Қоғам

Жаңа бағытқа жетелейді



– Білім саласы – Мемлекет басшысының үнемі басты назарында. Жолдауда көптеген игі бастама айтылғаны мәлім. Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуына қызмет ететін болашақ ұрпақты әлемдік деңгейде білім беру, білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттің бірі.

Президенттің Жолдауында мені қуантқаны – «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 400-ге жуық мектеп салынатыны. Себебі елімізде демографиялық өсімнің ұлғаюына байланысты, мысалы, 2027 жылға қарай Қазақстанда мектеп жасындағы балалар саны 5 млн-ға дейін артады десек, сәйкесінше, білім алатын мекемелердің көбеюі заңды емес пе?! Сондай-ақ ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатқаны қаншама сырқаттанып жүрген жанның дертін емдейтіні сөзсіз.

Мені толғандырып жүрген мәселенің бірі – игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылуы. Бұл – нақты іске асқан шаралардың бірі ғана, одан басқа атқарылған жұмыстар көп.

«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыс­тың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында.

Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды.

Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.

Самал НҰҒЫМАНОВА,

Шейх Халифа бен Заид ­әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицей ­директоры




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button