Қала мен Сала

Есілдің балығы көбейді



Астана қаласынан 1153 шақырым қашықта орналасқан Күршім ауданынан (ШҚО) 100 мың ақ амур, 96 мың тұқы балығы жеткізіліп, Есіл өзеніне ­жіберілді.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бастамасымен, Астана қаласының әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен өткен іс-шараны көруге келген адамның қарасы қалың. Сала мамандарынан бөлек, қала тұрғындары мен мектеп оқушылары да бой көрсетті. Бірі «Есіл өзенінде балық кө­бейетін болды» деп қуанып жүрсе, екіншісі қармақпен балық құратынын жоспарлауда. Жиналған жұрттың шынайы эмоциясын көріп, жауапты істің маңызын түсіне түстік.

«ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны» ЖШС балық өсіру шебері Қарлығаш Дүйсенбай:

– Елдің солтүстік өңірлеріндегі су айдындарында шортан, көксерке, алабұға, мөңке, қарабалық, дөңмаңдай, тұқы, ақ амур және т. б. балық түрлері кездеседі. Есіл өзенінен бөлек, «Вячеслав» және «Қоянды» су қоймасына балықтың екі түрін жіберуге басымдық береміз. Олар: ақ амур шөптің балансын сақтайды, яғни шылау мен балдырдың шамадан тыс көбейіп кетуінен сақтайды. Тұқы – қорек талғамайды, тұщы және тұзды суда да өмір сүріп, тез өседі. Әрі қармаққа жақсы түседі. Балықтың бұл түрі әуесқой балықшылар үшін өте қажетті десек, сол секілді нарықта да үлкен сұранысқа ие. Осы себепті «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС балықтың соңғы екі түрін сатып алып, Есілге жібердік, – деп түсіндірді.

Шығыс Қазақстан облысын елдің балығы ең көп өңірі деуге болады. Бұл облыстың су айдынында 59 ірі кәсіптік балық аулау учаскесі және 97 шағын балық шаруашылығы бар. Жыл сайын 12 негізгі кәсіптік балық түрлері бойынша 10 мың тоннадан аса балық ауланады.

Балық шаруашылығы саласын дамытудың негізгі бағыты – акваөсіру (жасанды балық өсіру), көлде және тоғанда балық ұстаумен ерекшеленеді. Балық өсіріп, өңдеудің үш бағытын ұстайтын «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС басшысы Сымбат Әнуарбековті сөзге тарттық.

– Шығыс Қазақстан облысының табиғи-климаттық және географиялық жағдайына сәйкес, тауарлы балық шаруашылығын дамытуды жолға қойдық. Есілге жіберілген тұқы мен ақ амур – тез көбейетін балықтар. Мәселен, ақ амур жыл сайын шамамен 10 сантиметрге дейін өсіп, дене тұрқы 1 метрге жетіп, салмағы 32 келіден асады. Ал тұқының тауарлық салмағы 1250-1500 грамм, ұзындығы 39-41 сантиметр болады. Өте дәмді балық. Сондықтан нарықта сұраныс өте жоғары. Бұл екі балықтың бір-біріне ешқандай зияны жоқ, бір ортада көбейе алады, – деді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынады.

Қазақстанның балық өсіру және көбейтуде потенциалы жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормаға қол жеткізуде шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет. Алайда су қоймаларында балық ресурсының азайғаны байқалады. Сондықтан балықтың түрлік санын тиісті реттеу үлкен маңызға ие. Міне, Есіл өзенін балықтандыру шарасы мұнысымен маңызды.

Үш жасар ұлын ертіп жүрген Руслан есімді азамат:

– Жексенбі күндері қаланың күйбең тіршілігінен арылып, балық құратын кездерім болады. Әуесқой балықшы ретінде өзенде балықтың азайып кеткенін жақсы білемін. Сондықтан Есілді балықтандыруын қуанышпен қабылдадым. Баламның дүние­танымы қалыптасып, өмірді танитын кезі ғой. Бүгінгі шара қандай әсерлі болды! – деп эмоциясымен бөлісті.

Күз – су айдындарына балық жіберуге ең қолайлы маусым. Берекелі күзде Есілдің балығы көбейе берсін.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button