Ел тынысы

Жеңіс мерекесімен құттықтады



Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 9 мамыр – Жеңіс күніне орай елордадағы соғыс және тыл ардагерлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады.

– 9 мамыр – еліміздің төл тарихындағы қастерлі күн. Бұл – жанын пида еткен аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым етіп, алғыс айтатын күн. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында бүгінде бейбіт күнде өмір сүріп жүрміз. Ел басына күн туғанда жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз! Баршаңызға зор денсаулық, амандық және бейбіт өмір тілеймін! Жеңіс күні құтты болсын! – деді әкім.

Қала әкімі қаладағы ҰОС батырларын еске алуға арналған мемориалдарға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Жиында қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ ол мереке қарсаңында бірқатар соғыс ардагерлерінің үйіне барды. Соғыстың соңғы солдаттары – Ырзағұл Байкешев пен Василий Сердюков, Абдурахман Сафаров, Михаил Куликтің хал-жағдайын біліп, құттықтау тілегін жеткізді. Ырзағұл Байкешев Польша, Румыния және Венгрия елдерін азат ету кезіндегі қанды шайқастарға қатысқан. Соғыстан кейін экспедитор болып еңбек етті. Биыл ол 100 жасқа толады. Василий Сердюков мектепте жүрген жерінен соғысқа аттанып кеткен. Ол Минск, Варшава, Поз­нань және т.б. қалаларды азат етуге қатысты. Соғыстан кейін Василий Антонович теміржол станция­сында жұмыс істеді, осы жылдары ол теміржол саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Абдурахман Сафаров осы айда 103 жасқа толады. Смоленск, Калуга, Витебск және басқаларын азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін мектепте физика және математика мұғалімі болып жұмыс істеді. Михаил Кулик соғыс­тан кейін Целинтрансстройда еңбек етті. Ақмола – Павлодар теміржолының, әуежайдың, Жастар сарайының, бірінші стадионның, «Турист» қонақ үйінің және т.б. құрылысына қатысты.

– Ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтадым! Олардың ерлігінің, батырлығының, қайсар рухының арқасында бүгінде біз бейбіт аспан астында өмір сүріп келеміз. Ұлы Отан соғысының әрбір ардагері мен қатысушысының маңдайына ауыр тағдыр жазылған. Біздің міндетіміз – оларға қамқорлық жасау және мәңгілік есімізде сақтап, құрмет көрсету. Жеңістің 78 жылдығы құтты болсын! Ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық пен амандық тілеймін! – деді қала әкімі.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button