Басты ақпаратЕл тынысы

Ел өміріндегі өзгерістердің бастауы



Конституция – елдігіміздің айғағы, кез келген жағдайда жүгінетін ең басты құжатымыз. Сондықтан ондағы өзгерістер жеке тұлғаның өмірінен бастап бүкіл мемлекеттің тыныс-тіршілігіне елеулі жаңалықтар әкеледі. Заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Алуа ИБРАЕВА Конституциямыздың ел өміріндегі маңызы туралы айтты.

– Алуа Саламатқызы, алдымен Конституциямыздың тарихына тоқталсаңыз?

– Мемлекетіміз тәуелсіздігін бекіткен уақыттан бергі аралықта 33 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның екі Конституциясы қабылданды. Алғашқы Конституциямыз 1993 жылы 28 қаңтарда, қазіргі Ата Заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында қолданысқа енді.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы елдің конституциялық құрылысының негізін қалады, мемлекеттік механизмнің, қоғамдық және саяси институттардың ұйымдастырылуы мен қыз­метінің негізгі принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі түбегейлі қағидаларын айқындады.

Екінші рет қабылданған Конституциямызға келер болсақ, жаңа құжатқа деген қажеттілік еліміздің мемлекеттік және қоғамдық өмірінде орын алған өзгерістерге байланысты, сондай-ақ бұдан бұрынғы басты бағдарда кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін туындаған еді. Нәтижесінде Пpезидент жанынан сарапшылық-консyльтативтiк кеңес құpылып, жаңа Конститyцияның жобасын жасаy жұмысына қазақстандық және шетелдік белгілі ғалымдаp мен мемлекет қайраткерлері таpтылды.

Сөйтіп, тиісті тұлғалардың қатысуымен республиканың жаңа Конститyциясының жобасы жасалып, бүкiлхалықтық талқылаyға шығаpылды. Қоғам мүшелері тарапынан да кеңiнен талқыланды. Конституция жобасын талқылауға 3 миллионнан астам азамат қатысып, өз пікірін, көзқарасын білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша жаңа Конституцияның жобасына, нақты айтсақ, оның елу бес бабына 1100 өзгеpтyлер енгiзiлiп, бipқатаp жаңа баптаp пайда болды.

Нәтижесінде, 1995 жылғы 30 тамызда Мемлекет басшысының Жаpлығына сәйкес ҚР жаңа Конститyциясын қабылдаy жөнiнде бүкiлхалықтық pефеpендyм өткiзiлдi. Осы жаңа Конституцияны қабылдай отырып, ел азаматтары өзінің мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатындығын жариялады, өзінің егемен құқығын жүзеге асырды. Pефеpендyмға сайлаyшылаpдың 90,51%-ы қатысып, олаpдың 89,14%-ы жаңа Конститyцияның қабылданyын жақтап даyыс беpдi. Республикамыздың қоғамдық, саяси жүйесі үшін жаңалық болып табылатын демократия­лық институттар құрылды. Тұңғыш рет екі палатадан тұратын, тұрақты негізде жұмыс істейтін қазақстандық парламентаризмнің іргетасын қалады.

– Конституциямыздың өзіне тән ерекшелігі бар ма? Біздің Ата Заңымыз Франция Конституция­сының көшірмесі деген де пікірлер айтылады. Осыған қатысты не айтасыз?

– Ата Заңымыз Франция Конституциясы негізінде жасалды. Мұның өз себептері болды. Екі мемлекет те елдің басты құжатын қабылдау кезінде қиын, өтпелі жағдайда болды. Дегенмен, оны көшірме болды деп айтуға болмайды. Ата Заңымыздың Францияның Конституциясына қарағанда көп ерекшелігі бар.  Біріншіден, құрылымы бойынша Қазақстан Конституциясы жинақы. Атап айтқанда, ҚР Конституция­сының бір бөлімінде реттелген қатынастар Франция Конституциясының бірнеше бөлімінде реттелген. Мәселен, Республика Президентінің өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы туралы қатынас ҚР Конституциясының 3-бөлімінде («Президент») топтастырылса, Франция Конституциясында тиісті қатынас «Республика Президенті» деген бөлімнен бөлек «Сот төрелігінің Жоғары Палатасы» деп аталатын 9-бөлімде таратылып жазылған. ҚР Конституциясында қоғамдық қатынастар жинақталып 9 бөлімде бекітілсе, Францияда шағын мәселелер жеке бөлек бөлімдерде көрсетілген.

ҚР Конституциясында адам мәселесіне ерекше орын берілген. Қазақстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздері Конституцияның 2-бөлімінде бекітілген. Республикамызда адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарының, міндеттерінің конституция­лық бекітілуін саралау оның шет елдерде тиісті мәселенің конституциялық реттелуінен біршама ерекшеленетіндігін көрсетеді. Мысалы, атап кеткеніміздей, Қазақстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайы­ның негіздері Конституция­ның бір бөлімінде – «Адам және азамат» деп аталатын 2-бөлімде жалпы реттелсе, Өзбекстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздері Өзбекстан Республикасының Конституциясының жеті бөлімнен тұратын 2-тарауында реттелген, басқаша айтқанда, Өзбекстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздерінің мазмұнын құрайтын элементтер Конституцияның бір тарауының ішінде жеке-жеке бөлімдерде бекітілген.

– Конституциямыз бұған дейін бірнеше рет өзгерді. Оған не себеп болды?

– Конституция – бұл қатып қалған акт емес, уақыт өзгереді және тиісті өзгерістер конституциялық нормаларда көрініс табады. Қолданыстағы Республика Конституциясына бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді: бұл 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022 жылдар. 2022 жылы Конституцияға 2 рет өзгерту енгізілді.

– Былтырғы 5 маусымда өткен референдум да Ата Заңымызға біраз өзгерістер әкелді ғой?

– Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізген 2022 жылғы 8 маусымдағы заң республикалық референдумда қабылданды. Бұл заң бойынша Ата Заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Ашып айтсақ, ҚР Тұңғыш Президентінің барлық артықшылығы алынып тасталды, Президенттің саяси бейтараптылығы бекітілді. Президенттің, оған қоса Конституциялық сот, Жоғарғы сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларының, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелерінің де өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияға кіруге болмайтындығы бекітілді. Президенттің партияға қатыстылығын анықтаған бұл шектеу оның құқықтық мәртебесіне тікелей байланысты. Республика Конституциясында (40-баптың 2-бөлімі) анықталғандай, ҚР Президенті адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады. Тиісті мәртебесіне сәйкес, ол ешбір саяси партияның идеологиясын ұстанбауы тиіс, ешқандай саяси партияға тән болмауы, оның мүддесімен байланысы болмауы керек.

ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізген 2022 жылғы 8 маусымдағы заңмен Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметшілердің және квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруына тыйым салынды. Сенаттың Президент тағайындайтын депутаттарының саны 15-тен 10 депутатқа өзгерді, яғни 5 адамға қысқарды. Парламент Мәжілісінің депутаттарының саны 107 депутаттан 98-ге қысқартылды әрі Мәжілісті құру тәртібі өзгерді, атап айтқанда, Мәжіліске депутаттар пропорционалды өкілдік ету және мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болды. Мажоритарлық сайлау жүйесінің енгізілуіне байланысты Мәжілістің бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутаттарын кері шақырып алу институты енгізілді. Республикада заң шығару субъектілерінің қатары көбейді, ашып айтқанда, Рес­публика Үкіметі уақытша заң күші бар акті қабылдау құқығын иеленді. Заң шығармашылығында Мәжілістің рөлі артты, ендігі жерде заңды Мәжіліс қабылдайтын болса, ал Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдайтын болды. Сенаттың рөлі артты, атап айт­қанда, Сенаттың келісімімен Президент тағайындайтын мемлекеттік органдар басшыларының тізбесі кеңейді. Сенаттың келісімімен тағайын­далатын тұлғалар қатарына Республика Конституциялық сотының Төрағасы және Жоғары сот Кеңесінің Төрағасы қосылды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгерді, өлім жазасы толығымен жойылды.

– Сіз айтып отырған  мәселелелер  референдум кезінде оның алдындағы халыққа түсіндіру жұмыстарында кеңінен айтылды. Дегенмен, маман ретінде 2022 жылғы 5 маусымдағы жалпы дауыс беру арқылы енгізілген өзгерістердің негізгі ерекшелігіне тоқталсаңыз?

– Тиісті конституциялық реформаның негізгі бір жаңалығы: ҚР Конституция­лық Кеңесінің орнына Конституциялық сот құрылып, конституциялық бақылау институты жаңғыртылды, ҚР Конституциялық сотының ұйымдастырылуы мен қызметінің негіздері бекітілді. Сонымен қатар, ҚР Конституциялық сотына жүгінетін субъектілер қатарына азаматтар, Адам құқықтары жөніндегі уəкіл және Бас Прокурор қосылды. Бірақ, бұл тұлғалар өзге субъектілерге қарағанда Конституциялық сотқа тек нақты шектеулі мәселелер бойынша ғана жүгіне алады. Аталғандарға қоса, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың рөлі күшейтілді. Соңғы өзгертулерге сәйкес, Республика Президенті әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін жою құқығынан айырылды. Сонымен қатар, тиісті конституциялық реформамен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің қызметіне орналасу тәртібі өзгерді. Референдумда республиканың біртұтас халқы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңда көрініс тапқан мемлекеттің саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Халықтың қолдауы жаңа, дамыған Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды деп айтар едім.

Сұхбаттасқан

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button