Басты ақпаратЕл тынысы

Ерлік даңқы өшпейді



Жиырма миллионнан астам кеңес әскерінің өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншыларына қасарыса қарсы тұрып, өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен қаншама қазақ­стандықтың сүйегі жат жерде қалды. Кейінгі ұрпақ енді олардың әруағына тағзым етіп, батырлығы мен өжеттігін үлгі тұтуы тиіс.

1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1418 күнге созылған сұрапыл майданға Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер аттанған. Олардың 600 мыңы қайтып оралмаған. Ал жеңіспен елге аман-есен жеткен 105 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» қадаған. Тіпті Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағын екі реттен, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училище­сінің түлегі Иван Кожедуб үш мәрте алды.

Құдайберген Сұрағанов (1947 жылы) пен Сабыр Рахымовқа (1965 жылы), Бауыржан Момышұлына (1990 жылы) қаһармандығы үшін бұл ең жоғары атақ кейінірек берілді.

Шығыстан шыққан қос жұлдыз, Кеңес Одағының Батырлары, пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген қыз Әлия Молдағұлованың да ерлігін мақтан тұтамыз.

Қазақстанда 21 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта жекелеген полк батальоны жасақталды. Солардың қатарында Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері де бар еді. Олар 1941 жылы Алматы қаласында жергілікті ұлт өкілдерінен құрылып, соғысқа аттанды. Сол жылы қазан-қараша айында Мәскеу түбіндегі қорғаныс кезінде Волоколамск бағытын қорғауда асқан ерлік көрсетті. Мәскеуді қорғауда И.Панфилов басқарған дивизияның батальон командирі, қазақ халқының ержүрек ұлы Бауыржан Момышұлының және 28 панфиловшы-батырлардың даңқы шықты.

Авиация генерал майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдинов «Илюша» ұшағымен шығыс­тан шыққан жалғыз ұшқыш ретінде 1942 жылы майданға аттанады. Ол көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысты. Талғат мінген ұшақты жау жағы «қара ажал» деп атаған екен.

«Гитлердің үйінде» барлау взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев­қа Рейхстагқа Қызыл ту тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. Рейхстагқа дейін арақашықтық 360 метр еді. Бірақ жан-жағы жауып тұрған оқ. Лейтенант Қошқарбаев өзінің солдат­тарымен бұл қанды метрлерді 7 сағатта жерге жабыса еңбектеумен өтті. Сөйтіп ол Григорий ­Булатовпен бірге Рейхстагтың фронтонына ту тікті. «Халық қаһарманы» атағы Рақымжан Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген Сағадат Нұрмағамбетов 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсыр­маны батылдықпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні – бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. Оларға елдің бас қаласы – Астанада ескерткіш орнатылды. Бұл күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамға тағзым ету – біздің азаматтық парызымыз.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button