Елорда тынысы

Жәрмеңке жылуы



Сенбі-жексенбі күндері елордадағы «Шабыт» өнер университеті ғимаратының алдындағы алаңда Қызылорда мен Батыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Батыс Қазақстан облысы төрт түлік етін нарық бағасынан төмен сатты. Ал Қызылорда облысының дала еңбеккерлері бақша және дәнді дақыл түрлерін ұсынды. Сыр күрішін алуға асыққан астаналықтар ұзын-сонар кезекте тұрды. Асқабақ, картоп, пияз, сәбізді де қап-қабымен сатып алып, қысқа керекті азық-түлігін қамдады.

– Батыс Қазақстан облысынан 103 тонна тауар түрлері келді. Оның 70 тоннасы сиыр мен жылқы еті, 13 тоннасы шұжық және консерві өнімдері, 13 тоннасы ұн мен макарон өнімдері, 4 тоннасы өсімдік майы, 3 тоннасы сүт өнімдері болды. Қызылорда облысы 50 жүк көлігімен 460 тонна тартатын 60-қа жуық ауыл шаруашылығы тауарын әкелді. Оның ішінде 135 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері, 30 тонна көкөністер мен жемістер, 260 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитерлік өнімдер бар. Жалпы сомасы 200 миллион теңгені құрады, – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосман.

Жәрмеңкеге келушілер қарасы қалың. Бірі қауын-қарбыз алса, екіншісі күріш арқалап жүр. Біз бірнеше тұрғынмен тілдестік. Бекнұр Алпысбаев есімді қала тұрғыны: «Әдетте, қауынды таразға тартып сатып саламыз ғой. Мұнда бір данасын 500-1000 теңгеден алдық. Бәрінен бұрын бір қап күріш пен асқабақ алдым. Бағасы да қолжетімді» деді.

23-24 қыркүйекте Алматы және Жетісу облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер астаналықтарға өзінің өнімін ұсынады.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button