Әлеумет

Жол бойынан нәпақа тапқан



Теміржолдың қара күші атанған жолшылар – қозғалыс қауіпсіздігіне ең жауапты тұлға. Жыл он екі ай ашық аспан астында еңбек ететін олардың әр күні теміржолдың бабын жасаумен өтеді. Біз бүгін Астана жол дистанциясының жол монтері Жангелді Құрманалиннің жұмысымен таныстық.

Күнделікті әдетімен жұмысына жарты сағат ерте келген Жангелді жұмыс киімін киіп, «табельныйға», яғни жолшылар жиналатын арнайы орынға бет алды. Әріптестері де жиналып қалған екен. Сағат тоғызда телім бастығы бүгінгі күннің жұмыс жоспарымен таныстырып, жарты сағат нұсқаулық өткізді. Жұмыстың бар қыр-сырына қанығып, белгі берушілер қайда тұрады, қоршау қайда қойылады, бәрін пысықтап алған жолшылар тапсырманы түсініп, танысқанын растап, журналға қол қойған соң құрал-саймандарын асынып, жұмысқа бет алды.

– Міне, көріп тұрғаныңыздай, қар мен жауын-шашыннан бойына су жиналып, шіріген шпалдарды жаңасына ауыстырып жатырмыз. Бұдан басқа күнделікті ағымдағы жол күтімін жасаймыз. Күн ысығанда рельс ұзарады, қыста қысқарады. Сол кезде оларды техникалық нормаға сай келтіріп сәйкес­тендіреміз, ақаутапқыштар анықтаған ақаулар бойынша жұмыс жүргіземіз. Күтімі келіскен жолда қозғалыс та қауіпсіз екенін әрбір жолшы жақсы түсінеді, – дейді жолшы.

Тоғыздан аса жұмысқа кіріскен жолшылар кешкі алтыға дейін бір тынбады. Арасында жарты сағаттан екі рет үзіліс алып, дамылдап алады екен. Ондай кезде құралдардың бәрін жолдың бойынан алып, пойыздың өтуіне кедергі келтірмейді. Түскі үзіліске шыққан жолшылар арнайы жылыту күркесіне келіп, үйден әкелген тамақтарын ішіп, біршама демалған соң жұмыстарын әрі жалғастырды.

– Жолшы болуға асқан білім керек емес шығар, бәлкім, бірақ мықты денсау­лық пен шыдам қажет, түсті ажырата алмайтын дальтониктер, құлағы ауыр еститіндер, қан қысымы көтеріліп немесе түсіп кететіндер мен жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар мұндай ауыр еңбекке жарамайды. Сондықтан жолшылар жыл сайын компания тарапынан тегін медициналық тексеруден өтеді, теміржол стратегиялық нысан болғандықтан олардың психикалық денсаулығы да ерекше қаралады, – дейді Жангелді.

Жолшылар жұмысының ауыр кезеңі – қар қалың жауып, бұрқасын болып, боран соғатын күндер, әрине. Ондай кезде күні-түні жұмыс істеп, жаппай кезекшілікке шығатын жолшылар пойыз­дар қозғалысына қауіп төнбес үшін жол бойын, бағыттағыш бұрмаларды қардан тазартып, уақытпен санаспай жұмыс істейді. Түнгі кезекшілікке шыққандарға айлығына үстемақы төленеді. Бірақ, суыққа ұрыну, үсіп қалу қаупі де жоғары. Демалыста жұмысқа шыққан адам он күн ішінде бір күн жұмыстан босатылады. Бұл ретте оның жұмыс сағаттары есептеледі.

– Жұмыста еңбек жағдайы толық жасалған. Көріп тұрғаныңыздай, «табельныйда» тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, жұмсақ диван, үстел орындығымен, ыдыс-аяқ – бәрі тұр. Әрбір теміржолшы екі жылда бір рет шипажайда демала алады. Мұнда тиіп-қашып жұмыс істеп, әйтеуір күн өткізетіндерге орын жоқ. Себебі қазір ЕҚК, яғни еңбекке қатысу коэффициенті енгізілген, әрбір адам айлық жалақысы азайып қалмас үшін жұмыс істейді, – дейді жол монтері.

Жангелді Құрманалин Ақмола облысы Жақсы стансасында дүниеге келген, теміржолдағы еңбек өтілі 15 жылдан асады. Теміржол бойындағы стансада тұрса да, ол – өз әулетіндегі алғашқы теміржолшы. 2008 жылы уақытша істей тұрамын деп жолшылық жұмысқа кірген еді. Уақыт өте ол бұл жұмысы өзіне ұнайтынын біліп, түпкілікті қалып қояды. Бүгінде оның екі бауыры да теміржол саласында. Балалары астанаға оқуға түскеннен кейін 2018 жылы елордаға көшіп келіп, осында Астана жол дистанциясына жұмысын ауыстырады. Төрт баласының үлкендері үйлі болып, немересіне сүйікті ата болған жайы бар.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button