Басты ақпаратСараптама

Жаһандық жылыну: Жерді қалай құтқарамыз?



Әлемде қазір неше түрлі табиғат құбылыстары орын алып жатыр. Климаттың өзгеруі, жылу толқындарының жиі болуы, теңіз деңгейінің көтерілуі, мұздықтардың еруі, тасқындар, құрғақшылықтар мен дақылдардың шықпай қалуы секілді табиғи зардаптар адамзатқа орасан қауіптің келе жатқанын сездіргендей. Ғаламдық жылыну бұл – парникті газдан бөлінетін ең әуелі көміртегі диоксиді мен метанның ұзақ мерзімді, кумулятив әсері. Олар атмосферада жиналып, күннің жылуын ұстап тұрған кезде жердің температурасына әсер етеді.

Жаһандық жылыну жер бетіндегі орташа температураның артуына себепші болып отыр. Соңғы жүз жылда температурасы шамамен 1°С-қа артты. Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, ормандарды кесу, адамдардың қоршаған ортаны қорғаудың орнына ағаштарды кесіп, құртып, қалдықтарды лақтыруы, түрлі-түрлі жағымсыз әрекеттері – бәрі-бәрі жаһандық жылынудың басты себептері болып тұр. Жер ­шары орташа температурасы қазір­гі­­ден ­2° ­С жоғарылайтын болса, бұл ­адамзатқа ауыр апат алып келуі мүмкін. Дүние­жүзілік мұхит деңгейінің өсуімен қатар жаһандық температураның да өсуі атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің өзгеруіне алып келеді. Нәтижесінде табиғи катаклизмдер жиілеуі мүмкін, мысалы: су тасқындары, қуаңшылықтар, дауылдар және басқалары, жапа шеккен аймақтарда ауылшаруашылық өнімдерінің мөлшері төмендейді және басқа аймақтарда жоғарылайды (көмірқышқыл газы концентрациясының көтерілу есебінен).

Сарапшылар, ғалымдар не дейді?

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым  жыл сайын жаһандық климат өзгеріс­теріне байланысты жаңа есебін жария етіп келеді. Ұйым бұл есепке әлемнің ең үздік ғалымдар мен мамандарды ұйымдастырады, сондай-ақ аналитиктердің шешім шығаруына көмек беретін әлемдегі жетекші климаттық орталықтардың ең жоғары дәлдіктегі мәліметтерін топтастырады. Осыншалықты жоғары деңгейдегі ғылыми жұмыстардың нәтижесі шығарған қорытынды бізге қуанарлық тұжырым беріп отырған жоқ. Соған қарап та Жер шары климатының жылынуы адамзат үшін аса қауіпті деңгейде екенін білуге болады. Есепке сай, алдағы бес жыл ішінде Жер шарының орташа температурасы 2017-2021 жылдар аралығымен салыстырғанда жоғары болады. Бұл орташа температураның тұрақты түрде жоғарылау үрдісі сақтала беретінін көрсетеді, ғалымдар бұның ықтималдылығын 93 пайыз деп көрсетіп отыр. Демек, алдағы бес жыл ішінде де климатта оң өзгеріс болмайтыны анық. 2016 жылы жаһандық климат мәселесін тақырып еткен Париж конференциясы өтті. Онда әлем елдері орташа температураның жоғарылауын 2° С-қа жеткізбеу мақсатында міндеттер жүктеп алды. Онда БҰҰ-ның жаңа климаттық келісіміне қол қойылып, 2020 жылға дейін парниктік газдар көлемін азайту арқылы климат өзгеруінің алдын алу міндеттемелеріне қол жеткізілді. Алайда бұл шаралар мәселені түбегейлі шешу дегенді білдірмесе керек. Дегенмен, елдер арасындағы дамуға деген, өндіріске, ресурстарды игеруге деген өзара бәсекелестік жағдайында мұндай міндеттердің түбегейлі орындалып шығуы екіталай. Әлемдегі ірі өндіріс базалары саналатын және халық саны көп Қытай мен Үндістан секілді елдердің өндірісі әлі де болса көмірге көбірек сүйенеді. Аталған елдер өзінің шарт-жағдайына қарай жақын жарты ғасырда көмірден толық қол үзе алуы да неғайбыл. Бұл тұтас жаһанның тағдыры үшін үлкен сынақтарды алып келмек.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 21-ғасырдың соңына қарай Жердің орташа температурасы 1,8 градусқа, ал тіпті нашарлаған жағдайда – 4,6 градусқа жылынуы мүмкін. Зерттеулерді Юта университетінің Чаган Шакериоглу бастаған халықаралық ғалымдар тобы жүргізген.

Егер жаһандық жылыну жылдам жүзеге асатын болса, ғалымдардың болжауынша, 50 жылда мұздықтар еріп бітеді. Жағажайдағы елдер суға батып, Жер шарын мұз басады. Ауаның орташа температурасы 10-15 градусқа төмендейді

Жоғары температура мұздықтар, теңіз мұздары және полярлық мұздар ери бастайды, бұл теңіздер мен мұхиттардағы судың мөлшерін арттырады. Әрине, табиғаттың мұншалықты өзгеруіне жер үстіндегі емес, астындағы шикізатты да барынша игеру әсер етері  түсінікті. Адамзат өз даму сатысында әзірге одан бас тартпайды. Иә, жер қойнауы барынша тоналуда, бірақ оған қарсы тұрар амал бар ма? Әр билік өз халқының мүддесінен шығуға тырысатынын ескерсек, бұл – тоқтамайтын құбылыс. 2050 жылы Жер шарындағы адамдардың саны 9 миллиардқа жететінін ескерсек, онда адамзатқа жаңа кеңістіктерді игеру уақыт талабына айналуда.

Үміт – жаңа технологияларда

Ал бизнесмендер мен саясаткерлер автоәуесқой қауымды болашақ көліктеріне отырғызуды 30 пайызға жеткіземіз деген уәделерін берсе, 2030 жылға қарай электр қуатымен жүретін көліктерді осыншама пайызға көбейтеміз деген меже де белгіледі. Қазіргі таңда жаңа технологияларды өндіріске ендіру біртіндеп болса да жүзеге асып келеді. Сол 196 ел өкілдерінің қатысуымен БҰҰ-ның ғаламдық жылынудың алдын алуға қатысты үлкен конференциясы өткен Париж қаласында такси көліктері электр қуатымен жүретіндігін айта кеткен жөн. Ал күн қуатымен ұшатын Solar Impulse 2 ұшағының жер шарын айнала ұшуды жүзеге асыруы бұл бағыттағы ізденістердің нәтиже бере бастағандығын көрсетеді. Қанаттарының жалпы ұзындығы 72 метрге жететін ұшақтың салмағы – 2,3 тонна. Негізінен, қанаттарына 17,2 мың күн батареялары орнатылса, олар электр қозғалтқыштарға қуат беріп отырады. Ұшақтың ұшу жылдамдығы сағатына – 140 километр. Сонымен Solar Impulse 2 ұшағы Атлант және Тынық мұхиттарының үстімен ұшып өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Әсіресе, соңғысының үстінен ұшу өте қауіпті екендігін ескерсек, бұл әуе жолын еңсерген ұшақтың болашағы жарқын деп айта аламыз. Ғалымдар бүгінгі таңда баламалы қуат көздерін алу технологияларын барынша дамытуды қолға ала бастады. Күн мен желдің, тіпті, теңіздің тербелісінен қуат алып келе жатқан адамзат жауған жаңбыр­дан да қуат көзін алуға дағдыланып келеді. Жақында қытайлық ғалымдар күн көзінен қуат алу қондырғыларына жаңбыр суынан да электр қуатын өндіре алатын қоспа ойлап тапқаны белгілі болды. Осылайша ғалымдар айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Орайы келгенде айту керек, егер сол Нью-Йорктегі қабылданған қарар орындалар болса, онда 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының көлемі 4,5-8,8 миллиард тоннаға кемиді екен. Бұл – миллиард автокөліктің шығаратын көміртегімен пара-пар деген сөз. Қорыта айтқанда, адамның жерасты қазба байлықтарын тұтынуы барынша жалғаса беретінін уақыт көрсетіп отыр. Ал ол өз кезегінде СО2 және өзге де парниктік газдар көлемінің артуына алып келмек. 1895 жылдың өзінде ғалымдар бұлардың жерді жылытатынын білген деседі. Қазіргі таңда СО2 көлемінің бұрынғыға қарағанда екі есеге жуық артып отырғандығы белгілі. Сондықтан да Жер шарындағы елдердің БҰҰ аясында ортақ шешімге келіп, алдағы уақытта орын алуы мүмкін апаттардың алдын алуға жасаған қарекеттері маңызды.

Астанада экология мәселесі қалай?

Бас қаламыздың экологиясы – басты мәселенің бірі. Ауа ластанбай, тазалық сақталған жерде ғана қоршаған ортаға зиян келмейді. Бірақ, бас қаладағы экологиялық ахуал сын көтермейді. Елордадағы газдандырудың бәсең болуынан Астана қаласы көк түтіннен арылмай отыр. Астананың іргесіне газ келгенде «қыс мезгілінде қаланы торлаған көк түтіннен құтылатын болдық, бас қала тұрғындарының барлығы газға қосылса, қала экологиясы жақсарады» деп бәріміз қуанған едік. Арада 2-3 жыл өтсе де қаладағы көк түтін мен көмірдің қошқыл иісінен құтылғанымыз жоқ. Бұл өзекті мәселені «Астана ақшамы» бірнеше рет жазды. 31 қаңтарда Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге арнайы тоқталып, қаланы газдандыру жұмысының сылбырлығын сынға алды. Астана жаппай газға қосылса, ауадағы әртүрлі экологиялық зиянды қалдықтардың мөлшері азая­ды. Газ бен көмір қалдықтарының арасындағы айырмашылық 10 есеге дейін жетеді. Яғни, газ тартылған соң, қалаға зиянды қалдықтардың таралуы 10 есеге азаяды. Бас қалада көмір жағатын жер үйлер аз емес. Оның үстіне, елорда төңірегіндегі Қосшы, Қоянды, Жібек жолы, Қызылсуат, Қараөткел сияқты көмірмен күн көретін ауылдардың да көк түтіннің қаланың ауа сапасына әсер етіп отырғаны шындық. Қаланы да, осы елді мекендерді газдандыру жұмысын тездетудің маңызы зор.

Қоқыстан қалай құтыламыз?

Қоқыс және оларды жою мәселелері де экологияға қатысты өзекті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, республика бойынша рұқсат етілген 3 мыңға жуық қоқыс полигоны бар. Десе де, оның 21 пайызы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай. Демек елімізде қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Шетелде де бұл проблема маңыздылығын жойған жоқ. Әлемде жыл сайын 2 млрд тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Бұл – қоқыс мәдениетінің дүние жүзінде бірізге қойылмағанының көрінісі. Сарапшылар тіпті 30 жылға жуық уақытта қоқыс көлемі 70 пайызға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді деген пікір айтып жүр. Сондықтан еуропалық комиссия қайта өңделген өнімдерді пайдалануды арттыру бойынша ұсыныстарды жариялауды жоспарлап отыр. Өйткені пластиктің шамамен 40 және қағаздың 50 пайызы қаптама үшін пайдаланылады екен. Ал бұл тұрмыстық қатты қалдықтардың 36 пайызын құрайды. Егер Еуропарламент пен Еуропалық Кеңестің, ЕО-ның 27 үкіметінен тұратын топ мақұлдаса, 2025 жылға қарай шамамен 65 және 2030 жылға қарай 70 пайызға қоқысты азайту көзделіп отыр.

Елімізде қоқыстың мөлшері 160 млн тоннадан асты. Жылына шамамен 4,5 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналады десек, мұның тек 15 пайызы ғана өңделеді. Бұл да көңіл көншітпейді. Кейбір аймақтарда тіпті қайта өңдеу зауыты жетіспейді.

Қазір елімізде қоқысты өңдеу мақсатында біраз шара қолға алынып жатыр. Республикада қатты қалдықты қайта өңдеп, энергетикалық отынға айналдыратын 6 зауыт салынбақ. Жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп бекітілген. Экология министрлігі өткен жылы тендер жариялау арқылы Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Өскеменде зауыттар салынып, ендігі үш жылдан кейін жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Осылайша, Қазақстан 2025 жылға дейін қоқысты сұрыптап өңдеуді 30 пайызға, өртеуге жіберетін қоқысты 20%-ға жеткізуді көздеп отыр, ал қалған 50 пайызы қоқыс полигонында сақталмақ.

Астана қаласында қатқыл тұрмыс­тық қалдықтарды көмуге рұқсат етілген бір полигон бар. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша «Алтын ТЭТ» ЖШС зауыты іске қосылды. Аталған қоқыс өңдеу кешенін іске қосу қалдықтарды пайдаға асыруға оңтайлы әсер етуде. Кешеннің жобалық қуатына толық көшуі қатқыл тұрмыстық қалдықтардың 80%-ын  қайта өңдеуге, ал 20%-ын көміп тастау­ға мүмкіндік береді. Медициналық қалдықтар арнаулы қондырғыларда өртеледі, экологиялық заң баптарына сәйкес, аталған қызмет түрімен айналысатын кәсіпорынның қолында  мемлекеттік экологиялықсараптаманың  қорытындысы мен қоршаған орта эмиссияларына рұқсаты болуға тиіс.

Жаhандық жылынуға жеткізген экологиялық ахуал, қоршаған ортаның жыл сайын нашарлауы, адамзат тіршілігі үшін қауіпті болып отырғанын айтуымыз қажет.

«Әлемде ауа температурасы +3 градусқа көтерілсе, мұзды мұхит, Антарктида еріп, мұхиттағы су деңгейі өсіп, ол өз кезегінде ауызсудың тапшылығына әкеледі. Париж келісімі бойынша ауа температурасын +2 градусқа дейін ұстау керек. Қазақстан осы келісімге қол қойса да, энергияның балама көздерін табуға байланысты әрекет етіп жатқан жоқ. Осы 100 жыл ішінде біздің ғаламшарымыздың өмірі мен болашақтағы тіршілігі қандай болатыны белгілі болады. Жаһандық жылынудың қаупі – ол адамзатты ақыр заманға алып келуі мүмкін. Ауызсу таусылса, жер бетіндегі 8 млрд  адам сусыз қалады, құрғақшылық орнайды» дейді эколог мамандар.

Егер жаһандық жылыну жылдам жүзеге асатын болса, ғалымдардың болжауынша, 50 жылда мұздықтар еріп бітеді. Жағажайдағы елдер суға батып, Жер шарын мұз басады. Ауаның орташа температурасы 10-15 градусқа төмендейді. Ауа температурасының өзгеруінен сезімтал адамдар қатты зардап шегіп, көз жұмады. Ағаштар климаттың өзгеруіне өте баяу бейімделетіндіктен, жойылып кетеді. Боран, дауыл, құйын, су тасқыны секілді апаттар жиілей түседі. Ауызсулардың тапшылығы орын алып, түрлі эпидемиялар мен аурулардың пайда болуына әсер етеді. Осы орайда жаһандық соғыстың орнау қаупі де жоқ емес.

Не істеу керек?

Қазіргі кезде жаһандық жылынуды алдын алу үшін тың идеялар айтылып, тәсілдер ойластырылуда. Энергоресурс­тарды пайдалану мәселесі, парниктік газдарды, соның ішінде көмірқышқыл газының атмосфераға таралуына тос­қауыл болуға  әсер ететін әдіс-тәсілдер бар. Мәселен, парниктік газдардың ауаға таралуын тежеу – организмдерді жерлеу мен жасанды ағаштарды пайдалану арқылы жүзеге аспақ. Әрине, мұндай құрылғыларды жасап шығару үшін уақыт пен қыруар қаражат керек. Экологтардың айтуынша, жаһандық жылынудың алдын алуға болады. Ол үшін әлем елдері келісімшартқа отыру керек. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бірқатары балама энергия көздеріне 30-40%-ға көшті. Осы бағытта Америка, Еуропа елдері жақсы жұмыс жасап жатыр. Қазақстан, Ресейге жаһандық жылыну мәселесін алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқару керек. Мәселен, біздің елімізде балама энергия көзін пайдалану тек 1% ғана. Бұл – өте мардымсыз жағдай. Жер шары мен ұрпағымыздың болашағын ойласақ, бұл мәселеде көп жұмыс атқаруымыз қажет. Ал қазіргі жағдайда АҚШ пен Қытай зиянды, әрі қауіпті газдарды атмосфераға шығару бойынша бір-бірімен жарысқанын тоқтатпайтынын ескерсек, адам өз денсаулығы мен болашағын шетке ысырып отырған уақытта жаһандық жылыну мәселесінде ілгерілеушілік болмайтыны анық.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button