ӘлеуметБасты ақпарат

Жанармай қымбаттады, Енді баға өсе ме?



«Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде. Президент инфляция өскен сайын халықтың табысы құнсызданып жатқанына назар аударды.

Наурыз айындағы сайлаудан ке­йін ескі де жаңа Үкіметті (екі-ақ министр ауысты) қайта жасақтаған Amanat партиясы қарапайым қазақстандықтарға күтпеген «сый» жасады. Ол – жанармай бағасын қымбаттату. 12 сәуірден бастап Үкімет АИ-92 және АИ-93 маркалы жанармайдың бір литрін 182 теңгеден 205 теңгеге, яғни 11 пайызға өсірді. Дизель отыны 20 пайыз­ға өсіп, бір литрі 295 теңгеден сатыла бастады. Бұл «қадамды» Энергетика экс-министрі Болат Ақшолақов «Үкімет жанармай тапшылығына ұрынбас үшін осындай қадамға барды» деп түсіндірді. Негізгі себеп бұл емес-ті. Ол кейінірек айтылды.

Арзан жанармайды көлеңкелі жолмен көршілес елдер тонналап тасып әкетеді екен. Бұған тосқауыл қою үшін Үкіметтегі шенеуніктер автокөлікпен және теміржол көлігімен жанармай экспорттауға қатаң тыйым салды. Мұнай өнімдерін шекарадан заңсыз өткізетін делдалдардың жолы кесілді. Шетелдік сатып алушыларға әр литріне 450 теңге деген баға белгіленді. Бірақ бұлардың бәрі жанармай бағасын ұстап тұруға көмектесе алмады. «Серый» экспортты бұрыннан ойластырып, «дұрыс» жолға қойып алған алаяқтар айласын асыра берді. Ақыры, Үкімет «сұр» схемалармен күресуге күш-жігері жетпейтінін біліп, бағаны қымбаттатты.

Иілмеген инфляция

Өткен жылдың соңында еліміздегі инфляция көлемі 22 пайызды құрады. Ол 2023 жылы ақпан айында 21,3 пайызға төмендеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін инфляция деңгейін екі есеге: 11 пайызға дейін төмендетуге тапсырма берді. Үкімет оны орындай ала ма, жоқ па, уақыт көрсетер.

Ал жанар-жағармай бағасының өсуі инфляция үдерісіне қалай әсер ететінін Үкімет үйіндегі жиында Премьер-министр Әлихан Смайылов былай түсіндірді: «Шынымен де, жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Олардың тұтыну қоржынындағы үлесі: дизель отыны – 0,4 пайыз, АИ 92 жанармай – шамамен 2 пайыз. Осыны ескере отырып, биылғы баға өсуінің тікелей әсері инфляцияның 0,35 пайыздық тармағына бағаланады». Әлихан Смайылов өзі басқаратын Үкіметтің шалағай шешімінің бағаға тек жанама ғана әсері болатынын айтып, сендіргісі келді.

БАҚ өкілдері алдында ­Премьер-министр: «Наурыз айының қорытындысы бойынша біз инфляция қарқынының айтарлықтай баяулағанын көреміз. Егер ақпан айында жылдық инфляция 21,3 пайыз болса, наурыз айының қорытындысы бойынша 18,1 пайызға азайды. Бұл үрдіс одан әрі жалғасады. Біз инфляция қысымын төмендетуге бағытталған іс-шаралар кешенін белсенді түрде іске асырамыз» деп батыл сөйледі.

Шынында да солай ма? Ескі де жаңа Үкіметтің инфляция үдерісін тежеуге қатысты іс-әрекеті нәтиже бере ме? Бұл жерде мынадай мәселе бар: құзырлы министрліктердің іс-қимылы бір-бірімен үйлеспейді. Тіпті бір-біріне қарсы деуге болады. Энергетика министрлігі жанармай бағасын өсірді, ал Сауда және интеграция министрлігі бағаны төмендетуге тырысуда. Ол қолдан келе қояр ма екен?..

Арзан газ тығырықтан шығарады

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жанармайдың қымбаттауы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне соншалықты әсер етпейтініне сенімді.

«Меніңше, бұдан азық-түліктің бағасы айтарлықтай қымбаттамайды. Өйткені нарықтағы ахуалға ықпалы бар ірі-ірі өнді­рушілердің көпшілігі жанармай емес, газ тұтынады. Әзірше газдың бағасы арзан. Сол себептен дизель отыны қымбаттаса да, ол тамақтардың құнына қатты қысым жасайды деп ойламаймын. Ал бұлай сенімді айтып тұрғаным, біз көктемгі егіс жұмысына арзан бағамен 413 мың тонна дизель отынын бөліп қойдық» деп түсіндірді мәселенің мәнісін С.Жұманғарин Үкіметтің дәлізінде журналистерге.

Тілшілердің көзін жеткізу үшін ол нақты сандарды мысалға келтірді.

«Әртүрлі тауарлардың қымбаттау деңгейі де бірдей емес: мысалы, тауар жеңіл болған сайын ол барынша арзан болмақ. Жұмыртқа мен тауық етін алсақ, онда жанармайдың өзіндік құны 2 пайызды құрайды, қантта – 5 пайыз. Егер күнбағыс майын алсақ, онда дизель отыны 25 пайызға көтерілетін болса, май 2,4 пайызға қымбаттайды. Яғни әрбір литріне 700 теңге деп алсақ, бұл шамамен 15-17 теңге болады» деді С.Жұман­ғарин. Ол жоғары қарқынмен өршитін инфляцияны тежеудің қандай жолы барына да арнайы тоқталды.

«Қазір инфляцияның деңгейі төмендеп келеді. Үкімет өзіне жүктелген тапсырманы орындай алатынын көрсетті. Бірақ мақтануға әлі ерте. Алдымызда маусымаралық деп аталатын сәуір, мамыр және маусым айлары бар. Бұл айларға да біз алдын ала қамдандық. Қазіргі таңда 33 мың тонна картоп, 11 мың тонна сәбіз, 7 мың тонна қырыққабат пен пияз қорын жинап қойдық. Өзіміздің өнімдер тұтынушылық айналымға енгенше осы қорды пайдаланамыз» деп түсіндірді министр.

Сарапшылар не дейді?

Алайда қаржы саласының сарапшы-мамандары жанармай бағасының өсуі азық-түлік және қызмет түрлері құнының қымбаттауына әкеледі деген пікірде. Қаржыгер Расул Рысмамбетов жанармай бағасының өсуінен азық-түлік құны шамамен 3-7 пайызға қымбаттайтынын айтады.

«Үкімет Президенттің тапсыр­масын орындаудың бірнеше жолын қарастырады. Біріншіден, олар инфляцияны санау тәсілін қайта қарастырады. Екіншіден, инфляцияны екі есеге дейін азайту дегеніміз – бұл экспортты және импорталмастыруды көтеру. Үкімет мұнайға, металдарға, бидай сатуға басымдық береді. Бизнес жүргізудің шарттарын жақсарту мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Үшіншіден, меніңше, инфляция туралы емес, экономиканың, өндірістің күші, жұмыс орындарын ашу, бизнестегі кедергілерді жоюға ден қоятын кез келді. Инфляция бұл қолмен басқаратын нәрсе емес, ол – бар-жоғы ағзаның температурасы. Егер экономикалық тұрғыдан салауатты, дұрыс өмір салтымен жүрсек, инфляция өз-өзінен қалыпты жағдайға келеді» дейді Р.Рысмамбетов.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Зарина Скрипченко 2023 жылдың соңына дейін Үкіметтің инфляцияны екі есеге дейін төмендетуі мүмкін емес екенін айтады. Ол үшін тұтынушылық баға индексі қалған 8 айдың ішінде 0,7 пайыз көлемінде тежелуі тиіс.

«Инфляцияны айтарлықтай азайту үшін Үкімет бюджет шығындары мен Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың көлемін қысқартуы қажет. Ал бюджеттің көлемін 1,5 трлн теңгеге ұлғайту және жанармайды қымбаттату инфляцияны тежеу үдерісін қиындата түседі. Жанармайдың өсуі еліміздің ішкі нарығындағы бағаның «секіруіне» жағымды ықпал етеді. Яғни азық-түлік бағасын ешкім ұстап тұра алмайды» дейді ол.

 


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button