Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жігерлі жастар жұмыссыз жүрмейді



Жастарды жұмыспен қамту бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Осы орайда Астана қаласы әкімдігі бастамасымен бірқатар іс-шара қолға алынған. Соның бірегейі – жастарға арналған бос жұмыс жәрмеңкелері. Кеше елордада өткен кезекті жәрмеңкеде 50-ден аса жұмыс беруші 450 жұмыс орнын ұсынды.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен Халықты жұмыспен қамту орталығы бірлесіп, Esil университетінде ұйымдастырған жоғары оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жүрген жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 1000-ға жуық жұмыс іздеуші қатысты. Жастарға барлығы 450-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкенің негізгі мақсаты жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмыс іздеушімен тікелей байланыс орнату арқылы жұмысқа орналастыруға бағытталғанын атап өтті.

– Жастарға арналған жәрмеңке әр тоқсан сайын өтеді. Осы уақытқа дейін үш жоғары оқу орнында ұйымдастырылды. Яғни бір жылда 16-ға жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жастардың 60 пайызға жуығы жұмысқа орналасты. Биыл бұл көрсеткіш артады деген үміттеміз, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитов.

Жәрмеңкеге «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан халық банкі» АҚ және қалалық Мемлекеттік қызмет істері департаменті мен басқа да жетекші кәсіпорындар қатысты. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.

ВТБ (Қазақстан) АҚ-тың бөлім басшысы Дастан Нұрлыбай менеджер және операторлар қатарына қосыламын деушілерді іздейтінін айтты.

«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ай сайын қатысамыз. Алайда жастарды бұл жолы бірінші рет қабылдағалы отырмыз. Сондықтан жұмыс іздеп жүрген студенттерді қуана қабылдаймыз» деді ол.

Жұмыс іздеушілердің қатарында Esil университетінің 3-курс студенті Фариза Ділімбетова бар.

«Мен қаржы мамандығы бойынша білім аламын. Сондықтан маған банкте, қаржы орталығында жұмыс істеген қызықты. Бірнеше банкке өзімді ұсынып үлгердім.

Келесі жұмыс жәрмеңкесі 28 сәуірде Г.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button