Мәдениет

Есті әуен ескірмейді



Жуырда елорда сахнасында халықтың жүрегін тербеген ретро әндер шырқалады. Залдағы бүкіл көрермен орнынан тік тұрып, әуенге қосылған, әуелеген ән жүректі тебірентетін кеш болғалы тұр.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры осы жексенбіде қазақ композиторларының шығармашылығына және халық ән мұрасына негізделген «Жанымды тербеткен әуен» атты жаңа бағдарламаны ұсынады. Концерт «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында өтеді.

Камералық хордың шығармашылығы музыкалық өнерді бағалаушылар арасында өте танымал және сүйіспеншілікке ие екенін атап өту қажет. Камералық хордың бас хормейстері – Данара Ташатова, концертмейстер – Гүлден Базыкен.

Камералық хор – халықаралық байқаулардың жеңімпазы және Латвия, Венгрия, Қытай, Португалия, Австрия, Түркиядағы халықаралық фестивальдердің қатысушысы.

Камералық хордың «Жанымды тербеткен әуен» концерт бағдарламасы бірнеше жыл бұрын үлкен сахнада қойылған болатын. Бұл жолы бағдарламаға өңдеуші Ерболат Абылаймен осы жобаға арнайы өңделген жаңа туындылар енгізілді. Камералық хордың көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамованың айтуынша, концерттің идеясы көңіл түкпірінен шығатын, жүректі тебірентетін ретро әндерді, ата-анамыздың жастық шағы, балалық шағымыз, халқымыз шырқайтын әндерді еске алу.

Кеш бағдарламасында ХХ ғасырдың хит әндеріне айналған Т.Ізтаевтың «Нұрикамал», Н.Тілендиев­тің «Куә бол», И.Жақановтың «Жайлаукөл кештері», М.Омаровтың «Анашым», Ә.Бейсеуовтің «Мұңайма» және «Ауылым», Шәмші Қалдаяқов әндерінен және «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарынан попурри, А.Зацепиннің «Мама», «Гүл Алматы» әндерінің хор өңдеу­лері алғаш рет орындалады.

Отандық хор музыкасы камералық хор бағдарламаларының басым бөлігін құрайды. Хор әртістерінің орындауында Қазақстанның композиторлық мектебі мэтрлерінің дәстүрлі халық әндері мен шығармалары жаңа көркемдік интерпретацияның арқасында түрлі ғажайып дыбыспен тыңдарманның жүрегін жаулайды. Көрермендер көп дауысты ұжымның тембрлік және гармоникалық байлығындағы ұлттық музыканың сазын бағалап қана қоймай, айрықша орындаудағы ерекше ән айту тәсілін тыңдай алады. Ырғақ тазалығы, ең керемет дыбыс амплитудасы, вокал шеберлігі және техникалық еркіндік – осы қасиеттердің барлығы камералық хордың асқан шеберлігімен көрсетілмек.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button