Ел тынысы

Жеңіске үлес қосқан жерлестер



Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 78 жыл толып отыр. Ақмола өңірінен соғысқа аттанып, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдинов, Рейхстаг­қа бірінші ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, «Даңқ» орденінің толық иегері Әлмұқан Сембинов, ақкөлдік Сағадат Нұрмағамбетов, зеренділік Мәлік Ғабдулин, атбасарлық Ақан Құрманов тағы басқалары – бұл соғыстың шын мәніндегі батырлары.

Еліміздегі әрбір отбасы бұл соғысты ұмыта қоймайды, өйткені олардың туыстары сол қырғынның құрбаны болды немесе мүгедек болып оралды.

Мысалы, өзімнің немере ағам Бектемір Тоқсанбаев Брест қамалында алғашқы жауды қарсы алып, одан кейін Курск-Орел доғасындағы қанды шайқаста мерт болды. Ал екінші ағам Балташ Жексембаев соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралды.

Мәселен, Ақмола облысының тек қана Ақкөл ауданынан соғысқа 13764 адам жіберілсе, оның 3138 қаза тапса, 264 адам хабар-ошарсыз кетті. Еңбек армиясына 2509 тұрғын жіберілді. Міне, осы аталған жауынгерлер әр майданда ерлік көрсетіп, жеңіс туын желбіретуге өз үлестерін қосқаны сөзсіз.

Ақкөл қаласының тумасы Виктор Константинович Булавский Ленинград артиллерия училищесін бітіріп, 1939 жылы нөмір сегізінші батарея командирі болып тағайындалады. Өзінің керемет ерлігін лейтенант Виктор Булавский 1939 жылдың 26 желтоқсанында фин соғысында көрсетеді. Қыстың қарлы суығында бес сағат жаудың қардай бораған оғының астында ол біздің артиллеристерді дұрыс бағыттап, біздің жаяу әскер аман-есен алға жеңіспен шығады. Кескілескен ұрыста біздің жерлесіміз өзі жан тапсырады. Осы ерлігі үшін 1940 жылдың 15 қаңтарында Виктор Булавскийге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Екінші батырымыз Петр Михайлович Исаков он тоғыз жасында Ақкөл қаласының №1 орта мектебінен әскер қатарына шақырылады. Пулемет атқышы ретінде Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысып, екі рет жараланады. 1945 жылдың қаңтар айының ортасында гвардиялық армия шабуылға шығады. Оның ішінде Исаковтың да ротасы болады. Шабуыл сәтті өтіп, Кеңес әскерінің Германия жеріне кіруіне жол ашылады. Осы шайқастағы ерлігі үшін рота командирі П.Исаковқа Кеңес Одағы Батыры атағы беріледі. Өзі оқыған №1 Ақкөл қаласындағы орта мектеп осы кісінің есімімен аталады.

Ақкөл ауданынан Жалғызқарағай елді мекенінде туып өскен Гавриил Федотович Кирдищев те майдан шебінде қаза тауып, ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ауылдағы мектеп осы батырдың есімімен аталады.

Төртінші батырымыз – бәрімізге көптен белгілі, жауды жеңіп елге аман-есен оралған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов ағамыз. Бұл ағамызды газет оқырмандарына таныстырудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын, өйткені бұл кісі туралы баспа беттерінде көп жазылады.

Соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған Сағадат Нұрмағамбетов ­Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Сондай-ақ «Халық қаһарманы» атағының бірінші иегері. Осы тұста бір айтпағым, алдағы 2024 жылы батыр ағамыз­дың туғанына 100 жыл толады. Бүгінгі таңда оның туған жері Еңбек ауылын батырдың еліне сай болатындай етуге біраз істер атқарылып жатыр. Енді Мәдениет үйінің алдына ескерткіш қойып, көшесін жөндесек, дайынбыз деп айтуға болады.

Ұлы Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккері де қажыр­лы еңбек етті. Аудандық архивте сақталған атқару комитетінің шешімінде мынадай мәлімет бар: Промкомбинат 500, Красный Горняк промартелі 200 шаңғы дайындаған. Әр ауылда қызыл әскер жауынгерлеріне жылы киімдер, жүн шұлықтар дайындап, майданға жібергені бізге мәлім. Көптеген тыл еңбеккерлері әртүрлі марапаттарға ие болды.  Менің жазып отырғаным – бір ауданнан соғысқа аттанғандар мен тылдағы еңбек адамдары. Ал үлкен Кеңес Одағында қанша аудан мен елді мекендер бар. Солардың бәрі жауды жеңуге барлық мүмкіндіктерін жұмсады.

Иә, ұзақ жылдар Ұлы Отан соғысы деп аталып келген Екінші дүниежүзілік соғыстың жаңғырығы әлі де естіледі. Өйткені бұл соғыстың қасіретін көргендер аз да қалса әлі де ортамызда жүр, сондай-ақ аталарының ерлігін өнеге етіп өскен бүгінгі ұрпақтың санасынан да сол соғыс­тың тарихи естелігі өшкен жоқ. Сондықтан Отан үшін жанын пида еткен батыр аталарымыздың ерлігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, Астана қаласы

Ардагерлер кеңесінің медиатобы

мүшесі, Ақмола облысы Ақкөл

ауданының құрметті азаматы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button