдениетті қазақ қоғамының «азаматтық өзегі» ретіндегі топтастырушы рөлі, сондай-ақ интеграция процесіндегі оның елдегі этносаралық процестердің жай-күйі үшін жауапкершілігі басты мәнге ие.         

Осыған байланысты ҚХА құрамына қазақ жұртшылығы мен қандастар өкілдері енгізілді.

Экономикалық және қар­жылық дағдарыстардың дауылына қарамастан, ел тұрақты дамуды жалғастыруда. Қазақстан әлемдік аренада тек достас әріптес ел ретінде ғана емес, сонымен қатар, жаһандық ынтымақтастық мәселелерін шешу орталығы ретінде де дәріптеледі. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, саммиттерін, ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу осының аясында өтті.

ҚХА этностардың құқықтарын жүзеге асырумен қатар, бүгінгі таңда ол – саяси және қоғамдық өмірдегі, экономикадағы реформаларға атсалысатын институттардың бірі. ҚХА өкілдері халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстанға инвесторлар тартуды қамтамасыз етуде. Оның жарқын мысалы ретінде Оңтүстік Корея, Германия және басқа да көптеген елдермен қарым-қатынасты келтіруге болады. Ассамблея қашанда бүгіннің талабына, әлемде болып жатқан жаһандану сын-қатерлері мен үдерістеріне сай жұмыс істейді.

Шавкат ИСМАИЛОВ,

ҚХА кеңесінің мүшесі, «Астана қаласы Қырғыз этно­мәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button