Құқық

Жүргізуші куәлігін беру қатаңдатылды



Астана қаласында өткен аптада 72 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 48 адам әртүрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілсе, үш адам оқиға орнында көз жұмды. Мұндай келеңсіздіктің басты себебі – жылдамдықты шамадан тыс арттырып, көпе-көрнеу жол ережесін сақтамау. Әсіресе 18 бен 30-дың арасындағы жастардың көбіне қала көшелерінде бағдаршамның қызыл түсіне бағынбау, жол бойындағы екі тұтас жолақты қасақана кесіп өту сияқты адам өміріне қауіп тудыратын өрескел ереже бұзушылықтар жиі болатыны анықталып отыр.

Жақында елордада көлік ­тасқыны арасында ерсілі-қарсылы жүріп келе жатқан автокөлік жол полициясы қызметкерлерінің күмәнін тудырып, тоқтатқанда рульде отырған жас жігіт қолына сарғайып кеткен жүргізуші куәлігін ұстай түседі. Бұдан секем алған тәртіп сақшылары оны тәркілеп, сараптамаға жібергенде, жігіт ұсынған жүргізуші куәлігі қолдан жасалған жалған құжат болып шықты.

Жасыратыны жоқ, ке­йінгі кезде жүргізуші куәлігін оқымай, емтихан тапсырмай оңай жолмен алатындар қатары азаймай отыр. Осыған байланысты қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңсыз көмек ұсынатын делдалдардың жолын кесу мақсатында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін алу рәсімдерін қатаңдату шараларын жүзеге асыра бастады.

Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде жүргізуші куәлігін оқымай, емтихан тапсырмай оңай жолмен алатындар қатары азаймай отыр

Нақтырақ айтсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметіне мониторинг жүргізуді бастады. Оған себеп жақында ғана әшкере болған бірнеше жыл бойы көлік құралдарын заңсыз ресімдеумен айналысып келген қылмыстық топтың құрықталуы болып отыр. Қазір осы іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, жүргізуші куәлігін беру рәсімдері қатаңдатылды.

Сондай-ақ, мониторинг барысында автокөліктерді тіркеу мен жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің шарттары анықталған.

Ақпараттық жүйелердің осалдығы, процестердің жеткіліксіз цифрландырылуы, көлікті тіркеу рәсімдерінің жетілдірілмегені, емтихандарды қабылдаудағы құқықтық олқылықтар, автомектептерде атүсті оқыту – осы факторлардың барлығы заңсыз делдалдық қызметтердің пайда болуына ықпал еткен.

Мониторинг нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолдаған. Қазіргі таңда ұсыныстардың жартысынан көбі орындалған.

Мәселен, Ішкі істер ми­нистрлігі өзінің барлық аумақтық бөлімшелерінде автокөлік құралдарының дерекқор базасына түзету енгізу мүмкіндігін тоқтатты.

Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсімі күшейтілді. Онда емтихан алушылардың міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процесін видеотіркеу енгізілді, емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді.

Қанатқақты режимде арнайы ХҚКО мен ІІМ-де жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мамандандырылған ХҚКО-ларда құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатындар әлі де болуы мүмкін. «Көмекшілердің» заңсыз қызметіне жүгінбей, егер сіз осындай фактілерге тап болсаңыз, 1424 қысқа нөміріне хабарласыңыз делінген ­Антикор мәлімдемесінде.

Сағи ОРАЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button