Ел тынысы

Жаңа заң жобасы әзірленді



Amanat төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісінде партия фракциясының жиналысын өткізді. Отырыста еліміздегі отбасы, ана мен бала құқығын қорғаудың қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ фракция жұртшылықпен бірлесіп әзірлеген балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.

Жиынды ашқан Ерлан Қошанов жас ұрпақтың балалық шағының барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау Мемлекет басшысы саясатының және Amanat партиясы басымдығының бірі екенін атап өтті. Инклюзивті білім беру жолға қойылып келеді, «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асып жатыр, барлық бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, балаларға арналған әлеуметтік төлемдер ұлғаюда. Келер жылдан бастап бұған дейін болмаған «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

«Балалардың толыққанды әрі бақытты балалық шағы үшін мемлекеттік деңгейде барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Солардың бірі – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Amanat партиясы жұртшылықпен бірге осы заң жобасын дайындады» деді партия төрағасы.

Ерлан Қошанов бұған дейін партия әлеуметтік желілерде балаларды қорлаумен күресуге мүмкіндік беретін кибербуллингке қарсы заң шығару бастамасын көтергенін еске салды. Сондай-ақ балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін партия жанынан «111» сенім телефоны ұйым­дастырылды. Бүгінге дейін «Amanat – 111 жедел қызметін» 47 мыңнан астам адам пайдаланды. Бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру ұйғарылды.

Жиын барысында бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Amanat партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын таныстырды. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балалар инфра­құрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатыс­ты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар әзірленді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатыгездікке, физикалық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.

Жаңа заң жобасында ұсынылған өзгерістердің өзегі мен маңызын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өтті. Іс-шара барысында Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, «Балалар қорғауында» қорының директоры Жанар Ахметова, Түркістан облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлжан Вероцкая, «Қорғау-Астана» ҚБ бас­шысы Анна Рыль және жиынға қатысқан өзге де тұлғалар заң жобасын қолдап, пікір білдірді.

Фракция отырысын қорытындылай келе, партия төрағасы Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылануының, құжатты тезірек қабылдаудың аса маңызды екенін атап өтті. Жаңа заң жобасы елімізде балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықпен күресудің мемлекет үшін жаңа тиімді құралы болуы керек.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button